АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ӘЙЕЛДЕР КООПЕРАЦИЯСЫ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛМАҚ

369

0

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ӘЙЕЛДЕР КООПЕРАЦИЯСЫ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛМАҚ Қазақстандық әйелдер мемлекет ЖІӨ-нің 40%-ын қалыптастырып отыр. 6 наурыз күні Орталық коммуникациялар қызметінде әйел кәсіпкерлігін қолдау және дамыту тақырыбына арналған баспасөз конференциясы өтті. «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова, Жамбыл облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова, Атырау облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожа, сонымен қатар ҚР Іскер әйелдер кеңесі мүшесі Гүлмира Шажанбаева, «Атамекен» ҚР ҰКП Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Шұға Наурызбаева іс-шараның спикерлері болды.

ҚР Парламентінде әйелдер үлесі 30%-ды құрайды. Ресми деректерге сәйкес мемлекеттік қызметкерлердің 55%-ы – әйелдер. Бизнес дамуына әйелдердің қосып отырған үлесі жылдан-жылға артып келеді. Қазақстандағы жеке кәсіпкерлердің 47%-ын әйелдер құрайды, заңды тұлғалардың 26%-ы, шаруа қожалықтарының 19%-ы қыз-келіншектер басқарады.

«Жалпы статистикаға қарасақ, әйелдердің 40%-ы ауылды жерде тұрады. Оларға барлығы жеткілікті деп ойлаймыз, алайда олай емес. Әдетте оқуға түспей қалған қызды бағы жанбай қалды деп айтады. Мүмкін, ол қыздың бағы үйде шығар. Осындай қыз-келіншектерге қолдау көрсетіп, кәсіпкерлікке баулығымыз келеді. Әйел азаматтары өзіне қажетті ақпаратты тез түсінеді. Бизнеске барам деген қыз-келіншектерге қолдау көрсетіліп отыр. Бір жыл болды Атамекен «Бастау Бизнесті» ауылға әкелді, көп жандар жобаларын қорғап, кәсібін ашты. Оған Үкімет қана емес, мына қоғам да атсалысып жатыр», – деді Лаззат Рамазанова. 

Іскер әйелдер кеңесі төрағайымының айтуынша бүгінгі күні қазақстандық әйелдер мемлекет ЖІӨ-нің 40%-ын қалыптастырып отыр. Мемлекет гендерлік саясат дамуына баса назар аударуда. Отбасын қолдау, нығайту және қорғау, ана мен бала өмірін сақтау – мемлекеттің отбасылық саясатының негізі болып табылады. 2009 жылдан «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заңы күшіне енді.

Кәсіпкерлікті, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мен дамыту «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басым бағыттарының бірі. Ұлттық палата кеңес беруші орган ретінде бірінші болып, өз алаңында Іскер әйелдер кеңесін құрды. Республиканың түкпір-түкіпірінде іскер әйелдер ахуалы жайында Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің мүшелері тарқатты.

«Ұлттық палата қалыптастырған жүйе мен кәсіпкер әйелдердің ынтасы арқасында біз аудандар мен ауылдық округтеріне дейін жеттік. Осылайша Іскер әйелдер кеңесі республика бойынша қанатын жайып, іскер қыз-келіншектер басқарып отырған 16 өңірлік кеңес пен аудан орталықтарында 170 кеңес беру бөлімшелері ашылды», – деді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова.

Сонымен қатар Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожа бизнестегі қыз-келіншектердің рөлі айында ой бөлісті.

«Атамекен» ҚР ҰКП Атырау облысынан Іскер әйелдер кеңесін бастап құрдық. Бүгінде кеңес бөлімшелері ауылдағы әйелдердің бастарын біріктіріп отыр. Кешегі әйел кәсіпкер бүгін үлкен кәсіпорын, зауыттың басшысы. Отбасы, балаларын сақтап қалу үшін жол дорбасын алып, нарыққа шықты. Сол қыз-келіншектер бүгінде ірі-ірі кәсіпорындарды ашып отыр. Іскер әйел барлығына үлгеріп отыр – бала тәрбиесіне де, қазан-ошаққа да. Күні бүгін осы әйелдер көмекке, қайырымдылық жасауға дайын тұрады. «Атамекеннің» іскер әйелдердің бәрін бір жерге жинауы, еңсесін көтеріп, күшін жұмылдыруы үлкен еңбек деп есептеймін», – деді Әлия Бекқожа.

Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесі 25 баланы қамқорлыққа алды, тіл оқыту, байқауларда сүйемелдеп, қамқорлыққа алып отыр. Жалпы іскер әйелдер қызметіне жергілікті әкімдік те жақсы баға беріп отыр. Әйелдің рөлі тек отбасында емес, жалпы қоғамда үлкен мәнге ие.

Наурыз айы басталысымен Таразда Іскер әйелдер форумы өтті. Бұл форум басқа формудардан өзгеше өтіп, ауылдағы қыз-келіншектердің басын біріктірді.

