Қазақстандық эколог: Сібір өзендерін Арал теңізіне бұру өңірдің экожүйесін өзгертеді

453

0

 Қазақстандық эколог: Сібір өзендерін Арал теңізіне бұру өңірдің экожүйесін өзгертеді Сібір өзендерін Арал теңізіне бұру жобасы даулы мәселе. Ташкентте Арал мәселесіне арналған халықаралық конференцияда қазақстандық эколог Қайша Атаханова осы мәселеге қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

«Сібір өзендерін бұру секілді көптеген даулы жобалар бар. Мен эколог ретінде табиғи экожүйені антропогендік факторлар арқылы өзгерту белгілі бір салдарға әкеп соқтыратынын ескертемін. Бұдан тыс, ол өзендердің айналасында экожүйенің өзін-өзі реттеу процесі жүреді, ал бұл экологияға өңірлік, тіпті жаһандық ауқымда ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар, мұның тиімді және залалды тұстары қаншалық екенін бағалау қиын. Өйткені қазір біз Шығыс және Орталық Қазақстанда өте ауқымды су тасқындарын көріп отырмыз. Тасыған су Қазақстанның тіпті ондаған жыл бойы кеуіп жатқан жазық далаларына да жайылды», – дейді Қайша Атаханова.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Арал проблемасын шешу үшін мейлінше оңтайлы жолдарын табудың қазіргі заманғы әрі инновациялық бағыттары да бар.
«Қазір көріп отырмыз, жергілікті тұрғындар туған өлкесін тастап кету былай тұрсын, үй салып жатыр, тамшылап суару жүйесін қолданып жатыр, құрғақшылыққа төзімді өсімдіктер егіп, ауыл шаруашылығын жүргізуге күш салып жатыр. Мұнда табиғи өмір мен су қалдықтарына назар аудару қажет. Оларға мүмкіндік беріп, сол «өмір аралдарының» болашақта «өмір желісімен» байланысуына жағдай жасау қажет. Түбегейлі қалпына келуі үшін 300 жыл уақыт жұмсалуы да мүмкін, бірақ бастысы, ол ақырындап жандана түседі», – деді ол.
Еске сала кетейік, 7-8 маусым күндері Ташкентте «Арал апатының салдарын азайту жөніндегі бірлескен әрекеттер: жаңаша көзқарастар, инновациялық шешімдер, инвестициялар» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Бұдан тыс, осы конференция аясында шара қатысушылары Арал маңы аймағына: Нөкіс, Мойнақ қалаларына барып конференция өткізді, сондай-ақ «Кемелер моласына» барды.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<