Баламалы қуат – шаруашылықтарға шуақ

837

0

Баламалы қуат – шаруашылықтарға шуақ Еліміз «Жасыл энергияға» көшуді пәрменді түрде қолға алды. Бұл бағытта Сыр елінде атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Әсіресе иен даладағы шаруашылықтар жылдамдығы жоғары желдің күшін игілікке жаратуда. 

Бұл орайда қар­мақшылық Абзал Жақсылық тәжірибесін сөз етті. 

– Бұрын қаншама бензогенерато­рымыз бір жылға шыдас бермей күйіп кетіп жататын. Оны пайда­ла­нарда жанармайға тағы бір шығындаласың. Қандай да бір оңтай­лы жолын қарастырумен бол­дым.  Ұзақ уақыт ойлана жүріп, желден энергия алатын құрал туралы зерделей бастадым. Тиімділігі орасан екенін түсініп, сатып алдық. Сонан соң тұғырына труба жалғап, ұзартып қойдым. Жоғарылаған сайын желдің жылдамдығы арта береді екен. Бұл энергияны көп мөлшерде өндіру деген сөз. Қазір жарық мәселесі шешілген. 230 амперлік екі аккумуляторды кезек-кезек қуаттап алып отырмыз. Екінші жылға кетіп барады. Май-су сұрамайды. Бұрынғыдай дарылдап шығатын дауыс та жоқ, жанармай тасып шаршамайсың. Ен­ді күннен энергия алатын құрыл­ғыларды алуды көздеп отырмыз. Бұйыртса, ол мақсатқа да жетеміз, – дейді Абзал.

Осылайша Төребай би ауы­лындағы «Шабан-Ата» шаруа қожа­лығы желден энергия алып отыр. Шаруашылықтың ісін жүргізіп, ата жолын қуған Абзал құрылғыны қолдануды жетік меңгеріп алған. Жел күшейіп, энергияны көп беріп жатса, дереу ажырата қояды. Ен­ді энергияны көп қажет ететін мұздатқышты жұмыс істету қажет. Ол үшін аккумулятор санын көбейту керек екен.

– Қазір жел энергиясы арқылы жарық пен теледидарды, телефон қуаттағыштарды ғана пайдаланып отырмыз. Мұздатқышқа жете қойған жоқпыз. Бірақ оны да істеуге болады, – дейді шаруа.

Бұл күнде шаруашылықтың түр-түрін қолға алған қожалықта мүйіз­ді ірі қара мен жылқы ма­лы бар. Одан бөлек, 20 гектар жерге бақша өнімдері, 22 гектар мақсары, 50 гектардан астам жоңышқа өсіруде. «Сыбаға» бағ­дар­ламасы арқылы сиыр алып, «Құ­лан» бағдарламасымен жылқы өсіріп отыр. 1998 жылы құрылған шаруашылық биыл 20 жылдығын да тойламақ. Бұл қожалықта бірнеше отбасы несібесін айырып келеді. Әйткенмен, малшы табу қиындап барады екен.

– Мәселен, біз малшы алсақ, сиырдың сүтін өзі пайдаланады, жем-шөбін сақадай-сай қылып бере­міз. Барлық қажеттілігін қамтимыз, жалақысы тағы бар. Жақсы пайда таба алады. Бірақ соған адам табу қиын. Осы мәселе болмаса, басқасының барлығы жолға қойыл­ған, – деді тағы бір сөзінде Абзал.

Ауласында желдеткіш айналып, энергия өндіретін шаруашылықтың бүгінгі ісі өркен жайған. Желдің өзін пайдаға жаратқан берекелі іске «бәрекелді» дестік.

Желді кәдеге асырған Абзалдан бөлек жаңақорғандық кәсіпкерлер күн энергиясынан қуат алып отыр.

Мәселен, Жайылма елді меке­ніндегі «Ақбота-2» шаруа қожа­лығының төрағасы Қайрат Мұсатаев күн энергиясынан қуат алатын қондырғы орнатқан. Төрт түлікті түлетіп жүрген азамат осылайша жаңа технологияға мән беріп, қажетіне жаратуда.

Қожалық «Ескітоған» жайлауында. Басына төрт бөлмелі үй салған. Онда үйге қажетті тех­никалық бұйымдар күн энергиясы көзінен қуат алатын қондырғы арқылы жұмыс жасайды.

– Жаңақорған жері – баламалы қуат көзін алуға таптырмас ме­кен­нің бірі. Оған жыл он екі ай мүмкіндік бар. Рас, қуат көзін алу үшін бастапқыда шығын шығаруға тура келеді. Десе де, кейіннен сол игіліктің жақсы тұстарын көресің. Қазір күн батареясынан жиналған энергия қосымша орнатылған 6 қуат жинағыш құрылғыға жетеді. Сол арқылы қуат көзін аламыз. Бұл бізге өте тиімді, – дейді Қайрат.

Қожалық басшысы жабдықтарды Қызылорда қаласынан сатып алған. Оны мамандар арнайы келіп орнатып беріпті. Осылайша 8 дана күн энергиясының панельдері энергияға деген сұранысты арылтқан.

Осындай игілікке аталған ау­дан­ның Қыраш ауылында тұратын Жалбызбай Итаяқов та қол жеткізіп отыр. Ол баламалы қуат көзінен алатын энергия арқылы үлкен аумақты жасыл баққа айналдырған.

Ауданда алғаш болып, күн энергиясынан қуат алатын батареяны орнатқан Жалбызбай Итаяқов құдық моторынан бас­тап, үйге қажетті жарықтандыру жұмысының барлығын осы қуат көзімен қамтамасыз етуде.

– «Мал баққанға бітеді» демек­ші, ертелі-кеш түліктің қамын жасап, шаруашылыққа айналдырдық. Одан кейін жеміс талдарын бақ­ еттік. Ендігі кезекте, ағымына ілесіп, заманауи технологияларды ауылға икемдеп, баламалы қуат көзін пайдаланып жатырмыз. Бұл, елсіз жерде, шаруа баққан жанға таптырмас мүмкіндік екен, – дейді шаруашылық иесі.

Әзірге қолда бар дүниемен қаре­кет жасап отырған қожалықтардың қарқынды ісі қуанарлық, көпке үлгі боларлық.

Елбасының жыл сайынғы Жолдауының өзегі де осы өзгеріске қамдануды қалайды. Яғни, жаңа технологияларды барынша ілгерілету – бүгінгі бәсекенің бас­ты талабы. Өйткені, баламалы қуат көзі – тығырықтан шығар шуақ көзі.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<