АЙМАҚ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ КЕЛЕШЕГІН КЕМЕЛДЕНДІРЕДІ

715

0

АЙМАҚ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ КЕЛЕШЕГІН КЕМЕЛДЕНДІРЕДІКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Астанадағы медиа орталықта өткен брифингіне қатысуға келгендер ең алдымен аймақтың экономикалық көрсеткішін таныстыратын көрмені тамашалады.
Қаз-қатар қойылған экрандардан облыстың үдемелі-индустриалды даму барысы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы, металлургия, күріш кластерін дамыту мүмкіндіктері жайлы мәліметтер берілді. Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Имандосов журналистерге Елбасы бастамашы болған Үдемелі даму бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысы жөнінде сұхбат берді. Астаналық журналистерді 660 бас ірі қараны шоғырландырған сүт фермасы жайлы ақпарат қызықтырды. Еліміз оңтүстігіндегі ауқымды жобаның бірінен саналатын сүт фермасын дамытудың екінші кезеңінде асыл тұқымды сиырлар саны 1200 басқа жетеді деп жоспарлануда. Осылайша Сыр өңірінде өндірілген сүт өнімдері республиканың өзге аймақтарына жол тартады. Сонымен қатар, республикалық БАҚ өкілдері Қазақстан мен Қытайдың экономикалық байланысын одан әрі дамытуға арналған шара аясында қол қойылған шыны зауытының құрылысы жайлы да мәлімет алды. Жалпы құны 19 млрд. теңге болатын зауыт жылына 187 мың тонна шыны тақтайшаларын шығарады. Қазір зауыт құрылысын жүргізу үшін 760 гектар аумақ белгіленіп, инфрақұрылымы жүргізілуде. Жүздеген адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін өндіріс орнын салу жақын арада басталады. 
Облыста соңғы жылдары шағын және орта бизнес нысандарының қатары 26,4 пайызға өсіп, оларда жұмыс істейтіндер саны 10 пайызға артқан. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 66 жобаға 1,7 млрд, теңге субсидия берілді. Еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері облыста туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы мәлімет алды. Қамыстыбас көлін ірі туристік орталыққа айналдыру үшін жалпы құны 16 млрд. теңге болатын жобаны жүзеге асыру қолға алынды. 
Көрмеде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жазира Жылқышиева да сұхбат беріп, астаналық журналистерді облыста «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Көрмеге қатысқандар өңірде химия өндірісі, «Жасыл экономика» бастамасы бойынша электр энергиясын өндіру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайлы толық мағлұмат алды. 
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ.
Астана.
***
Қызылорда облысының әкімі Қ.Е.Көшербаевтың брифингте сөйлеген сөзінен
Кеше Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің базасында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз мәслихаты өтті. ОКҚ-ның ресми өкілі Алтай Әбибуллаев Сыр өңірінің барша қазаққа рухани әрі мәдени ұйтқы болған, Алаштың анасына айналған аймақ екенін атап өтті.
Сыр топырағы – жазда аптап, қысы қатаң болып келетін, түрлі контрастар (құбылыстар) тоғысқан мекен. Мұнда қазақтың ежелгі өмірінен хабар беретін қарапайым ғана киіз үй мен көк кеңістігіне жол тартқан ғарыш кемелерін қатар көруге болады. 
Көне тарих және Ұлы даланың сақшылары – мәдени мұра ескерткіштері дәл осы Сыр жағалауында түрлі оқиғалар өткенінен хабар береді. Сондықтан да мұнда бұрынғы мен бүгінгі арасындағы уақыт кеңістігінде дәстүрі мен салтына адалдығын жоғалтпаған қарапайым жандар тұрады. 
Жұмақ іздеп жер-көкті кезген Қорқыт бабаның да тәңірмен тілдесу үшін осы топырақты таңдағаны тегін болмаса керек…
Бүгінгі таңда Қызылорда облысы несімен танымал?
– Қорқыт ата кесенесімен. 
– Әрине, Байқоңыр ғарыш кешенімен.
– Арал өңірінің экологиялық мәселелерімен.
– Бізде мұнай мен уран өндіріліп, күріш өсірілетіндігінен көпшілігіңіз хабардарсыздар.
– Соңғы уақытта «Протон-М» зымырантасығышының апаты туралы көп талқыланғаны да өздеріңізге аян.
Бұл – өңір үшін ең өзекті деген мәселелердің бірден-бір парасы ғана. Енді осы мәселелерге жеке-жеке тоқталайық. 
Соңғы жылдардағы аймақ экономикасының даму деңгейі республикамыздың даму көрсеткіштерінің көш соңында келеді. Оған 2012 жылы аймақтарға жасалған рейтинг бойынша облыстың даму деңгейі 16-орын алуы сөзімізге айғақ болады. 
