Байқоңырда 1960 және 1963 жылдары 24 қазан күні ғарыш айлағында болған апат құрбандарын еске алу шаралары өтіп жатыр, – деп хабарлайды «Азаттық».
Сарбаз паркінде орнатылған мемориалда апатта қаза тапқан сынақшы мамандарды еске алған қаралы жиын болды. ҚазТАГ-тың хабарлауынша, еске алу шарасына кәсіпорындар мен ұйымдар қызметкерлері, ардагерлер, оқушылар мен студенттер қатысты. Еске алу шарасы 41 және 70-ұшыру алаңдарында да болады. Бұл жерде апат болған орындарға гүл шоқтары қойылады.
1960 жылы 24 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағының 41-аумағында (бұрынғы СССР қорғаныс министрлігінің 5-полигоны) зымыран ұшыру тарихындағы ең ірі апат болған. Ұшу алаңында ғарышқа самғағалы тұрған Р-16 зымыранында жарылыс болып, өрт салдарынан зымыран жанында болған 74 адам қаза тапқан, 50-ден аса адам жараланған.
Арада тура үш жыл өткенде, 1963 жылы 24 қазанда ғарыш айлағының 70-аумағында Р-9 зымыраны ұшуға орнатылатын шахтада өрт шығып, тоғыз адам опат болған. Осы екі апатқа байланысты әр жылы қазанның 24-і Байқоңырда апатта қаза тапқандарды еске алу күні болып белгіленген. Бұл күні ғарыш айлағында барлық жұмыс тоқтатылып, зымыран ұшырылмайды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<