«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 741 мемлекеттік қызметтің 80 проценттен астамын жүзеге асырады. Корпорация қызмет түрінің сапалы, жылдам әрі жеңілдетілген түрде көрсетілуін басты назарға алған. Ең бастысы, тиімділігін танытқан пилоттық жобалар халық көңілінен шығуда.
Бұған біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалында өткен көшпелі брифингте көз жеткіздік. Жиында филиал директоры Айдын Қайруллаев атқарылған жұмыстың ауқымы кең екендігін атап өтіп, алға межеленген жоспарларын баян етті.
Мәліметтерге сүйенсек, биыл филиал өңір тұрғындарына 1 млн 200 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның 500 мыңнан астамы электрондық форматта ұсынылыпты. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында да облыстық әкімдікпен бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген. Соның нәтижесінде биыл 50 мыңға жуық адам цифрлық сауаттылық курстарынан өтіп, арнайы сертификатқа қол жеткізіпті. Бұдан бөлек, қаладағы ЖОО-да студенттерге қызмет көрсету орталықтары ашылған. Мұнда филиал мамандары қажетті қысқа мерзімді курстар ұйымдастырады.
– Биыл «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтер көрсеткіші 72 процентке артты. Бұл өз кезегінде тұрғындардың цифрлық дағдыларының жоғарылағанын білдіреді. Сонымен қатар корпорация ТМД елдері арасында алғашқы болып мемлекеттік қызметтердің проактивті қағидатын енгізіп отыр. Оңтайландыру аясында іске қосылған жоба арқылы проактивті форматта туу туралы куәлік рәсімдеуге болады. Жоба іске қосылғалы бері облыс бойынша сәбилі болған 6300-ден аса анаға SMS ұсыныс жолданды. Соның негізінде 5 мыңнан астам туу туралы құжат рәсімделіп, балабақша кезегіне 4000 бала тұрды. Жуырда облыстық миграциялық қызмет көрсету орталығының ашылуы көзделуде. Шетелден келген азаматтар бұған дейін салық мәселесі, ЖСН және медициналық анықтама алу үшін бірнеше жерге сабылып, 5-6 күнін жоғалтатын. Енді олар қажетті қызмет түрлерін «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады, – деді А.Бөкенбайұлы.
Филиал директоры бұдан былай көлікті электрондық үкімет порталында онлайн-режимде тіркеуге мүмкіндік барын жеткізді. Бұл жаңашылдық қызмет алушылардың уақытын үнемдеп ғана қоймай, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезекті азайтуға мүмкіндік береді.
Брифинг барысында цифрландыру жүйесі жемқорлыққа тосқауыл болатыны да айтылды. Расында, мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру – заманауи технологияның көмегімен қызмет сапасын жақсартып, жемқорлықтың тамырына балта шабуға сеп. Бұл ретте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ғалымжан Ілкібаев «Бүгінде жер және жылжымайтын мүлікті тіркеу мемлекеттік қызметтері «бір терезе» қағидаты бойынша ХҚО арқылы жүзеге асады. Осы секілді қызметтерді бір жерден алу мүмкіндігі өкілетті органдар мен азаматтар арасындағы тікелей байланысты болдырмайды, сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, әкімшілік кедергілерді азайтады» деген пікір білдірді.
М.СНАДИНҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<