Десе де, еліміздің Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың алты айлық қорытындысымен Қызылорда облысы инвестиция, құрылыс, салық түсімдері бойынша көш басына шықты. Әрине, бұл – біз үшін жақсы нәтиже! Дегенмен, бұдан өңірде тұрақты даму тенденциясы қалыптасты деп байлам жасауға болмайды. Бізді алаңдататын бірден-бір мәселе – облыстағы бірқатар мұнай компанияларында шикізат қорының азайып, мұнай өндіру көлемінің төмендеуі. Бұл жағдайға ұжымдардағы жаңа кеніштерге геологиялық барлау жүргізілмегені, өндіріске жаңа технологиялардың пайдаланылмай отырғаны және еңбек өнімділігінің артпауы себеп болып отыр.
 Мәселенің маңыздылығына тоқталып өтейін. Аймақ экономикасын әртараптандырып, өңдеуші сала аяққа тұрғанша, мұнай-газ және уран өнеркәсібі (өндірістің 93,4%) қазіргі таңда өңір экономикасының жалғыз қозғаушы күші болып қала бермек. Жалпы, облысты қарқынды дамытуға негіз де бар, мүмкіндіктер де мол. Қолға алынған өндірістік жобаларды жүзеге асыра алсақ Сыр өңірінің экономикасы өркендеп, әлеуеті артады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев дәл осы міндеттерді жүзеге асыруды тапсырған болатын.  
Жыл басынан бері аймағымыздағы кәсіпорындар мен өндірістерде 6 мыңнан астам адамға жұмыс орындары ашылды. Аймақтағы жұмыссыздық деңгейі республикалық көрсеткіштен салыстырмалы түрде төмен.
Шағын несие беру жүйесі ауылдағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Биылғы жылы осы мақсатқа 3 миллиард теңге қаржы қаралды. 
Тұтыну нарығындағы баға тұрақты. Негізгі азық-түлік тауарлары мен коммуналдық қызмет тарифтерінде өсімге жол берілген жоқ. 
Экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны (жеті ай ішінде 16 пайыздан жоғары) байқалады. Осы саланы одан әрі дамытуға қажетті шикізат көзі жеткілікті. Аймақта мыс пен мырыштың, алтын мен молибденнің, цирконий мен титанның мол қоры бар. Одан өзге, Сыр бойында сирек кездесетін металдар мен полиметалл қоры көп. Шалқия қорғасын-мырыш өндірісі еліміздегі ірі кеніштердің санатына жатады. 
Шиелі ауданындағы ванадий өндірісі бүкіл әлемдегі бес ірі кеніштің қатарына кіреді. Сарапшылардың есептеуінше, аймақтың бұл өнімі әлемдік сұраныстың 10 пайызын қамтамасыз етуге толық жетеді. 
2015 жылға қарай облыста өндірілетін уран көлемі республикалық көрсеткіштің негізгі бөлігін құрағалы тұр. 
Мамандардың байламы бойынша бұл жайт аймақта металлургиялық кластер қалыптастырып, экономиканы дамытуға негіз болады. Тұтастай еліміздің әлеуетін өсіруге де септігін тигізеді. 
Одан өзге, облыста шыны, цемент, құбыр зауыттарын және де басқа жаңа өндірістерді салу жөніндегі жобалар қолға алына бастады.  
 Қазір ауыл шаруашылығында егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Өңір үшін күріш шаруашылығы –стратегиялық маңызы зор сала. Біріншіден, ауыл халқын жұмыспен қамтудың мәселесі шешіледі (облыс тұрғындарының жартысынан көбі ауылда тұрады). Екіншіден, суармалы жерде, ауыстырмалы технология арқылы (севооборот) топырақ экологиясын сақтауға мүмкіндік туады. 
Облыстың 3 ауданында ғана өндірілген күріштің бүкіл Қазақстан аумағының сұранысын өтеуге жетіп артылатынын да айта кетуге болады. Жалпы, жыл сайын облыс диқандары 285 мың тоннаға жуық күріш өндіреді, бидай, бау-бақша, т.б. өсімдіктерді де егеді.  
Биылғы жылы «Байқоңыр» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы арқылы күріш шаруашылықтарының экономикалық жағдайын түбегейлі жақсартудың алғашқы нәтижелі қадамдарын жасадық. Сонымен қатар, әртүрлі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер Үкіметтің «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында қолдауға ие болуда. 
Мысалға, «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының мүмкіндігін пайдалану арқылы өңірде күріш кластерін дамыту жобасын қолға алдық.
Ет бағытындағы мал шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамыту да назардан тыс қалмайды. 
Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында жаңа экономикалық саясаттың бағыты бірінші кезекте экономикалық тиімділік пен ұзақ мерзімді мүдделер тұрғысынан қарау айқындалған. Осы орайда қабылданған барлық экономикалық және басқару шешімдері де соған бағытталуы тиіс. Біздің де мақсат-мүддеміз осы бағытпен үндеседі.
