Қайық жасаудың шебері

902

0

Қайық жасаудың шебері Әңгімеміздің кіріспесін САРАТС жобасының маңызы мен Арал өңіріне тигізген пайдасынан бастасақ. Ел арасында ғасыр кереметіне баланған осынау керемет жобаның  алғашқы кезеңінің өзінде теңіз төскейі айтарлықтай түлегені баршаға белгілі. Олай болса, игілікті істерге қысқаша тоқтала кетсек.
Ауданда жылдық қуаттылығы 16400 мың тоннадан асатын балық өңдеу зауыттары жұмыс  жасайды. «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық», «СДО Қарашалаң» ЖШС-нің балық өңдеу зауыты балықты терең өңдесе, «Бөген СДО», «Қуаныш» жшс шағын балық өңдеу зауыттары балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады.  Еврокод белгісі  «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-гі балық өңдеу зауытында бар.  Аталмыш зауыт  халықаралық стандартқа сай салынған. Серіктестіктің жылына 6000 тоннаға дейін балық өңдеуге мүмкіндігі мол. Зауыттың қуатты технологиялық жабдықтары балық филесін дайындауға арналған. Өндіріске қажетті балық кіші Арал теңізінен  жеткізілуде.   «Аста» ЖШС, «Бақыт» шаруа қожалығы болса Кіші теңізден балық аулаумен щұғылданады.  Ауыл тұрғындарының басым бөлігі осы шаруашылықтарда маусымдық балық аулаумен айналысады.  «Бақыт» шаруа қожалығы салған балық қабылдайтын мұздатқыш орталығында ауылдың бірқатар тұрғыны жұмыспен  қамтылған. Қаратереңдегі «Қуаныш» ЖШС -де толымды тірлігімен көзге түсуде. Кіші теңізде балықтың 22 түрі бар. Әсіресе   көксерке балығы жиі кездеседі. Экспорт сұранысына сай тыран, сазан, торта, жайын балықтары аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі сатылымға шығарылып отырады.  «Тастақ» бөлімшесінде өткен ғасырдың орта шенінен бастап жұмыс жасайтын балық өсіру питомнигі орналасқан. Кіші Теңіздің қайта оралуына байланысты «Тастақ» питомнигіне жыл сайын 22 млн.ға жуық майда шабақтар өсіру жоспарға сәйкес жүктелген.
Кіші Арал теңізінің толуымен, балық аулау кәсібі қайта жандана бастады. Мұндай қадам өңірде кәсіпкерлік саласының да алға басуына жол ашты. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Жансерік Нысанбаев теңіз төскейінің төл перзенті. Орта мектептен соң заң колледжін үздік бітірген жігерлі жас жігіт енді жоғары білім алуды алдына мақсат қылып қойды. Ал ойға алған жоспарын жарты жолда қалдыру Жансерікке жат дағды. Ақыры арманы да жүзеге асты. Заңгер мамандығын да игерді. Біршама жыл Ақтөбе қаласында  жиһаз құрастырушы, құрылысшы, жиһаз өндірісін ашу және ұйымдастыру сияқты жұмыстарға араласып, еңбек көрігінде де шыңдалды. Десе де көкейінен  айдынды Аралға деген сағынышы арылмады. Ақыры «Ер туған жеріне» қағидасымен ауылға атбасын бұрды. Өскен ортасына оралып , өзінің бизнесін дамытуды көздеген жас жігіт«Арал Жиһаз мекемесінің» негізін қалады. Айы оңынан туды. Сапалы бұйымға тапсырыс берушілер көбейді. Арада жылдар жылжыды. Жансерік өз қаражатының есебінен  орталық  базар маңынан жер алып, құрылыс нысанын салуды қолға алды.Бастаған шаруаны аяқтауға машықтанған табиғаты тағы да нәтижесін берген еді. Осылайша  жаңа жаңа өндіріс орны іске қосылды. Мұнан тура төрт жыл бұрын Қазақстан Халық Банкі арқылы несие иеленіп, нысанды заманауи автоматтандырылған қондырғылармен жабдықтады. Сол қондырғылардың жиһаз өндірісінде өнім түрлерінің ұлғайып, тез әрі мезетінде орындауға зор септігі тиді.
Бірде Жансеріктің санасына балықшылардың  мұқтаждығына байланысты «Неге сапалы да тиімді дайындалған қайық жасамасқа?!»деген ой түсті. Бұлай пайымдауға  бірнеше себептер де түрткі болды. Атап айтқанда, кәзіргі таңда   теңізде жүрген қайықтардың басым бөлігінің тозығы жеткен. Өткен ғасырдың  1970-1980 жылдары Кеңес өкіметі тұсында  жасалған  сондай қайықтарды шет елде, мәселен Ресейде суға түсіруге рұқсат бермейді.Оған қоса қайық корпустарының үлкен болуына байланысты көрші мемлекеттерден тасымалдауға қажетті құжаттарын рәсімдеу қиындық тудырады.Осы жайттарды саралай келе Жансеріктің «өндіріс орны қайықтарды өзге мемлекеттер өндіріп отырған бағада және сапасы жағынан еш кем түспейтіндей етіп жасай алады. Барлық мемлекеттік стандарттарға сәйкес болуы басты назарда ұсталып, қолданылатын шетелдік шикізат пен автоматтандырылған өндіріс құрылғылары қажетке жаратылады.  Ғылым мен жаңа технологиялар дамыған заманда темір мен альюминиге қарағанда әлдеқайда жеңіл әрі төзімді шайыр мен стеклоталшықты араластыра отырып тиімді, ұтымды, сапалы қайық корпустарын неге шығармасқа?!» деген тұжырымы беки түсті.
Сонымен игі бастаманың соңы не болғанын білгіңіз келе ме, оқырманым?! Жеке кәсіпкер Жансерік Нысанбаев басшылық жасайтын өндіріс орнында жасалған әсем де сапалы, ыңғайлы қайықтарды Қамбаш көлінен  кездестіре аласыз. Ал осынау  кәсіптің ауқымын ұлғайту келешектің еншісінде.

Қайық жасаудың шебері Қайық жасаудың шебері Қайық жасаудың шебері 

Жұмабек Табынбаев,
Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<