Қазалыда Ғани Мұратбаевтың жүз жыл бұрынғы кілемі сақталған

471

0

Қазалыда Ғани Мұратбаевтың жүз жыл бұрынғы кілемі сақталған Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінде жүз жыл бұрынғы кілем сақталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс жастарының жалынды жетекшісі, көрнекті қоғам қайраткері Ғани Мұратбаев атындағы мемориалдық музейде елең еткізетін ерекше экспонаттар бар. Солардың бірі – 1924 жылы Ғани Мұратбаев шаңырақ көтергенде Қазалы жастарының сыйға берген кілемі.

Музейдің ғылыми қызметкері Алтынай Жадырасынованың айтуынша, құнды жәдігерді 1981 жылы Ғанидың жары Бақытжан Құрманбаевадан сол кездегі музей директоры Қатира Тайпақова алып келген.

«1979 жылдан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып жұмыс істеген Ғани музейі 1981 жылы өз алдына отау құрды. Ғанидың 100 жылдық мерейтойы кезінде Мәскеу қаласындағы Ваганьков зиратындағы қабірінен топырақ әкелініп, музей экспозициясына қойылды. Музейде оның өмірі мен еңбегі жайлы естеліктер мен зерттеулер, кітаптар және басқа да жәдігерлер сақталған. Сонымен қатар, бізде Ғани Мұратбаевтың отау құрған кезде пайдаланған кілемі бар. 1981 жылға дейін жары -Бақытжан апаның үйінде жайылып тұрған. Кілем қызыл түсті. Қара, қызыл, сары түсті геометриялық өрнектермен безендірілген. Жүз жылға жуық тарихы бар кілем музей төрінде тұр», – дейді А.Жадырасынова.

Айта кетейік, музей жас жеткіншекті Ғани рухында тәрбиелеуге, оның жалынды өмірі мен қоғамдық қызметін насихаттау мақсатында жұмыс жүргізуде. Жыл сайын Ғанидың туған күнінде «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы мен кіші футбол жарысы ұйымдастырылады. Музей жанында «Жас ғанитанушылар» үйірмесі жұмыс істейді.

Сонымен қатар, экспонаттар мен музейге келушілер саны жыл сайын өсуде. Музей алғаш ашылғанда 200 жәдігер, 3 зал болса, 2015 жылдың 1 қаңтарында музей қоры 6624 жәдігерге жетті. 

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<