Алдағы уақытта облыстың әр ауданында тірек ауылдарды кешенді дамыту жобасы қолға алынады. Барлық қаржы көздерінен түсетін табысты шоғырландырып, осы арқылы айқындалған елдімекендердің әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерін шешудің батыл қадамдары жасалады. Ең бастысы – бұл жаңа жұмыс орындарын құрып, бірқатар тіректі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 
Бірнеше жылдың ішінде, облыс аумағында бар жағдайы жасалған, әлеуметтік стандарттары заманауи талаптарға жауап бере алатын, ең бастысы тұрақты да, табысты жұмысы бар 20-30 ірі ауыл пайда болса, міне, осы елді мекендер экономикалық өсудің ұйтқысына айналып, ауылдың қарқынды дамуына септігін тигізетін болады. Біздің ойымызша, бұл аудандар дамуындағы әркелкілік диспропорциялар проблемасын жүйеге келтіріп, облыс аумағындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың теңесуі жолындағы тиімді қадам болмақ. Бұдан ұтарымыз – ауыл халқының тұрмыс жағдайы жақсарып, әсіресе, жастар тұрақты жұмыспен қамтылады. 
Бұған қоса, Мемлекет басшысының ауыл әкімдеріне қосымша өкілеттілік жүктеп, құзыретін күшейтуі сөзсіз ауылдық аумақтарды дамытуда өте маңызды және дер уақытында қабылданған шешім болды деп ойлаймыз. 
Облыс инфрақұрылымы дамыған аймақтардың қатарына кіреді. Барлық аудандар Сырдария өзенін жағалай қоныстанған болса, «Алматы-Мәскеу» теміржол желісі де, «Самара-Шымкент» көлік жолы да барлық аудандардың қақ ортасынан өтеді. Одан өзге, «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі де салынып жатыр. (Биылғы жылы облыс аумағындағы ұзындығы 812 шақырымды құрайтын құрылыстың 85 пайызы аяқталады). 
«Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол желісі іске қосылғанда Қызылорда облысы тоғыз жолдың торабына айналып, транзиттік әлеуеті өседі. 
Қызылорда әуежайында уақыт талабына сай халықаралық жолаушылар терминалы салынатын болып жоспарлануда. Байқоңыр қаласындағы екі әуежайдың мүмкіндіктерін пайдалануды осы бастан ресейліктермен ойластырған жайымыз бар. 
Осының барлығы аймақтың транзиттік әлеуетін қалыптастырады. Қатынас қалыптаспаса, бизнес кенжелейді, инфрақұрылым болмаса, экономика өсіп-өркендемейді. Нарықтың айнымас қағидасы осы!  
Бұл мәселеге неге айрықша назар аударып отырмын? Себебі, Қызылорда облысындағы елді мекендердің 85 пайызы теміржол және халықаралық көлік жолының бойында орналасқан. Осы географиялық тұрғыдағы артықшылығымызды экономикалық тиімділікке айналдыра білуіміз тиіс. 
Ал, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры өңірді «көгілдір отынмен» толық қамтып қана қоймай, аймақ экономикасына тың серпін беретіні хақ. 
Төрткүл әлемде экономикалық өсім бәсеңдеген тұста, Елбасы бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалар аймақтардың экономикалық қуатын арттыруға септігін тигізуде. Біздің облыс соған мысал болуға тұрарлық.  
Ұлттық компаниялардың да жүргізіп жатқан жұмыстары мен жоспарлары аймақтың дамуына үлкен септігін тигізіп отыр. Мәселен: 
– «Самұрық-Қазына» қоры Шалқия кенішіндегі мырыш өндірісі жобасын дамытуға мүдделі.  
– «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» 2020 жылға дейін облыс экономикасына 300 млрд. теңге инвестиция салуды жоспарлады. 
– «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы аймақтағы уран өңдеу көлемін арттыруды көздеп отыр. 
– Жаңадан құрылған «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі өңірдегі ірі индустриялдық жобалардың жүзеге асуына атсалысуда. 
Айтпақшы, біз Сіздерді 13-14 қарашада Қызылорда мен Байқоңыр қаласында өтетін екінші «Байқоңыр» инвестициялық форумына қатысуға шақырамыз. 
Әлбетте, экономиканы дамытып, әртараптандыру үшін білімді де білікті мамандар мен өнеркәсіп саласына қажетті кадрлар керек. Бұл орайда Қорқыт Ата атындағы аймақтық университеттің маман дайындаудағы бағыты біршама өзгеріп, техникалық кадр даярлау ісіне басымдық беріледі. 
«Қазақстан-2050» Стратегиясындағы «инженерлік білім жүйесін дамыту мен халықаралық үлгідегі техникалық мамандарды даярлау» бағытына сәйкес осы мақсаттағы жұмысымызды қайта құруды қолға аламыз.  
