Қызылорда қаласы жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Құрылыс қарқыны бір бәсеңдеген емес. Еңсесі биік ғимараттар көптеп бой көтеруде. Халық саны жөнінен өсім байқалады. Аталған оң өзгерістер 2009 жылы ел Үкіметі бекіткен қаланың бас жоспарына түзетулер енгізу қажеттілігін туындатты. Бұл, шын мәнінде, шаһардың ертеңі үшін ауқымды жоба.
Соңғы 5 жылда жаңадан 14 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық адам пәтерге ие болды. Облыстағы құрылыс жұмысының 43,8%-і Қызылорда қаласына тиесілі. 2017 жылдың ең үлкен жетістігі ретінде бас жоспарға сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қала салына бастағанын айтуға болады. Бұрын бос жатқан аумақта құрылыс компаниялары көпқабатты тұрғын үйлер, балабақша, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығын салып жатыр. Ал Қазақ орталық атқару комитеті мұражайы ғимаратының құрылысы аяқталды.
Бас жоспарға өзгеріс енгізуге түрткі болған тағы бір себеп – демографиялық өсім. Қала халқының саны қазіргі күні 294 мың адамнан асты. Жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алуға бүгінгі күні 60 мыңдай адам кезекте тұр. Тиісінше қала шекарасы кеңеюде. Қала аумағы бұған дейін 11 мың гектарды құраса, жаңа жоба бойынша 19,6 мың гектарға ұлғайтылып отыр. 2025 жылға дейін халықтың өмір сүру ортасын қалыптастырумен қоса, қаланың шаруашылық-экономикалық және перспективалық даму бағыттары ескеріле отырып, барлық инженерлік инфрақұрылым сызбалары да түзетілді. Бұрынғы бас жоспардың құрамынан Қызылжарма, Тасбөгет кентінің шекаралары алынып, қала аумағына «Қызылорда-Жезқазған» трассасы бойындағы жалпы көлемі 980, 150 және 670 гектар аумақ енгізілді. Бұл жаңа қоныстану аймақтарын қалыптастыруға зор ықпал етері анық.
Облыс орталығы жеке тұрғын үй құрылысы жаңадан қалыптаса бастаған «Бәйтерек» шағын ауданына қарай дамыса, көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаланы қарқынды дамытуға негізделеді. Алдағы уақытта «Бәйтерек» шағын ауданынан баспана салу мақсатында 3800 гектар аумақ ашу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрған 22 мың азаматтың сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Осыған дейін аталған аудандағы 980 гектар аумақ қажетті инженерлік желілерімен қамтамасыз етіліп, 6600 азаматқа үлестірілген болатын. Бүгінде осы аумақтан қосымша 150 гектар жер телімі әзірленіп, инженерлік желілерінің жобасы дайындалды. Жобаны жүзеге асыру арқылы жер кезегінде тұрған 1 267 адамның сұранысын қанағаттандыру жоспарланды.
Елді мекен санатында болмағандықтан, бірқатар саяжайды инженерлік желілермен қамту мүмкін болмай келді. Тұрғындар тілегіне сәйкес жол, ауызсу және жарық мәселесі жиі көтеріліп келген «Сабалақ», «Эдельвейс», «Орбита» саяжай қала аумағына енгізілмек. Бұл да – бас жоспардағы өзгерістердің бірі. Осылайша аталған саяжайлардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту үшін бюджеттен қажетті қаржыны еш кедергісіз бөлуге мүмкіндік туады. Бұдан 5 жыл бұрын қала халқының саны 240 мың болса, 2025 жылға дейін 310 мыңға жетеді деген болжам бар. Бас жоспардағы түзету бойынша қала аумағы 14 шағын ауданға бөлінді.
Сыр бойының бет-бейнесін қаланың өркендеуімен сабақтастырар болсақ, бас жоспардағы өзгеріс шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ауқымды тарихи жоба болмақ.
Назерке Саниязова,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<