АВТОБУС ПАРКІНДЕ – ЖАҢА ЖҮЙЕ

470

0

АВТОБУС ПАРКІНДЕ –  ЖАҢА ЖҮЙЕ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қызмет көрсетулердің автоматтандырылуы қолға алынып отыр. Солардың бірі  онлайн электронды билет. Бұл қызмет түрі көпшілік үшін таңсық. Сонда да пайдаланатындар қатары күн санап көбейіп келеді.

«Қызылорда»  Автобус Паркі» ЖШС-на жаңа электронды билет «OyBy» жүйесі енгізілгені мәлім. Автобус паркінде ақпараттық технологиялар жөніндегі маман Ибрагим Малыбаев осы қызмет туралы мәлімет берді. Жолау­шылар ұялы телефондары арқы­лы электронды билетті онлайн арқылы сатып ала алады. Ең бастысы онлайн электронды билет жүйесі экономикалық жағынан тиімді, статистикалық көр­сеткіштері нақты.

– Электронды жүйенің жұмысы тым қарапайым. Қызметті смартфоны бар кез келген жолаушы пайдалана алады. «OyBy» электронды билет жүйе­сін Android платформасындағы смартфон телефонға Play Market қосымшалар жинағынан, ал IOS жүйесіндегі телефондар AppStore-дан жүктеп ала алады. Сонан соң, теле­фон нөмірі арқылы тіркеледі. Oy­By мобильді көмекші жүктемесін орнатып, көмекші қосымшамен авто­бус салондарында орналасқан «QR» кодтар арқылы жол жүру ақысы «Beeline» байланыс жүйесінің бірліктері есебінен және кез келген банк картасы арқылы төленеді. Алдағы уақытта барлық ұялы байланыс түрлерінен де төлемдер жасалуға мүмкіндіктер қарастырылады, – деді ол.

Жолақы төлеуде комиссия ұстамайды. Электронды жүйеде қол­ма-қол ақшасыз қаржы ауда­рымдары айқын және процеске қаты­сушылардың тексеруіне қол­же­тімді. Төлемдер  тікелей парк орталығындағы басты жүйе арқылы сол мезетте қадағаланып отырады.

Алдағы уақытта, бұл кодтар ав­тобус паркіне тиесілі барлық автобус салондарына орнатылады. Әзірге  №1, 14, 18,  11, 17, 30 бағытындағы ав­то­бустарда бар.

Электронды билет жүйесінің бұл түрі еліміз бойынша Қызылорда  қаласында ең бірінші бо­лып қолданысқа енгізіліп отыр. Деген­мен, әлі де жетілдірілу үстінде. Жоба сәуір айының екінші жартысынан бастап қолданысқа енгізілгенімен, ха­лық жүйеге тез үйренді.

Айта кету керек цифрландыруға байланысты автобус паркіндегі жаңа­лық тек бұл ғана емес. Қазіргі таңда «Диспетчерлендіру» жобасы іске асырылып жатыр. Болашақта жолау­шылар электронды карталарда («Go­ogle­Map», «YandexMap» және т.б.) автобустың аялдамаларға жету уақыт­тары және келесі аялдамаға қан­ша минутта жететіні туралы ақпараттар көре алады.

Жүргізушілерге жол қағазы электронды түрде беріледі, бір айлық жүру және демалыс кестесі автоматты түрде бөлініп тұрады. Әр жүргізушінің өз магниттік картасы болады. Бұл картада GPS қондырғысы арқылы барлық ақпарат сақталады. Сол ақпараттарды дис­петчерлер қадағалап отырады.

Шынар БЕКБАН, 

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<