Сондықтан, біз Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетімен бірлесе аймақтық университетте жаңа мамандықтар мен кафедра ашу мәселесін қолға аламыз. Дәл осындай жұмыс Мәскеу авиациялық институтының Байқоңыр қаласындағы филиалымен де жүргізіліп, аймақта халықаралық стандарттарға сай мамандар дайындайтын оқу орындарының тізбегін қалыптастырғымыз келеді.  
Сұранысқа сай мамандарды дайындауды мемлекеттік және жеке әріптестік шеңберінде жүзеге асыруға да болады. Мәселен, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық Атом Компаниясы және облыстағы мұнай компаниялары салалық колледждер ашуға мүдделі екендіктерін білдірді. Біз бұл орайда, Мемлекет басшысының «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бағытындағы саясатына қолдау көрсетіп отырған бизнес қауымдастығына ризашылығымызды жеткіземіз.
Биылғы жылы біз жалпы орта білім беру жүйесіндегі үш ауысымда оқыту мәселесін толықтай шешетін боламыз. Оқу жылының қарсаңында «Назарбаев зияткерлік мектебі» Қызылорда қаласында да ашылды. Білім саласына байланысты нақты шешімдер қабылдануда. 
Біздің балаларымыздың 80 пайызға жуығы қазір бала-бақшаға барады. «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру барысында барлық балаларға тәрбие мен мектепалды білім беру мәселесін жоспарға сәйкес 2020 жылға дейін емес, қайта 2015 жылдың аяғына дейін шешу міндетін алдымызға қойып отырмыз.
Денсаулық сақтау мәселелері де өз шешімін табуда. Мысалға аймақта проблемасы көптеу деген аурулар түрімен күресу үшін біз арнайы «Жол картасын» қабылдадық, бірінші нәтижелерге де қол жетуде.
Қызылорда жері мәдени мұраға бай ел. Өйткені, бұл жер түрік өркениетінің рухани әкесі – Қорқыт атаның елі. Бүгінде бұл жер түрік мәдениетін зерттеп, оған зиярат ететін орталыққа айналуда. Сіздерді, құрметті журналистер мүмкін сақтар көсемдерінің резиденциясы Шірік Рабат, оғыздардың астанасы – Жанкент, ұлы қыпшақ империясының астанасы Сығанақтың орналасқан жері қызықтыратын шығар. Оның үстіне іргетасы 1817 жылы қаланған, 1925 жылы Қазақ ССР-нің бірінші астанасы болған Қызылорда қаласы туралы да білу артықтық етпес. Мұның барлығы аймақтың туристік әлеуетінің мол екенін аңғартады.
Елбасы тапсырмасына сәйкес «Байқоңыр» ғарыш кешені «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесіне келетін меймандар мен қатысушылардың назарына ұсынылатын нысандардың қатарына қосылмақ. Бұл бастама қаланы дамытуға ерекше септігін тигізіп, әлемнің әр түкпірінен туристердің ғарыш айлағына ағылуына жол ашылып, Қазақстанның брендіне айналады.  
 Байқоңыр қаласының ертелі-кеш аймақтың экономикалық өсуінің қозғаушы күшіне айналатыны анық. Байқоңыр инвесторлар үшін тартымды шаһар. Онда кәсіпорындар ашуға мол мүмкіндік бар.
Мұнда:
– Бос өндіріс алаңдары,
– Дамыған инфрақұрылым,
– Қосалқы энергетикалық қуат көзі, 
– Тұрғын үй қоры, т.б бар. 
Осыншама мүмкіндікке ғарыш айлағында Ресейдің әскери жобаларының қысқаруы себеп болды. 
Біз осы қалада болашақ Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Ресейдің жоғары технологиялы компанияларымен бірлесе жұмыс істеу бағытында әріптестік орнатамыз. 
Өңіріміздегі экологиялық мәселеге қатысты бірер сөз. Әлем халқы соңғы ондаған жылдар бойы Арал теңізінің тартылуын орны толмас апатқа балап келген болса, қазір теңіздің Солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасы жайлы тамсана сөз етеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамашы болған жобаны жұмыр жердің болашағына алаңдаған жаһан тұрғындары ғасыр жобасы деп атауда. Мысалға: жобаның бірінші кезеңі теңіздің Арал қаласынан 74-тен 17 шақырымға дейін қайтуына себеп болды. Аулауға мүмкін болып қалған балықтың бір түрі 22-ге дейін жетті. Теңіздің тұздану деңгейі 34-тен 8 грамм/литрге дейін түсіп, тіршілікке жол ашылды. Ендігі кезекте жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру – теңіздің солтүстік бөлігіндегі су деңгейін көтеріп, айдын кемері бір кездері портты қала болған Аралға да жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, Сырдария бойындағы көлдер жүйесі қалыпқа келеді.  
