Байқоңыр қаласында қала периметрін техникалық тұрғыдан күшейту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2018 жылдың бірінші жартыжылдығында қала периметрі бойынша 1 998 метр торлы қоршаулар орнатылып, 3 919 метр қашықтыққа темір тікенекті қоршаулар, 5 193 метр жерге металл науа, 102 бейнекамера қойылды», – деп хабарлады «Тұрғын үй шаруашылығы» қалалық кәсіпорны.
Қазіргі уақытта қаладағы өткізу-бақылау бекеттерінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2018 жылдың бірінші жартысында Байқоңыр қаласының периметрін техникалық тұрғыдан күшейтуге жұмсалған жалпы шығындар 36 миллионнан астам рубльді құрады.
Жұмыстар «Қауіпсіз қала» қалалық мақсатты бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.
«Қауіпсіз қала» бағдарламасының мақсаты – Байқоңыр қаласының аумағына рұқсатсыз кіруге жол бермеу, террористік акт жасау әрекеттерін тоқтату және оның ықтимал салдарларын барынша азайту, қала территориясындағы лаңкестік шабуыл қаупін жою, деп атап өтті баспасөз қызметінен.
Қаланың периметрін техникалық жағынан нығайту жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<