«Әдетте қорытындыны арулар өз мерекелеріне қарай жасайды емес пе, сондықтан форум 2 наурыз күні өтті. Қалалық әйелдердің тренерлер, білікті мамандармен кездесуге мүмкіндіктері көбірек, ал ауыл әйелдердің ондай мүмкіндіктері бола бермейді. Осы формуда кәсіпкер әйелдер өздерінің кәсіпкерліктегі біліктіліктері мен білімдерінің аздау екеніне көздері жетті. Өзекті сұрақтар қойылды. Елбасының кешегі айтқан сөзі іскер әйелдерді қолдауға бағытталғанын сездік», – деді Жамбыл облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалов.

Таразда өткен форумда индустриялық аймақтарды дұрыс қолдану, ЖОО-да кәсіпкерлікті оқыту бағдарламалары, ет-сүт өнімін сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу ұзаққа созылуы, қоғамдық білім беретін орталықтармәселесі көтерілді. Өңірлік әскер әйелдер кеңесі осы мәселелерді шешу бағытанда жұмыс істемек.

Баспасөз конференциясы барысында мегополис іскерлік кеңістігі, қала мен ауыл кәсіпкерлігінің айырмашылығы жайында ҚР Іскер әйелдер кеңесі мүшесі Гүлмира Шажанбаева баяндады.

«Әйелдердің мисссиясы – бала туу, тәрбиелеу, табысты ұрпақты қалыптастыру. Бүгінде Іскер әйелдер қозғалысы өкілі ретінде әйелдердің кәсіпкерлік қызметін дамыту мен жетілдіру жолында жүрміз. 2018 жылы біз Қазақ гуманитарлық заң университеті базасы арқылы әйелдерге өз бизнесіне жүйелі тұрғыда келуге көмектесу үшін тегін шеберлік сабақтар өткізбекпіз. Бұдан басқа біз стартап жобаларды қаржыландыру бойынша гранттар ұсындық», – деді спикер. 

Сонымен қатар Гүлмира Шажанбаева әйелдердің әлеуметтік жауапкершлігі жайында да ой бөлісті. Кәсіпкер әйелдер қайырымдылыққа уақыт пен қаржы жұмсайды. Әлеуметі төмен отбасыларға, жүкті әйелдерге көмек көрсетіледі. Іскер әйелдер кеңесі өз ресурсын тиімді пайдалану үшін барынша үлкен ауқымды қамтуді көдейді.

Өз кезегінде «Атамекен»ҚР ҰКП Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Шұға Наурызбаева Елбасының шағын несиелеу көлемін ұлғайтып, оны іскер әйелдерге беру керек екенін, әйелдер көбейтіп қайтаратын тілге тиек етті. Сонымен қатар спикер кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі мен қайырымдылық мәдениетін арттыруға бағытталған «Атамекенім» акциясына тоқталды.

Жалпы кәсіпкерлік тәуекелге баруды білдіреді. Жүзден он ғана адам тәуекелге барады, кәсіп ашады. Жалпы әйелдердің әлеуметтік тәуекелдері көп, кешегі жұмыс істеп отырған әйел, зейнетке шыққанда тәуекелдері көбейеді, әйел бала туса, қоғамнан тасада қалады. Міне осындай әйелдер өз мүмкіндіктерін СММ бизнесінде сынап көруі керек, бірақ бұл бизнес заңды тұрғыда тіркелу керек. Кәспкерлік – бұл арман-мақсатты жүзеге асыру мүмкіндігі. Бүгінде өңірлік деңгейде өңірлік салалық қауымдастықтарды құрылып отыр. «Атамекен» Іскер әйелдерінің кеңесі осы идеяны алға тартпақ.

Сонымен қатар баспасөз конференциясында ауыл-аймақта ауыл шаруашылық кооперативтері құрылып жатқаны айтылды. Әр аудан дамуы күн тәртібінде. Мемлекеттік органдар әр аудан орталығына скрининг жасауды ұсынады: көліктік логистикалық әлеуметі, инфрақұрылымы, өзге аудандардан басымдығы қандай?

«Осы ретте ауылдағы кәсіпкер әйелдердің мәселесі қандай? «Атамекен» ҚР ҰКП Әйелдер кооперациясын дамытуды ұсынады. Сауылған сүт, осы өнімді өткізу сынды кәсіпті коопарция негізінде жүзеге асыру керек. Бүгінде әлем бойынша 700 млн-ға жуық адам кооперацияларға жұмылдырылған. Осы кооперативте ақша тауып еңбектеніп жүрген адамдар сол кооперативтің даумына үлес қосады. Егер мал дәрігері болса, оның жанына шағын шаруалар жиналады. Маман ретінде дәрігер мал басы өсуіне, мал шарашылығындағы технология дамуына әсер етеді. Жекелеп көтере алмаймыз, жұмылу керек. Ауылда осы мәселе көтерілсе, халық әл-ауқаты да көтеріледі. Әйелдер кооперацияларын жетілдіру керек. 5 жыл ішінде тиімді тренингтер өткізіп, кооперациялық қозғаласты қолға алған жөн», – деп түйіндеді Лаззат Рамазанова.

 

www.atameken.kz 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<