Осы арқылы теңізді аймақ тұрғындары атакәсібіне қайта оралып, жылына 30 мың тоннаға дейін балық аулап, оны өңдеуге қол жеткізеді. Бұл ойымыздағы қиял емес, күні ертең жүзеге асатын жоба деп сенеміз. Өйткені жобаның жетекшісі – Елбасы!  
Қазіргі уақытта облысымызда 800 мыңға жуық тұрғын өмір сүруде. Мамандар туу көрсеткішінің жоғарылығын ескере отырып, жақын арадағы он-он бес жыл ішінде облыс халқының санын 1 миллионға дейін өседі деп болжамдауда.
Бүгінде Сыр жері, Арал өңірі – қазақ мәдениеті мен дәстүрінің өзіндік сипаты бар тірегі, өмір қуатының сарқылмас көзі және халықтар бірлігі мен достығының жері. Біз болашаққа нық сеніммен қарап және тәуелсіз еліміздің дамуына өзіміздің нақты істерімізбен үлесімізді қосқымыз келеді, себебі бізді – қазақстандықтарды бір тағдыр, бір Отан және Алғашқы Президентіміз біріктірді!
***
Брифинг барысында журналистер тарапынан 30-дан аса сауал қойылды. Сұрақтардың барлығына да нақты әрі тұшымды жауаптар берілді.
Ғалым Есенсариев, «Қазақ радиосының” тілшісі: – Қазір облыс әкімдерінің деңгейін рейтингпен анықтайды. Сіздің ойыңызша аймақ басшыларына қандай талаптар қойылуы керек?

– Қазақта ықылым заманнан келе жатқан «Әкім бол, халқыңа жақын бол” деген ұлағатты сөз бар. Елбасы да әкімдердің жұмысына ерекше көңіл бөліп, ерекше талап қояды. Рейтингке келетін болсақ, менің ойымша онда салықтық базаны дамыту, тұрақты жұмыс орындарын ашу және қоғамдық-саяси тұрақтылық мәселелері қамтылуы керек. Мысалы, тұрақты жұмыс орындары ашылса, индустриялық-инновациялық бағдарлама іске асып, кіші және орта бизнес дамиды. Салықтық база дамымай, бюджет нығаймайды. Бюджет нығаймаса, әлеуметтік-экономикалық көкейтесті мәселелер шешілмейді. Тұрақты жұмыс орындарының ашылуы да осы жұмыстардың нәтижесі.  
Елбасы мұнай, уран секілді шикізаттан түсетін табысқа тәуелді болып келген Қызылорда облысының экономикасын әртараптандыру бағытында тапсырма берді. Сондықтан өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін тұрақты кәсіпорындар ашу керек. Ал қоғамдық-саяси тұрақтылыққа келсек, біздің барлық жасампаз жобаларымыз іске асу үшін елімізге бірлік, ынтымақ қажет. Мен осы үш мәселе негізгі рейтингтік көрсеткіш ретінде қабылдануы керек деп ойлаймын. 
 «Астана” арнасы: – Өзге елдерде өршіп тұрған діни терроризм мәселесі Қазақстанда да бар. Сыр еліндегі діни ахуал қандай?
– Қазақта, «Дін – ұстай білсең қасиет, ұстай білмесең қасірет” деген жақсы сөз бар. Бұрын діни алауыздықтың көрші мемлекеттерге ғана қатысы бар деп ойлайтын едік. Бұл бағытта үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеуіміз керек. Жастар ата жолымен жүріп, жат ағымдарға кетпесе, ұлттық болмысын сақтаса дейміз. Атқарып жатқан істерімізге тоқмейілсуге болмайды. Жақында ғана осы мәселе бойынша теолог мамандармен, дін қайраткерлерімен ақылдастық. Осы өтпелі кезеңде халқымыздың рухани бірлігіне барынша атсалысуымыз керек деп ойлаймын. 
Гүлайым Төлешова, «Казахстанская правда” газеті: – Қызылорда экологиялық қолайсыз аймақта орналасқандықтан халық денсаулығына қатысты мәселелердің маңызы зор. Сондықтан денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз… 
– Жоғарыда баяндамамда айтып өткенімдей, ана мен бала өлімі, туберкулез және онкологиялық аурулар көрсеткішін төмендету бойынша нақты жол картасы жасалды. Ресейден, ұлттық-ғылыми орталықтардан мамандар шақырттық. Бірге отырып, жағдайды жөнге келтіру үшін не істейтінімізді ақылдастық. Үш жылға арналған жоспар жасап, бюджетін нақтыладық. Көп уақыт өтпей-ақ нәтижесі байқала бастады. Өткен жылмен салыстырғанда саланы қаржыландыру 2,5 есеге артты. 
