Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы осы жылдың 7 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы баяндады.
Белгілі болғандай, бүгінгі күні ауданның жылдық бюджеті 15 млрд 162 млн теңгені құрайды. Бюджеттің жалпы кірісі 7 айға болжамдалған 8 млрд 648 млн теңгенің орнына 8 млрд 940 млн теңгеге немесе 103,4 процентке, оның ішінде өз кірісі болжамдалған 794 млн теңгенің орнына 1086 млн теңге болып, 136,8 процентке орындалған.
Ауданның өнеркәсіп орындарында есепті мерзімде 13 млрд 401 млн теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңге 100,6 процентті құрады. Табыстың басым бөлігі тау-кен өнеркәсібіне тиесілі бұл салада 7,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Аудан әкімінің айтуынша, өнеркәсіп өнімдерін өңдеу секторындағы өсу қарқыны 2013 жылдан бері тұрақты сақталып келеді. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде өсім 13,8 процентті көрсетуде.
Ауданда 4719 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7 процентке артық. Барлығы 7696 адам жұмыспен қамтылған.
– Бүгінгі таңда өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен жобалық құны 97,2 млрд теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның біріншісі, «Геджуба Шиелі Цемент» ЖШС-ның жобалық құны 64 млрд теңге тұратын жылына 1 млн тонна тампонажды цемент шығару зауыты болса, екіншісі, «Фирма Балауса» ЖШС-ның «Балауса Сауысқандық» кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және өндіру зауыты. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында аталған серіктестік 259,5 млн теңге болатын 58,4 тонна метованад аммонийін Ұлыбританияға экспортқа шығарды. Аталған кен орнын «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» жобасына сәйкес жыл соңына дейін 2,5 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарланған. Ал бірінші жобаны, яғни тампонажды цемент шығару зауыты жыл соңына дейін толық іске қосылатын болады, – деп атап өтті аудан әкімі.
Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Шиелі кентінен индустриялық аймаққа 96 гектар жер бөлініп, 6 бизнес жобаға 62 гектар жер телімі табысталған.
Әшім Оразбекұлының айтуынша, Елбасының биылғы Жолдауында көзделген цифрлық технологияларды қолдану бағытында бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, уран шикізатын өндіруші кәсіпорындарда цифрландыру жүйесі енгізіліп жатса, «Ақылды қала» жобасы аясында ауданда «Көшені ақылды жарықтандыру» жүйесін енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік электрондық картасын қалыптастыру жұмыстары 100,1 процентке жетіп, 29633 гектар жердің электронды сызбасы қалыптастырылған. Сонымен бірге, «Агробиржа» электрондық сауда сайты іске қосылып, оған 37 шаруа қожалығы тіркелген.
Ауданда есепті мерзімде 3,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 процентке артқан. Күріш дақылы жалпы егіс көлемінің 43 процентін құрайды.
Ауданда 201 қожалық пен 311 дара кәсіпкердің бірігуімен 37 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның ішінде биыл 6 кооператив құрылды.
Есепті кезеңде негізгі қорға барлығы 15 млрд 485 млн теңге инвестициялық қаржы салынып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есеге артқан.
Ауданда биыл 21 нысан салынды. Оның ішінде спорт кешендері, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, бассейндер бар.
Есепті кезеңде ауданда статистикалық мәліметтерге сәйкес экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны – 38298, оның жұмыспен қамтылғаны – 36415. Жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығына 1934 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 792-сі жұмысқа орналасқан.
Биыл аудандағы мектеп түлектерінің 35 проценті білім грантын иеленсе, 51 проценті түрлі оқу орындарына түскен. Яғни, түлектердің 98 проценті оқумен қамтылған.
Денсаулық, спорт, мәдениет салаларында да жоспарға сәйкес бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<