Айдарбек Сейітмұратов: «ӨЗ ІСІҢНІҢ ӨЗГЕНІҢ ИГІЛІГІНЕ АСҚАНЫН КӨРУДЕН АСҚАН БАҚЫТ ЖОҚ»

853

0

Айдарбек Сейітмұратов: «ӨЗ ІСІҢНІҢ ӨЗГЕНІҢ ИГІЛІГІНЕ АСҚАНЫН  КӨРУДЕН АСҚАН БАҚЫТ ЖОҚ»     Қызылорда облысы – «Өңірлерді дамыту – 2020», «Өз үйім» бағдарламалары бойынша республикада алдыңғы орынның бастаушысы болып келе жатқан аймақ. Қызылорда қаласының өзінде санаулы жылда 14 шағын ауданның бой көтеруі, міне, осының көрсеткіші. Еліміздегі индустриялық-инновациялық дамудың жаңа келбетке енуі де құрылыс жобаларының іске асуымен байланысты болып отыр. Елбасының құрылысты экономиканың локомотиві деп атауында терең мән жатқанын түсіне білген құрылысшыларды қашан да еңбек майданының алдыңғы легінен көріп келеміз. 

Еңбектегі

алғы шептің ерлері

Тарихтан адамзат игілігін қиратушы, тоқы­ратушы дәуірлердің өткенін білеміз. Құрылысшы мамандығы – қайта жасаушы, жаңартушы адам­дардың қауымдастығы. Құрылысшы қолы бол­маса, өмір өзгермес еді, тіршілік түлемес еді. Адам жаны екі жағдайда тыныш – дені сау болса, баспанасы болса. Сондықтан денсаулық сақшыларын «ақ желеңді абзал жандар» деп ардақтап, құрылысшыларын құрмет тұтқан қоғам оларды «алтын қолды» деп дәріптеген. Дәл осындай көңіл мақтауын арнағымыз келіп отырған «ҚазҚұрылыссервис» ЖШС тұлғасы қандай марапатқа да олқы түспейді.

Өміршең саланың табысын өрге сүйреп келе жатқан құрылыс компанияларының бірі – «ҚазҚұрылыссервис» серіктестігінің аты  өңір жұртшылығына жақсы таныс. 1-ші санатты мемлекеттік лицензиясы бар серіктестік өзі құрылған 2006 жылдан бері 40-қа жуық нысан­ның бой көтеріп, осынша нысанның күрделі жөндеуден өтуіне, инфрақұрылымдар мен ауызсу жүйелерінің қайта жаңғыртылуына тікелей жұмыс жасады.

Мысалы, Шиелі ауданы Қосүйеңкі ауы­лындағы мектеп пен балабақша, Қызылорда қаласы Жап­пасбай батыр көшесіндегі екі 50 пәтерлік үй, Жосалы кентіндегі 250 адам қабыл­дауға ар­нал­ған емхана, Әйтеке би кентіндегі 150 төсектік аудандық аурухана, Жаңақорған ауданы Қожамберді ауылындағы 200 орындық мектеп, көптеген елді мекендердегі медициналық тіректер – серіктестіктің серпінді жұмыстарының нә­тижесі.

Мекеме облыстан тыс жерлерге де барып, құрылыс жұмыстарын орындап жүр. Мұның өзі оның беделі мен білікті қызметін айғақтайды.

Компания  құрылыс саласының барлық талап­тарын орындауға бейімделген.

Жұмыстың сапалы жүруіне 50-ден астам құрылыс механизмі мен автокөлік құралдары қызмет етеді. 200-ге жуық жұмысшы-қызметкер еңбек ететін ұжым басшылығы өз мүшелерінің әлеуметтік жағдайын шешуді де жолға қойған.

Тапсырылған нысанды мерзімінде әрі сапалы аяқтаған учаске басшыларын марапаттап отыруды дағдыға айналдырған серіктестіктің бас директоры Айдарбек Сейітмұратов мекеме табысын өз қызметкерлерінен аяған емес. Жұ­мыс­ты үлгілі ұйымдастырғандар астына көлік те мініп жатыр.  