Әлімжан Сабыржанұлы, «Қазақстан” ұлттық арнасы: – Қызылорда облысына әкім болып барған бойда екі-үш ай ішінде барлық 270-тен астам елді мекендерді аралап шыққан екенсіз. Әкімдіктің қат-қабат жұмысын былай қойғанда, күніне 3-4 ауылды аралап шығу – үлкен жетістік.  
Сіз облыс орталықтарының ішінде Қызылорда ыстық суы жоқ жалғыз қала екенін айттыңыз. Осы мәселенің шешімі жайлы айтып өтсеңіз…  

  – Облыста мен болмаған елді мекен жоқ, барлығын аралап шықтым. Қазіргі интернеттің заманында бейнеконференция немесе скайп арқылы хабарласып отыруға болады. Бірақ, елмен кездескенге не жетсін?! Билік пен халықтың арасында алшақтық болмауы керек. Жоғарыда «әкім бол, халқыңа жақын бол” деген сөз айтылды ғой. Елбасы да бізге халықпен бірге болуды тапсырған. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, шешім қабылдау үшін бәрін көзбен көру керек. 
Ыстық сумен қамтамасыз ету жобасына қаржы бөлінді. Бұл мәселе алдағы 2 жылда шешіледі. 
Нұрбай Елмұратов, «Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі: – Білім саласын дамыту біздің елде алдыңғы кезектегі басымдықтардың бірінен саналады. Сіздің Сыр өңіріндегі білім беруді өркендетуге жасаған қадамдарыңыз нәтижесін бере бастады ма?
– Тарихқа көз жүгіртсек, Абылай хан «Білектінің заманы өтіп, біліктінің заманы келді, дайынбысың әлеумет?!” депті. Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң, арқалан, сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан” деген сөзі бар. 1998 жылы еліміздің білім қызметкерлерінің бірінші құрылтайында Елбасы «Келешекке – кемел біліммен” деген еді. Елдің болашағын ойлаған тарихи тұлғалардың барлығы білім мен біліктілікке ерекше көңіл бөлген. 
Мен қызметке келгенде Қызылорда облысы ҰБТ бойынша 16-орында болуы, түлектердің жартысынан көбінің ең төменгі балды жинай алмауы бұл салада үлкен өзгерістердің қажет екенін айқындап берді. Әрине, мұндайда талап қойылады. Сіз 27 мектеп директорының жұмыстан босатылуы туралы айтқыңыз келген шығар? Біз таразының екі басына өскелең ұрпақтың болашағы мен білім саласындағы шенеуніктің жағдайын қоя алмаймыз. Оларға қаңтар айында қандай талаптар қойылатыны туралы айтылды. Мен елді мекендерді аралағанда мектептерде болып, туындаған мәселелерді шештік. Жылдар бойы жағдайды оңалтпаған шенеунікке қандай көзқарас болуы мүмкін? Сіздерге бір мысал айтайын, 2012 жылы облыстық білім басқармасы білім жетілдіруге бөлінген 712 млн. теңгені игермей кері қайтарған. Маңдайы күнге, табаны құмға күйіп жүрген балаларға обал емес пе? Білім саласына қойылып отырған талап қатая түседі. Ал маңдайалды ұстаздарымызға қолдау жасаймыз. Жақында үздік ұстаздарды 40 номинация бойынша марапаттап, 1 млн. теңгеден сыйақы бердік. «Миллионер болғың келсе, ұстаз бол” дегенді айттық. 
Мөлдір Құлмырзаева, «Қазақстан-Қызылорда” телеарнасы: – Бүгінде Қызылорда қаласының тұрғындары «көгілдір отын» тұтынып отыр. Дегенмен, аудан орталықтары мен ауылдар оның игілігін әлі көрген жоқ. Сіз бұл мәселені 2 жыл ішінде түпкілікті шешіледі деп едіңіз. Қазір осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
– «Бейнеу-Бозой-Шымкент” газ құбыры қазан айында қосылады. Қазір облыстық бюджеттен 980 млн. теңге қаржы бөлініп, бірінші кезекте 21 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл – облыстың 70 пайызы газбен қамтылады деген сөз. Аманшылық болса, 2 жылдың ішінде газдандыру мәселесі негізінен шешіледі. Ал шалғай ауылдарға сығымдалған газ тасымалданады. Аймақтағы елді мекендердің 85 пайызы жолдың, магистральды газ құбырының бойында болғандықтан мәселе шешімін табады. 
Қазыбек Ботаев, «Централ Азия мониторинг” газеті: – Қызылорда облысында 3 ірі әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталмай тұр. Осы құрылыстарды аяқтау үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Мен өзім инженер-құрылысшы болғандықтан бұл нысандарды бақылауыма алдым. Қазіргі күні Түркістан көшесіндегі 1200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Перинаталды орталық пен психоневрологиялық диспансер жыл соңына дейін бітеді. Бұлар 2008 жылдан бергі «сақалды” құрылыстар. 
