3-4 мамыр күндері Қызылорда қаласында Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясының 73-ші отырысы өтіп, оған Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінің салалық министрлік өкілдері ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Тәжікстан Республикасының энергетика және су ресурстары министрінің бірінші орынбасары Султон Рахимзода және Түркіменстан су және ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Магтымгулы Байрамдурдыев қатысты.
Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы 1992 жылы Орталық Азия елдерінің Арал теңізі бассейніндегі су шаруашылығы мәселелері бойынша шешім қабылдау алаңы ретінде құрылып, бұған дейін 72 отырысын өткізген.
Бұл жолы Қызылордада мемлекетаралық комиссия 2017-2018 жылдары Сырдария мен Әмудария бассейндеріндегі вегетацияаралық кезең қорытындысын талқылап, 2018 жылы вегетациялық кезеңде су алу лимиттері мен су қоймаларының жұмыс кестесін бекітті. Сондай-ақ, «Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын кешенді басқару, пайдалану және қорғауына ақпараттық-талдауды қамтамасыз ету және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру жөнінде» келісім жобасы бекітілді. Одан бөлек, қатысушылар мемлекетаралық комиссияның жұмысын күшейту мәселелерін талқылап, 74-ші отырысты өткізу бағдарламасы мен орнын келісті.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов атап өткендей, биыл болжам бойынша су аз болады, сондықтан су ресурстарын мемлекеттер арасында үлестіру мәселесі өте маңызды, әсіресе Сырдария өзенінің төменгі ағымында орналасқан Қызылорда облысы үшін өзекті болмақ.
– Қысқы вегетациялық кезеңде қай мемлекет қанша көлемде су қолданды, соның қорытындысын шығардық. Баршаға белгілі, өткен жылы су мол болды. Соған байланысты қолданылған су көлеміне қатысты ешкімнің өкпесі жоқ. Ал биыл су тапшылығы болады деп күтілуде. Міне, бүгінгі комиссия отырысының екінші бөлігін әр мемлекеттің үлесін белгілеуге арнадық. Бір келісімге келдік. Соған сәйкес, біз биыл қажетті көлемдегі суды аламыз, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев комиссия отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында.
***
Шараға қатысушылар облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесті. Облыс басшысы өңірдегі жетістіктер жайлы айтып, атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды саралады.
Соңғы жылдары өңірде барлық салада қарқынды бастамалар жүзеге асуда. Экономиканы әртараптандыру өз нәтижесін берді. Өткен жылы күріштен тұңғыш рет жарты миллион тоннадан астам Сыр салысы жиналды. Әлеуметтің әлеуеті де артып келеді. Салынып жатқан тұрғын үй құрылысы жыл санап қарқын алуда. Аймақта жастар мәселесіне кеңінен көңіл бөлінуде. Ресейде оқып жатқан Сыр перзенттерін айтпағанның өзінде, былтырғы түлектердің 97 проценті жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түскен. Аймақ басшысы кездесуде Арал теңізі мәселесіне де кеңінен тоқталды.
– Су ресурстарын тиімді пайдаланып, су алу лимиттерін сақтау бойынша жұмысты әрі қарай күшейту керек. Бұл 15 наурыз күні Астана қаласында өткен Мемлекет басшыларының кездесуінде талқыланды. Ал, тамыз айында Ашхабадта Халықаралық Арал теңізін құтқару қорына қатысушы елдердің Мемлекет басшылары кеңесінің отырысын өткізу жоспарлануда, – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, облыс әкімі Мемлекет басшыларының отырысына орай комиссия жұмысын әрі қарай жетілдіру жөнінде ұсыныс білдірді.
Кездесуге қатысушылар комиссия отырысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және оның жұмысына барынша ықпалдастық жасалғанын атап өтті. Мәселен, Өзбекстан Республикасының Су ресурстары министрі Шавкат Хамраев суды пайдалану мәселелері Орталық Азия елдері үшін аса маңызды екенін және өз тарапынан осы салада әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, биыл Халықаралық Арал теңізін құтқару қорының құрылғанына 25 жыл толды. 1993 жылы 25 наурызда Мемлекет басшыларының Қызылорда қаласында өткен саммитінде қорды құру жөнінде шешім қабылданған болатын. Мемлекетаралық комиссияның 74-отырысы Ашхабад қаласында осы жылдың қыркүйек айында өткізіледі деп жоспарлануда.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<