Байқоңыр тұрғындары Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесімен қамтылады

337

0

Байқоңыр тұрғындары Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесімен қамтылады Байқоңыр қаласындағы Қазақстан азаматтары ел азаматтарымен тең дәрежеде медициналық көмек алатын болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, жалпы отырыста палата депутаттары «2009 жылғы қарашадағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

«Келісімінің аясында осы Байқоңыр қаласында тұратын, яғни 48 мыңнан астам Қазақстан азаматтарына көрсетілетін медициналық көмек тек ресейлік медициналық ұйымдармен РФ заңнамасына сәйкес беріледі. Қазақстанда жүзеге асырылатын медициналық көмектің ерекшеліктерін ескере отырып, ел азаматтары заңнамамызға сәйкес тегін медициналық көмекті, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тегін алу, профилактикалық медициналық тексеруден өту заңды құқығымен қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар Байқоңыр тұрғындарында қолжетімді жоғары мамандандырылған медициналық көмекті алу мүмкіндігі жоқ. Бұл мүгедек адамдардың өмірінің және жалпы өмір сүру сапасының төмендеуі қаупін ұлғайтады. Қолданыстағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасы Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын ҚР азаматтарына ұлттық заңнамаға сәйкес, Қазақстан денсаулық сақтау мекемелерімен медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді», – деп нақтылады министр.

Е. Біртанов 2016 жылдың 12 тамызында Байқоңыр қаласында облыстық медициналық орталығының филиалы пайдалануға берілгенін еске салып өтті. Сонымен қатар 2018 жылғы қаңтардан бастап қалада 30 мың адамға қызмет көрсететін емхана ашылды. Қазіргі уақытта бұл емханаға 17 мыңнан астам тұрғын тіркелген. 2019 жылы операциялық бөлімді және жансақтау бөлімшесін ұйымдастыру мен хирургияны ашу жоспарланып отыр.

«Алайда Байқоңыр қаласының аумағындағы қазақстандық медициналық ұйымдардың қызмет көрсету құқығын бекіту – тек заңнамаға өзгерістер енгізу туралы хаттама күшіне енгеннен кейін мүмкін болады. Заң жобасы теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға алып келмейді», – деді министр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<