Өткен жылы Байқоңырда көпсалалы аурухана жұмысын бастап, қазақстандық азаматтарды емдеуді қолға алды. Ол облыстық көпбейінді аурухананың филиалы ретінде тіркелген. Осылайша Байқоңыр қаласы мен оған іргелес жатқан Төретам, Ақай елді мекендері тұрғындарын емдеу мәселесі шешілді. Мұнда барлығы 43800 адамға қызмет көрсетіледі. Дәрігерлер жергілікті тұрғындарға емхана қызметі, хирургиялық, емханалық-диагностикалық, гинекологиялық және терапевттік қызмет түрлерін ұсынып отыр.
Бүгінде ауруханада 480 адам еңбек етсе, олардың 80-ін жоғары білімді дәрігер, 280-ін орта медицина маманы құрайды. Қалғаны – кіші медицина мамандары және әкімшілік жұмысшылары.
Аурухананың бас дәрігері Жандос Әділхан емдеу орнын медицина мамандарымен қамтамасыз ету үшін тиісті іс-шаралар қолға алынып жатқанын жеткізді. Мамандарды жұмысқа тарту мақсатында қажетті қолдау көрсетіліп, оларға жағдай жасалады.
– Кейбір азаматтар тарапынан мұнда мамандар жетіспейді, жергілікті дәріханалар қазақстандық аурухана тарапынан берілген рецепт бойынша дәрілерді босатпайды деген негізсіз әңгімелер айтып жүр. Бұл шындыққа жанаспайды. Биылдың өзінде ауруханаға 12 дәрігер қызметке келді. Олардың арасында бізге өте қажетті отоларинголог, окулист, дерматолог, гастроэнтеролог және жалпы тәжірибелік төрт дәрігер бар. Ендігі кезекте кардиолог дәрігер келеді деп күтіп отырмыз, бүгінде тиісті құжаттары дайындалу үстінде. Бұл азамат ресейлік емдеу орындарында қызмет атқарған. Дипломы мен дәрігерлік сертификаты ресейлік үлгіде жасалған. Сондықтан ол құжаттарды қазақстандық талаптарға сәйкестендіруге мән беріліп отыр. Жақын уақытта балалар психиатры келеді, оны Алматыдан шақырып отырмыз. Оған қоса ультрадыбыстық диагностика жасай алатын дәрігер де қызметке тартылмақ. Осылайша емдеу орны тиісті мамандармен толығып келеді, – деді бас дәрігер журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, ауруханада қызмет атқаратын дәрігерлер қаладағы басқа емдеу мекемелері мамандарына қарағанда жоғары жалақы алады. Өзге аймақтардан келетіндерге тұрғын үй беріледі.
Бүгінде аурухана тәулігіне Байқоңыр қаласы мен Төретам, Ақай елді мекендерінде тұратын 300-350 адамға қызмет көрсетеді. Аурухананың материалдық-техникалық базасы жақсара түсті. Өткен жылмен салыстырғанда ол 2,5 есеге артқан. Былтыр ол 25 процентті шамаласа, бүгінде 90 процентке жақындады. Мәселен, өкпені жасанды желдету аппараты 5-тен 15-ке көбейді. Емдеу орнында коронавирус инфекциясымен күрес мақсатында қолданылатын 56 оттегі концентраторы, 101 импульстік оксиметр, 45 байланыссыз термометр алынған. Оған қоса 4-5 айға жететін дәрі қоры бар.
Бас дәрігердің айтуынша, ауруханада дәріхана жұмыс істейді. Онда дәрілер науқастарға тегін беріледі. Сондай-ақ, дәрігер рецептісі негізінде қаладағы және жақын елді мекендердегі барлық дәріханадан қажетті дәрілерді алуға болады.
Көпсалалы аурухана ашылғанға дейін кейбір науқастар психиатриялық және невралгиялық ауру түрлерімен есепте тұрған. Ресей Федерациясы протоколы бойынша оған «Фенобарбитурат» тағайындалып, ол «А» класына жатқызылады. Қазақстандық емдеу ісінде ол көрсетілмеген. Дегенмен, аналогы бар.
– Аталған «Фенобарбитуратқа» байланысты тұрғындар арасында түсінбеушілік кездеседі. Науқастар бұрын алып жүрген дәрі-дәрмектерді сұрайды. Қазір бұл түйткілді шешу жолдарын қарастырып жатырмыз, – деді бас дәрігер.
Айта кетерлігі, аурухана науқастарға инфекциялық аурулар бойынша медициналық қызмет көрсете алмайды. Олардың қатарында коронавирус инфекциясы да бар. Мұндай науқастар мемлекетаралық келісім-шарт негізінде ресейлік емдеу орындарына жіберіледі.
Жергілікті тұрғындар аурухананың ашылғанына ризашылығын білдірді. Себебі, сырқаттанып қалған жағдайда тиісті ем-домды жасау жолы жеңілдеген.
– Мен қала іргесіндегі Ақай елді мекенінде тұрамын. Жасым 75-те. Үлкейген соң арасында сырқаттанып қалатынымыз рас. Төрт күн бұрын тыныс алу жолындағы ауруға байланысты ауруханаға жатуға мәжбүр болдым. Дәрігерлер барлық емдеу шараларын жасады. Қазір жағдайым жақсарып қалды. Маған система салып, қажетті дәрілерді тегін берді. Олардың барлығын уақытылы жасады. Бұл сырқат түрімен ауруханада төртінші мәрте ем алып жатырмын. Оның әрбірінде дәрігерлердің шарапатын көріп жүрмін, – деді Үрзия Егізбаева.
Баспасөз туры барысында журналистер Байқоңыр қаласындағы дәріханаларда болып, онда тұрғындардың дәрі-дәрмек қамтамасыз етілуі және бағасына назар аударды. Мамандар дәрі-дәрмекке байланысты ешқандай проблема жоқ екеніне тоқталды. Рецепт бойынша науқастарға тиісті дәрілер беріледі. Қаладағы «Фармацевт» бюджеттік мекемесі – кеңестік кезеңнен бері мемлекеттік дәріхана. Мұнда ешқандай дәрі тапшылығы жоқ, қор апта сайын толықтырылады.
– Бүгінгі таңда Байқоңырда барлығы 21 дәріхана мекемесі бар. Олардың қатарына мемлекеттік негіздегі «Фармация» мекемесі де кіреді. Дәрілер қазақстандық және ресейлік дәрігерлер рецептісі бойынша беріледі. Бұған байланысты бізге қазақстандық медицина мекемелері тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ, – деді қалалық денсаулық сақтау бөлімінің дәрілермен қамтамасыз ету және лицензиялау секторының меңгерушісі Зарина Большакова.
Журналистер «Вита» дәріханасында да болды. Онда да тұрғындарды дәрімен қамтамасыз етуге байланысты ешқандай проблема туындап отырған жоқ.
Әділжан Үмбет,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<