Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында елдің даму деңгейі, күрделі кезеңді еңсеру жолдарына басымдық берді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Жолдаудан туындайтын міндеттер, өңірдегі рухани, мәдени, саяси құрылымдар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік салаға қатысты ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудың өзектілігіне басымдық беріп, негізгі бағыттарды айқындады. Атап айтсақ, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асыру, темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілік, әділдіктен айнымау, ұқыптылық пен тиянақтылық. Жолдаудан туындайтын міндеттерді өңірімізде жүзеге асыру бойынша 2 қыркүйекте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыстық актив отырысы өткізіліп, нақты міндеттер мен тапсырмалар жүктелді, – деді Серік Әбжәліұлы.
Облыс әкімінің орынбасары ақпарттық насихат жұмыстарының жүргізілу барысына да тоқталды. Жолдауды кеңінен насихаттау мақсатында белгілі тұлғалар, қоғамдық пікір көшбасшыларының пікірлері мен мақалалары республикалық және жергілікті БАҚ-та кеңінен жарық көруде.
– Жолдауды ақпараттық сүйемелдеу жөнінде арнайы облыстық медиа-жоспар әзірленіп, облыс әкімімен бекітілді. Медиа-жоспар 3 негізгі бөлімнен, 145 тармақтан тұрады. Атап айтқанда, насихаттау жұмыстарын ұйымдастыру, Жолдаудың басым бағыттары бойынша ақпараттық шаралар және тиісті сала басшылары мен аудан әкімдерінің брифингтерін өткізу. 1 қыркүйектен бастап, Жолдаудың басым бағыттары туралы 105 спикердің пікірлері жергілікті телеарналар мен баспа басылымдарда ақпараттандырылды, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, республикалық және жергілікті БАҚ-та, интернет ресурстар мен әлеуметтік желілерде Жолдаудың негізгі міндеттерін насихаттау бағытында дайындалған бейнероликтер, инфографикалар, мақалалар орналастырылып, барлығы 2125 материал жарияланған.
– Жолдауда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы» деген болатын. Сол арқылы кез келген мәселені азаматтық қоғаммен бірлесіп шешуді тапсырды. Бұл бағытта аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың басын қосып, оларға әдістемелік көмек көрсетіп жүрген Анар Ізденнің басқаруындағы облыстық «Азаматтық Альянс» өз жұмысын дамытуда. Алдағы уақытта, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру мақсатында «Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін» өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Президент Жолдауда өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажеттігін айтып, «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалыпқа келтірудің маңыздылығын қозғады. Қазір облыстағы 173 клуб кәсіпорындарында 854 үйірме бар. Жолдау аясында алдағы жылы үйірме санын 1000-ға, қатысушыларды 11 500-ге жеткізу жоспарлануда.
Мемлекет басшысы бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық бере отырып, әр облыста, ірі қалалар мен аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажеттігін де атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары облыста 2009 жылдан бастап сабақтан тыс және кешкі уақытта халық үшін спорт секцияларының жұмысын қамтамасыз ету арқылы бұқаралық спортты дамыту тәжірибесі енгізілгенін айтты.
Жалпы, облыста 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. 20 147 оқушы 45 спорт түрімен тегін шұғылданады. Соңғы екі жылда аймақта 16 спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жоспарланған 12 жобаның 5-і іске қосылды. Қалған жетеуі және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес 5 жоба кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Жастар саясаты бойынша, алдағы бес жылдықта 6 мыңға жуық жас «Жасыл ел» және «Жас құрылысшылар» еңбек жасақтарының қатарында еңбек ететін болады. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына мемлекеттік гранттар мен инвестициялар тартылып, өңірдегі NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету көзделуде.
Мемлекет басшысы Жолдауда пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасып жатқандығын айтты. Мәселе туындаған кезде ғана емес, алдын ала дайындық жүргізіп, қамдану маңызды. Осы орайда облыста халық көп шоғырланатын орындарда заласыздандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда.
– Бүгінгі күнге дейін 13,9 млн шаршы метрді құрайтын аумақ залалсыздандырылды. Тиісті мемлекеттік органдар, БАҚ өкілдері мен еріктілерден құралған 24 топпен карантин талаптарының сақталуы бойынша мониторинг шараларын жүргізуде. Нәтижесінде, 450 хаттама толтырылып, 19 млн 862 мың 700 теңге айыппұл салынды, – деді Серік Ахмет.
Облыс әкімінің орынбасары карантинге қарамастан той жасайтын тұрғындар тыйылмай тұрғанын, бұл көрсеткіш бойынша алда тұрған аудандарды да атады. Ең бастысы, бетперде тағу, арақашықтықты сақтау, антисептик қолдану күнделікті дағдыға айналу қажеттігін баса айтты.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<