Бүгін Ақордада бес мемлекеттің елшілері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын табыстады. Шара барысында Елбасы алдағы уақытта Қазақстан өнімдері əлемнің 120-дан астам елінің нарығына жеткізілетінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Ливан Республикасының елшісі Жискар Əл-Хури, Украинаның елшісі Иван Кулеба, Бразилия Федеративтік Республикасының елшісі Марсия Доннер Абреу, Германия Федеративтік Республикасының елшісі Тило Клиннер, Пәкістан Ислам Республикасының елшісі Имтиаз Ахмад Кази Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын тапсырды.
«Баршаларыңызды Қазақстандағы жаңа дипломатиялық миссияларыңыздың ресми түрде басталуымен құттықтаймын. (…) Биылғы 10-11 қазанда елордада «Қауіпсіз əлем үшін» атты тақырыпта кезекті алтыншы дін басшыларының съезі өтейін деп тұр. Сіздердің елдеріңіздің делегацияларын осы шараға қатысуға шақырамын», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан əлемнің өзге елдерімен қарым-қатынасын түрлі салада барынша дамытып келеді.
«Жақында Ақтау қаласында өткен бесінші Каспий саммитінде Каспий төңірегінде бес елдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды. Конвенцияда қауіпсіздік жəне экология мəселелерімен қатар Каспий маңы елдерінің көлік инфрақұрылымын дамыту, транзиттік əлеуетін арттыру қарастырылған. Жаңадан салынған Құрық порты арқылы транскаспий бағытындағы жүк тасымалдарын тиімді етуді қамтамасыз етеміз. Қазақстан өнімдері əлемнің 120-дан астам елінің нарығына жеткізілетін болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<