Қазақстан мен РФ Байқоңыр халқының құқықтарын қорғауға қатысты келісім жасады

351

0

Қазақстан мен РФ Байқоңыр халқының құқықтарын қорғауға қатысты келісім жасады Бүгін Бас прокурор Қайрат Қожамжаров пен Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанға жасаған сапары үшін А.Бастрыкинге алғыс білдірген Қ.Қожамжаров, құқық қорғау саласындағы екіжақты қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан мен Ресей стратегиялық серіктес елдер, соның ішінде қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл мәселесінде де», – деді Бас прокурор. А.Бастрыкин болса екіжақты ынтымақтастықтың тарихи ерекшелігіне тоқталды. «Тергеу комитетінің 11 жылдық қызметінде арамызда нақты қарым-қатынасты орнаттық. Олар негізгі тәжірибелік тергеу бағытында жүргізіледі»,-деді ол. 
Қазақстанның Бас прокуратурасы соңғы 5 жылда Ресейден сұратылған тұлғаларды беру туралы 131 өтінімхатты қанағаттандырды. Ал Ресей жағы 272 азаматымызды елге экстрадициялады. 112 сотталған қазақстандық жазасын одан әрі қарай елде өтеу үшін Ресейден жеткізілді. Өз кезегінде Ресейге 242 орыс азаматы қайтарылды. Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің арасындағы ынтымақтастық туралы Келісімге, сонымен қатар «Байқоңыр» кешені аумағындағы өзара қатынас жөніндегі Келісімге қол қойды. Тараптар бірінші Келісім аясында қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл кезінде, қылмыстарды ашу мен тергеп-тексеру барысында әдіс-тәсілдермен бөлісуге, соның ішінде террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық, экономика мен жоғары технологиялар бағытында тәжірибе бөлісуге келісті. 
«Байқоңыр» кешені аумағына қатысты ынтымақтастық туралы Келісім азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуде, қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеп-тексеруді жүргізуде Қазақстан-Ресей серіктестігін одан әрі нығайта түседі. «Сапар барысында жасалған Келісімдер біздің ынтымақтастығымызға жаңа серпін беріп, бүгінгі күннің қауіп-қатеріне төтеп беруде күшімізді арттырады», – деп өз сөзін қорытындылады Бас Прокурор.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<