– Бағдат Бектұрғанқызы, «Хабар” телеарнасы: – Сіз екінші инвестициялық форумның өтетіні туралы айттыңыз. Көктемде өткізілген алғашқы форумның қорытындысы қандай?
–Бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен инвестиция тарту бойынша республикада бірінші орынға шығуымыз – осы форум нәтижесі. Инвестиция көлемі 2,5 есеге өсті. Екінші форумға ірі инвесторлар шақырылады. Дайындық жүріп жатыр, бірталай келісімдерге қол қойылады деп күтілуде. Біз Кедендік одақ пен болашақ экономикалық кеңістіктегі әріптестерімізбен жұмыс істеуіміз қажет деп ойлаймын. Логистика мен инфрақұрылым бизнесті өркендетудің негізі. Бізде оларды дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. 
Айнұр Ақылбайқызы, «24 КZ” арнасы: – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автомагистралінің Қармақшы, Жалағаш аудандарының тұсындағы бөлігінің жұмысы едәуір тоқтап тұр. Осы мәселе қашан шешім табады?
– Жосалы мен Жалағаштың арасындағы 50 шақырым жолды «Импреза” компаниясы атқарған. Жұмысына көңіліміз толмады. Еңбеккерлердің айлығын төлемейді, істеген жұмысы сапасыз. Жұмыс кестесінен қалып қойған. Осы мәселелерді Көлік және коммуникация министрлігіне қойып, сотқа беріп, компанияны шығарып жібердік. Қазір оның орнына басқа компания келді. Жоба биыл жыл соңында бітуі керек еді. Енді келесі жылдың сәуір айында екі аралықтағы жол бітеді деп отырмыз. Жол құрылысында 2,5 мың қызылордалық жұмыс істеуде.
– Гүлбиғаш Омар, «Түркістан” газеті: – Қызылорда облысында ауылдық ауруханалардың жабылып қалғанын білеміз. Қазір қайтадан ашылып жатыр екен. Олардың саны қанша, ауруханаларды мамандармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қалай шешімін табуда? 
– Денсаулық сақтау министрлігінің шешімі бойынша 5 мың тұрғыны бар ауылдарда ғана аурухана болуы тиіс. Бірақ аудан орталығынан 140-160, облыс орталығынан 300-600 шақырым қашықтықтағы тұрғындарға медициналық көмек көрсету мәселесі өткір. Солтүстік аудандарда жол тіпті нашар. Мен облыс елді мекендерін аралау кезінде 13 ауылдық аурухананы қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым. Қаржы бөлінді, елдің игілігіне жұмыс істейді. 
Кәусар Аяпбергенқызы, «7 арна”: – Жақында Қызылордадағы локомотив депосы туралы ақпарат кең тарап, талқыға салынды. Жұмыссыз қалған 300 адамға жұмыс ұсынылатыны айтылды. Бірақ бұл қаншалықты мүмкін?
– «Қазақстан темір жолы” ҰК «Сексеуіл-Жезқазған” теміржолының құрылысына байланысты модернизация жасап жатыр. Бүгінде 210 қызметкерге жұмыс ұсынылды. Қалған 90 адамның да еңбекпен қамтылуы назарымызда. Арнайы жұмыс тобы құрылған. Оны «ҚТЖ”-ның вице-президенті А.Акчурин мен облыс әкімінің орынбасары Ғ.Әміреев басқарып отыр. Барлық адам 100 пайыз жұмыс орнымен қамтамасыз етілмей, жұмыс тобы тарамайды. Мұндай мәселе келесі жылы Шиелі және Жосалы станцияларында да болады. Бұл мәселе де жан-жақты сарапталады. 
Ләззат Кемелбаева, «Нұр Астана” газеті: – «Сыр елі – жыр елі” деген сөз бар. Кешегі Сыр сүлейлерінің дәстүрі қалай жалғасып жатыр?
– Аралда – Нұртуғанның, Қармақшыда – Тұрмағамбеттің, Шиеліде – Нартайдың, Жаңақорғанда Манаптың мектебі қалыптасқан. Сыр сүлейлерінің шығармаларын сақтап, оны келешекке жеткізіп, дамыту мен болашағын баянды ету – біздің перзенттік парызымыз. ХХІ ғасырдағы жаһандануда біз осы мұраларымыздың барлығын сақтап қалуымыз керек. Ал оны қалай сақтап қаламыз? Қорқыт ата университетінде кадрлар дайындалуда. Кешенді жоспарымыз да бар. Сондықтан «Сыр елі – жыр елі” деген қалыптасқан ұғым өз мағынасын ешқашан да жоймайды. 
