АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: ТАЛПЫНЫС ТАБЫСҚА ЖЕТЕЛЕДІ

363

0

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: ТАЛПЫНЫС ТАБЫСҚА ЖЕТЕЛЕДІ Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде агроөндіріс секторында дамудың тұрақты тенденциясы қалыптасты. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы айналымына 274 мың гектар жер телімі тартылды. Осы жылдарда сала кешенінің негізгі капиталына 11 млрд теңгеге инвестиция құйылған. Егер 2013 жылы ауылшаруашылық өнімін өндірушілеріне бар болғаны 215 млн теңге бөлінсе, тек өткен 2017 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5 млрд теңгеден асты. Бұл мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің өнім өндіру және қаржылық мүмкіндіктері бірнеше еселеп артып, дамығанын көрсетеді.
Аймақтың негізгі егіншілік саласында әртараптандыру бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда дақылдар көлемі 6 мың гектарға ұлғайды. Өткен кезеңдерге қарағанда картоп, көкөніс және бақша өндірісі қарқынды дами түсті. Мұның өзі нақтылы жемісін беріп, өткен жылы ауыл шаруашылығы өндірісінің өнім өсімі 4,1 процентке артты.
Сыр бойының басты бренді – күріштің гектар түсімділігі 7,6 центнерге көтерілуі есебінен өнім көлемі екі есе ұлғайды. Өткен жылы кезекті рекорд жаңарып, бұрын-соңды болмаған 502 мың тонна өнім жиналды. Күрішті экспортқа шығару жұмыстары жалғастырылуда.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекет тарапынан және ондаған несие қаржы ұйымдарынан тұрақты қолдау көріп отыр. Бір ғана мал шаруашылығын дамытуға соңғы бес жылда салаға тартылған инвестиция көлемі 23 есеге ұлғайған. Ал облыста мал басы өткен ғасырдағы ең көп болған уақыты – 1993 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 29,6 процент, жылқы – 50,4 процент, түйе саны 52,5 процентке көбейген, оның ішінде соңғы бес жылда ұйымдастырған шаруашылықтарда ет өндіру 2,8 есеге, сүт өндіру 1,6 есеге артқан. Облыс малшылары мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» және басқа бағдарламалар бойынша төрт түлік санын арттырып, оның өнімдерін өндіруде қолдау тауып отыр.  
Ауыл шаруашылығы кооперациялары арқылы соңғы жылдары мал шаруашылығын дамыту жаңаша қарқын алды. Соңғы бір жарым жылда құрылған 84 кооперативтің 70-тен астамы ет-сүт өндіру бағытында жұмыс істеуде. Бұл ең алдымен өзіміз тұтынатын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз қалайды. Өткен жылдан бастап буферлік аймақтан шығуымызға байланысты мал шаруашылығы өнімдерін Араб Әмірліктері мен Иран, Моңғолия елдеріне экспортқа шығаруға мүмкіндік алдық. Соңғы жылдары сала өнімдерін экспортқа шығару 37 процентке өсіп, оның ішінде күріш, бақша, көкөніс өнімдерін сыртқа тасымалдау артты.
Балық шаруашылығы облыс экономикасының маңызды саласына айналды. Балық аулау соңғы бес жылда екі есе көбейіп, 8 мың тоннаға жетті. Бүгінгі таңда оның экспорттық көлемі тең жарымына жуықтап, ТМД және Еуропа нарығынан орын ала бастады. «Байқоңыр» ӘКК күріш және балық кластерін дамыту мен мал өнімдерін өңдеуде сала еңбеккерлеріне тұрақты әріптестік орнатып келеді.
Облыста агроөнеркәсіпті кешенді дамытудың 2020 жылға дейінгі агрокартасы жасалған. Жоспар бойынша 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімін арттыру 2,4 есеге, оның экспортын ұлғайту 5 есеге межеленіп отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде салада атқарылып жатқан жұмыстар бұл көрсеткіштерге қол жеткізуге толық мүмкіндік береді.
Ж.ӘБІШОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<