 Ұжым басшысы болашағынан үміт күттіретін жас мамандардың білімін көтеруді, тұрмысын түзеуді өзінің бір міндеті санайды.

Сонымен бірге, компания қайырымдылық жасаудың сауабын да ұмытқан емес. «Иман-2013», «Рухқа тағзым», «Сырдария» қоғамдық қорларына, дзю-до федерациясының облыс бойын­ша қоғамдық бірлестігіне, облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығына, ден­сау­лығында кінәраты бар балалар қорына, басқа да мұқтаждықтарға қаржылай көмек қолын соз­ған мекеменің бұл ізгілікті ісі көпке үлгі.

Мекемедегі қызметкерлерінің бір ауыздан об­лыс айнасы – «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести»  газетіне жазылатындығы да біз үшін олардың туған жерге деген сүйіспеншілігінің бір көрінісі секілді сезілді.

Серіктестіктің  жұмысында да, ұжымның ішкі ауызбіршілігінде де – бас инженер Өтепберген Рахманбаев, бас бухгалтер Жадыра Ахантаева, есепші Нұргүл Оразова, бөлім басшысы Хатира Тұяқбаева, бас механик Сейітбек Сейітмұратов, учаске басшылары Владимир Ким, Бақыт Қозыбаев, қойма меңгерушісі Азамат Құрманов, менеджер Нұрдәулет Төребеков сияқты тәжі­рибелі мамандардың өз орны бар.

Олар – ортақ істің абыройын асырып, көптің жұмысын жеке мүдделерінен биік қоя білген білікті мамандар.

Көз қорқақ, қол батыр,

ой алыс, іс жақын

                                                                                     

Жас күнінен еңбекпен жетілген Айдарбек Сейітмұратов та – ауыл баласы. Әкесі Ештай ақсақал «Құлдай қимылда, бидей іш» деп айтып отырушы еді. Осындай сөзді санаға тоқыған ойын баласы барлық нәрсенің еңбекке тәуелді екенін танып өсті. СССР-дің 50 жылдығы атындағы кеңшардың орта мектебін алтын медальмен бітірді. 1982-ші жылы Шымкент денешынықтыру және спорт техникумына оқуға түсті. Туған ауылына келіп, мектепте сабақ берді. Мұнан кейін Қызылорда пединститутын қызыл дипломмен бітіріп, инженер-механик мамандығын алып шықты.

Елге пайдам тиеді деген мезгілге келіп жеткенде қоғам өзгерістерге ұшырап, өмір салты мүлде басқа арнаға бұрылды. Тіршілік тіні арқандай тарқатылып, жұмыссыз қалған жұрт тұрымтайдай тұрмысын күйттеп кетті. Совхоздың жұмысымен күн созып тірлік кешкен жұрт нарық қос бүйірден қысқанда қай жаққа қарай жүрерін білмей дал болды. Айдарбек дәл осы кезде кәсіппен айналысу керек екенін ұқты. «Мектепті алтынға, институтты қызылға бітіргенім тамақ тауып, ішіп-жеуге ғана жарағаны ма?» деп ойға қалған жас жігіт алдына нақты мақсат қойды. Ең болмаса алақандай ауылға пайдамды тигізейін деді.  

Сөйтіп, ол алдымен ауыл ортасынан дүкен ашып, азық-түлік, киім-кешек әкеліп сатты. Ол кезде бағасы арзан жер іздемейді, бар жер іздейді. Бірде қолындағысына құн қосып сатса, кейде «рахметке» беріп кетеді. Әйтеуір пайдасыз болмайды. Бірақ ұсақ сауданың айна­ласында қалып қойғысы келмеді. Келе-келе, жүк кө­лік­терін жалдап, солтүстік об­лыс­тарға күріш апарып, жаңа жұмыс бастады.