– Шолпан Иманбаева, «24 КZ” арнасы: – Біздің арна өз сайтында оқырмандарға сауалдарын қоюға мүмкіндік жасаған болатын. Өте көп сауал түсті. Олардың бірталайына жауап бердіңіз. Сол сұрақтардың біреуін оқуға рұқсат етіңіз. Онкология диспансерінің өз ғимараты жоқ. Облыстық медицина орталығында орналасқандықтан, бір палатада бірнеше науқас жатады. Осы мәселе қалай шешімін табар екен?
– Жоба жасалды, қазір сараптау аяқталуға жақын. Онкология диспансері салынады. 
Айгүл Әділова, «1 Еуразия” арнасы: – Біздің арнаға Қызылорда тұрғындары тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасының тоқтап қалғаны туралы хабарласты. Осы жайында не айтасыз?
– Қызылорда қаласындағы көпқабатты үйлердің бірқатары күрделі жөндеуді қажет етеді. Жаңғырту бағдарламасына қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Біз қазір Тасбөгет қыстағындағы 60-жылдары салынған үйлерді жөндеп жатырмыз. Бұл бағдарламаға тұрғындар тарапынан қызығушылық артып келеді. Алғашында түсініспеушілік болғаны бар. Қазір ескі үйлерін жаңартуға ынталылар көп. Болашақта Үкімет бұл бағдарламаны толыққанды қаржыландырады деп үміттенемін. 
– «Протон М” зымырантасығышының апатынан соң қызылордалықтарға құдықтан су ішпеуге кеңес беріліпті. Бұл қаншалықты рас?
– Ауыз суға байланысты айтарым, біз аса бай Қызылжарма таза ауыз су қорының үстінде отырмыз. Алдағы уақытта 87 ұңғыма бұрғылануы керек. Біртіндеп жерасты суын пайдалауға көшеміз. Байқоңырға қатысты айтарым, бүгінгі күні отандық және ресейлік тараптың ұсынған зерттеулерін салыстырып отырмыз. Бұл ретте екі жақ бағалаудың бірыңғай нормативтік базасын қалыптастыруымыз керек. Біздің отандық ғарыш саласының мамандары зымыран ұшқан сәттен бастап барлық процесті бірігіп қадағалауы тиіс.
Дина Төлекова, Ұлттық арнадағы «Апта КZ” бағдарламасының сарапшысы: – Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесе пайдалану мен қаланы дамыту бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде? «Протон М” зымырантасығышы апатының зардаптарын жою мәселелеріне тоқталсаңыз… 
– Байқоңырдағы жағдайға байланысты пікірімді талай рет айттым. Бұл мәселені үкіметтік, үкіметаралық комиссиялар қарап жатыр. Тиісті ұсыныстарымызды бердік. Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану, Байқоңыр қаласының, Төретам мен Ақай ауылдарының дамуын қамтамасыз ету үшін жол картасын қабылдауымыз керек. Екі елдің Президенттері осы жол картасын дайындауға тапсырма берген болатын. Бірақ бұл жобаға біздің көңіліміз толмады. Өйткені ресейлік тарап біз көрсеткен кейбір мәселелерді ескермеген. Қазір жол картасы қайта қаралуда. Ол қазан айында дайын болады деп ойлаймын. Байқоңыр қаласында пайдаланылмай тұрған нысандар бірлескен инвестициялық алаңға айналып, жаңа өндіріс орындары қалыптасуы тиіс. Шаһарда өндірісті дамытуға барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, электр жүйесінің резервтік қуаты (72 МВт), дайын тұрғын үй-коммуналдық құрылымы мен әскерлерден босаған тұрғын үй қоры, дамыған көлік инфрақұрылымы, сондай-ақ, бос өндірістік алаңдар бар. Байқоңыр қаласының әлеуметтік және инфақұрылымдық дамуымен қатар, экономикасын да дамыту қажет. Бұл құжаттың қабылдануы қаланың, сонымен бірге, іргедегі Төретам, Ақай кенттерінің қордаланған мәселелерін шешуге жол ашады. Бұл болашақ үшін маңызды. 
Байқоңырдың ертеңін айқындайтын тағы бір жоба, ЭКСПО- 2017 көрмесіне Астанаға келетін қонақтар ғарыш айлағына ат басын бұрмақ. Осыдан 2 апта бұрын Елбасының тапсырмасымен Мәскеу қаласына барып келдім. Премьер-министрдің орынбасары С.Приходько мырзамен осы мәселелерді жан-жақты талқыладық.
Сондай-ақ, брифингте ақпараттық порталдар мен сайттардың, газеттер мен журналдардың тілшілері шыны зауытының құрылысы, жемқорлықты ауыздықтау, Қызылорда қаласының абаттандырылуы туралы сауалдар қойды. Облыс басшысы БАҚ өкілдерін қызықтырған сұрақтардың ешқайсысын жауапсыз қалдырмады.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<