Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында КСРО Журналистер одағының мүшесі, қарымды қаламгер, қоғам қайраткері Мырқы Исаевтың туғанына 90 жыл толуына орай, А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Қазақтың мәрт мінез майталманы Мырқы Исаев» атты жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді.
Мерекелік шараны «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев және Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев ашып, сан ғасырдан сыр шертетін Сыр топырағының киелі екенін, жүз шайыр шыққан жыр өлкесінің рухани дәстүр құндылығы тоқтаусыз жалғаса беретінін айтты. Осынау қасиетті өңіріміздің қадірлі перзентінің бірі, есімі ел жадында қалған Мырқы Исаевтың шығармашылық мұрасын жаңғырту бастамасына сәттілік тіледі.
Мырқы Исаевтың қаламдастары, замандастары атынан Қайырбек Мырзахметұлы, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Нұртілеу Салықов сөз алып, қаламгердің ақындық, журналистік шеберлігі мен бірегей болмысын айрықша атап өтіп, естеліктер айтты. Осыдан соң айтулы шараға ат қоса келген ақындарға кезек берілді. Жыр мүшәйраның ережесіне сай олар Қызылорда қаласының 200 жылдығы, Қармақшы ауданының 90 жылдығы және М.Исаевтың өнегелі өмір жолын өлеңдеріне арқау етті. Айта кету керек, ақындар тақырыпты терең зерттеп, тың жаңалықтар табуға талпынғаны байқалды. Сондықтан болар, шабытты туындылардан шынайылық көрініс тапқан. Осылайша Қызылорда қаласынан және аудандардан келген он екі ақынның ортасынан жүлдегерлер анықталды. Олардың өнеріне айтыскер ақын Серік Ыдырысов, Оңталап Нұрмаханов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова баға берді.
Мүшәйрада бас жүлдені Қазалы қаласынан Ақжол Түменбай, бірінші орынды Қызылорда қаласынан Ұлықбек Тәңірбергенов, екінші орынды Сырдария ауданынан Ақтөре Ибрагимұлы, үшінші орынды Шиелі ауданынан Шыңғыс Құдайберген иеленіп, арнайы диплом және ақшалай сыйлықтарға ие болды. Ал Арал ауданынан қатысқан Ғабит Кәдірбай Тұрмағамбет Ізтілеуов атындағы, Алтынбек Қыстаубаев Шораяқтың Омары атындағы жүлдені иеленді. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласынан қатысқан Биболат Сәтжан мен қармақшылық Еркебұлан Серіковке Темірбек Жүргенов атындағы жүлде табысталды. Мерекелік кеш соңында Мырқы Исаевтың ұлы Мейрамбек Исаев сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға және жыр додасында жарқырай көрінген ақындарға алғысын білдірді.
Жыр сайысын белгілі жырау Серік Жақсығұлов жүргізді. Шара барысында Қазанғап атындағы музыкалық колледждің студенттері мен Қармақшы ауданындағы Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар мектебінің өнерпаздары көрермен көңілін керемет күйге бөледі.
Ғазиза ӘБІЛДА, «Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<