Баяғыда үлкен кісілер «көз қорқақ, қол батыр» деу­ші еді, бастаған жұмысын орта жолдан тастауға табаны тай­майтын Айдарбек сапар қиындығының небір азабын тарт­ты. Ойлағанда алыс сияқ­ты болып көрінетін нәрсесі іс күйінде көз алдына келгенде оның бәрінің ұмытылып кете­тіні де бар.

Сол өмір тәжірибесі үлкен мақсатқа ұмтыл­дырды. Құрылыс серіктестігін құру идеясы туды.

Бұл мекеме де төрт аяғын тең баса қалған жоқ. Қаншама қиындықпен бетпе-бет келді. Алғашқы кезде әркімнің баспанасын, оған қоса керек-жарақтың бәрін жалдап пайдаланғанын кімнен жасырсын.

Бірнеше ай­лап жұ­мыс тоқтап қа­латын. Осы кезеңде ма­ман тұ­рақ­тамайтын меке­ме­лер көп болды, өйт­кені олар қайда жұ­мыс болса, сонда жүре беретін. Жақсы маманнан айырылмау ке­рек, олардың өзі қызмет істеп жат­қан мекеменің бола­шағына деген се­­ні­­мін жоғалтпау ке­рек. Сондықтан ме­­кеме басшысы Ай­дар­бек қолындағы тех­ни­каларды сатып, маман­дарға айлық беріп тұрды.

Қазір Айдарбек Ешмұ­ратов басқаратын құрылыс мекемесі алыс-жақын әріп­­тестері ара­сында мойын­далған. Бұ­­рын­ғы­дай біреуден бір­­деңе алмайды, жал­да­май­ды. Үй соқса, есік­ті де, тере­зені де өзі соғады. Бетонды да қоса құяды. Жол жөндесе де, барлық керек-жарағы өз иелігінен табылады. Құрылыс заттарының өндірісін қоса алып жүрген мекеменің жұ­мы­сы да  тоқтамайды.

 Білікті басшы – үл­гілі отбасының да иесі. Зайыбы Ақманат Ма­нар­баева  мекеменің қар­жы директорлығы қызметін атқарып, өзімен қанат­тасып келеді. Екеуі екі ұл, бір қыз өсіріп отыр.

Кейде балаларының ортасында отырып, әкесінің тәлімді сөздерін еске алады.  «Құлдай қимылда, бидей іш» деген заманына  жеткен секілді. Бірақ, ешқашан тоқмейілсіп көрмеді.

Ендігі парызы – сол асылдардан алған адамдық құндылықтарды балаларының бойына сіңіру.

Сол жағалаудан соққан жылы леп

Бұрын Сырдарияның қала жақ бетінен қарағанда дария толқынынан мүжілген жарқабақ пен мүлгіген тоғай ғана көрінуші еді. Осы күндері сол жағаға қайта-қайта көз салатын болдық. Күн сайын етегі жазылып, еңсесі тіктеліп келе жатқан сол жағалаудағы Қызылорданың жаңа бейнесін көргенше асығатын секілдіміз.

Ен дарияның ағысы мен еңбек ырғағы жарыса толқыған аймақтан біз алдағы жылдары әкімшілік, мәдени-спорттық, сауда орындарын, «Болашақ» университетінің заманауи ғимаратын, балабақша, мектеп, емхана, дендросаябақ, мегаорталық, 3 млн шаршы метрді құрайтын тұрғын үй аудандарын көретін боламыз. 

Осы көзайым жетістіктерге біз айтып отырған «ҚазҚұрылыссервис» серіктестігінің де қосып отырған үлесі бар.

Жақында сол жағалаудың жұмысы қызып жатқан алаңдарының біріндегі Айдарбек Сейіт­мұратов басқаратын серіктестік салып жатқан №6 бесқабатты, 38 пәтерлі үйдің құрылысымен таныстық. Алдымен мекеме басшысының өзімен сұхбат құрдық. Мекеменің кеше мен бүгіні туралы біраз әңгімелеген басшы «өз ісіңнің өзгенің игілігіне асқанын көруден асқан бақыт жоқ» деді сөз ішінде. Бұл сөздің астары мен әсерін ашу үшін көптің пайдасына жарайтын іс орындау керек екенін біз де жақсы ұғамыз.

