2016-2020 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму бағдарламасы Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің өңірлік деңгейдегі негізгі стратегиялық құжаты болып табылады.
Облыстық 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы 2015 жылдың 10 желтоқсандағы Қызылорда облыстық мәслихатының №323 шешімімен бекітіліп, қазіргі таңда бағдарламаға 3 рет өзгерістер мен толықтыру енгізілген.
Бағдарлама ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті, өзге де салаларды дамытып, өңірдің табиғи-ресурстық, әлеуметтік әлеуетін тиімді пайдалану негізінде тұрғындардың жағдайын жақсартуды қамтамасыз ету мақсатында 5 жылдық кезеңге әзірленді.
Аталған құжат өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын, мақсаттарын, көрсеткіштерін қамтиды.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 2017 жылы өнеркәсіптің өңдеуші секторында, ауыл шаруашылығында, тұрғын үйлер салуда, аймақтың әлеуметтік дамуына инвестициялар тартуда және де құрылыс жұмыстарын жүргізуде оң тенденциялар қалыптасты.
Экономиканың салаларында жыл ішінде 13105 жұмыс орны құрылды, оның 11561-і тұрақты. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен 4,8 процент шегінде болды.
Тұтыну бағалар индексі маусымдық өсімге қарамастан, жыл бойы республикалық орташа көрсеткіштен төмен болды. 2017 жылдың қорытындысымен 106,6% құраса, республика бойынша 107,1%-ті көрсетті. Оның ішінде азық-түлік тауарларының баға индексі 106,6%, азық-түлік емес тауарларларының баға индексі – 108,9%, ал ақылы қызметтер –104,4%. Мемлекеттік бюджетке 104,6 млрд теңге салық және басқа міндетті төлемдер аударылып, болжам 102,7 процент орындалды.
59 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 25-сі пайдалануға берілді (білім – 17, денсаулық сақтау – 2, мәдениет – 1, спорт – 1, басқалар – 4 нысан).
2017 жылы 1983 пәтерлік 47 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілді, оның ішінде мемлекет қаржысы есебінен 1600 пәтерлік 36 көпқабатты үй пайдалануға берілді.
Облыс және аудан орталықтарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жұмыстары жалғасты. Бұл мақсаттарға республикалық және облыстық бюджеттерден 4 млрд теңге бөлініп, 164 шақырым инженерлік желі салынды.
Облыс орталығындағы апаттық тұрғын үй мәселесі шешілді.
Сонымен қатар, бағдарлама орталық мемлекеттік органдарға облыстағы жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалаудағы және стратегиялық мақсаттар мен көрсеткіштерді жүзеге асырудағы жергілікті атқарушы органдар қызметіне мониторинг жасауға негіз болып табылады.
«Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №954 Жарлығына сәйкес мемлекеттік органдардың қадағаланатын саланы/аяны/өңірді дамытуды қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдалану бойынша қабылдайтын шараларының тиімділігін айқындау мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі «Мақсаттарға қол жеткізу» блогы бойынша 2017 жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы әкімдігі қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілді.
Аталған бағалау 2017 жылдың қорытындысымен 2016-2020 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму бағдарламасын іске асыру жөніндегі есебі негізінде жүзеге асырылды.
2017 жылдың бағалау нәтижесіне сәйкес Аумақтарды дамыту бағдарламасының мақсаттарына қол жеткізу бойынша Қызылорда облысы әкімдігі қызметінің тиімділігінің жалпы бағалау қорытындысы 46,7 ұпайды құрады. Көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 1,2 ұпайға жоғарылап, оң нәтиже көрсетті.
Сәуле ҚҰЛЫМБЕТОВА,
облыстық экономика және
бюджетті жоспарлау
басқармасының басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<