Мұнан соң бас директор бізді құрылыс­шылармен жүздестірді. Шүберек ораған беттерін ашқанда жүзінен қанағат сезімі аңғарылған адам­дардың өз жұмыстарына риза екендіктерін анық көрдік.

Бесқабатты үй бой көтеріп, ішкі жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Құрылыс басында учаске басшысы Райбек Нұрмахановпен жолығып, әңгі­меге тарттық.

– Жаңа қалаға қосып жатқан сый-үлестеріңіз құтты болсын. Бұл, біздің білуімізше, өз қаражат­тарыңыздың есебінен салынып жатқан үй болар?

– Иә, солай. Осыдан біршама уақыт бұрын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кәсіпкер азаматтарды жинап, туған қалаларына өз үлестерін қосуды айтқан. Ұсынысты құптаған жеке мекеме басшылары арнайы келісім арқылы игі бастамаға кірісіп кетті. Қазір осы сол жағада 18 құрылыс мекемесі бір-бір бесқабатты үйді салып, тұрғындар игілігіне беру үшін тер төгіп жатыр.

Біздің мекеме бұл үйдің құрылысын былтырғы жылы мамыр айында қолға алған еді. Қазір, міне, ішкі әрлеу, электр жүйесін жүргізу жұмыстарына кірістік. Әкімдікпен арадағы келісім бойынша мекеме 1-3 қабаттағы пәтерлерді сата алады. 4-5  қабаттағы пәтерлерді әкімдік кезекте тұрғандарға немесе мұқтаж отбасыларына береді. Бұл үйдің 28 – пәтері 3 бөлмелік. Қойылған баға – шаршы метріне 120 мың теңге. Бұл – Қазақстан бойынша пәтер құнындағы ең төменгі баға.

Осы жазда үйге газ, су жүйелері толық қосылады. Сонымен бірге балаларға арналған алаң, автотұрақ салып, көгалдандыру жұмыс­тарының барлығын атқаратын боламыз. Үйдің сырт бетіндегі астыңғы қабатынан 404 шаршы метрді құрайтын кең орын қалдырып отырмыз. Сауда жасауға ыңғайланып салынған қосалқы бөлмелерді шағын кәсіпкерлікпен айналысам деген азаматтар ала алады.

– Үйдің сапалылығына қатысты не айтасыз?

– Бұл – басты мәселе. Бұған компания бас­шысы ерекше мән беріп отыр. Төзімді кірпіштер алынып, үйге бағасы қымбат есік-терезелер орнатылды. Сонымен бірге біз қыс айында жұмысты тоқтата тұрдық. Сапаға байланысты мұның да өз ролі бар.

***

Бірнеше техниканың үні мен шаңы араласып әңгімеміз үзілді де,  бізбен аз ғана сөз алысқан құрылысшылар басшысы қызу іске араласып кетті.

Маңдайымызды ұрлана сипап өткен жылы леп «бұл жердің сәні мен әнін естисің әлі-ақ» деп сыбырлағандай болады.

Ал, оны біз естірте айтамыз. жаңа Қызылорданың көркем келбетімен қауышатын боламыз. Осы жол, осы жобада еңбек күшін аямай жұмсап келе жатқан 18 құрылыс компаниясына халық разы. Сол компаниялардың бірі – «ҚазҚұрылыссервистің» қарқынды жұмысы қай тұрғыдан да мақтау қолпашқа лайық.

Дегенмен, біздің негізгі ойымыз мақтан сөз айтудан әрірек. Дұрысырағы, елім деген азаматтың ізгі ісін көпке паш ету. Сол арқылы өнеге тарату. Заманымыздың әрбір азаматы осындай болса, онда мәңгілік еліміздің болашағы да жарқын.  

 

 Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

К.Денисов (сурет).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<