Байырғы саланың бүгінгі белесі

426

0

Байырғы  саланың бүгінгі белесі Кеше Қамбаш  көлі  жағасында  Арал өңірі балықшыларының IV слеті  өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Халықаралық Аралды құтқару қорының, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Ресей Федерациясынан делегация өкілдері қатысты.

Соңғы жылдары дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан шара байырғы саланы жаңа белеске көтерудің бастамасына айналды. Табиғаты көз тартатын Қамбаш көлі жағалауында өткен слетке қатысушылар өңірдегі балық өңдеумен айналысатын кәсіпорындар өнімдері қойылған жәрмеңкені тама­шалады. Төртінші слет шы­мылдығы жергілікті өнер­паздардың Астана қаласы­ның – 20, Қызылорданың 200 жыл­дығына орай арнайы дайындаған сахналық көрі­нісімен басталды. Онда алтын балық ұстаған балықшы тілегін айтса, өнерлі жастар Сыр елін әнге қосты. Жиынды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев балықшыларды айтулы күнмен құттықтады.

– Елбасының бастамасымен жүзеге асып, «Ғасыр жобасы» атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы аясында атқарылған ауқымды шаралар нәтижесінде, атакәсіп – балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дамуда. Қасиетті Сыр елі өзінің жерасты байлығы – мұнай, уран, түрлі-түсті металдар, ақ күріші, төрт-түлік малымен бірге Арал балығымен де мақтана алатындай берекелі, құтты мекенге айналуда. Көп жыл ұмыт болып, бүгінде дәстүрге айналған балықшылар слетінің негізгі мақсаты – саланың жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу, осы кәсіпті дамытудың жолдары туралы пікір алмасу, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Елбасының ізгі бастамасын лайықты жал­­­ғастыру мақсатында өт­кен жылы Қызылордада бірін­­ші Арал халықаралық тұ­­рақты дамыту форумы ұйымдастырылғанын атап өтті. Орталық Азия елдері өкіл­дерінің қатысуымен өткен осы шарада   Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылған күні 26 наурызды  «Арал теңізінің күні» деп жариялауға шешім қабылданды. Биыл Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жылдығы аясында облыста теңіз күні алғаш рет аталып өтті.  «Ғасыр жобасы» атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы аясында бірінші кезекте атқарылған ауқымды шаралар нәтижесінде, Арал өңірінің ата кәсібі – балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге жетіп, қарқынды дамып келеді.

Бүгінде Арал теңізінен жы­лына 8 мың  тонна балық ауланып, жергілікті балық өң­деу зауыттарында өңделуде. Соңғы 5 жылда аймақтағы балық аулау көрсеткіші 2 есеге артқан. 2013 жылдан бері балық өнімдерін өңдейтін 4 зауыт салынса, оның 4-і өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік бере­тін еурокодқа ие.

Қазір Сыр балығы Ресей, Грузия, Әзербайжан, Дания, Польша мен Қытай елдеріне экспортталып жатыр. 2012 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8 есеге артты. 2018 жылдың І жартыжылдығында балық өнімдерін экспорттауда 32% өсім байқалды.

Саланың аймақ экономика­сындағы өзіндік салмағы, тұрмыстық-шаруашылық, тарихи мән-мағынасы ешбір кеміген жоқ.    

Аймақ басшысы өз сөзінде осы жылы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың Сыр өңіріне жасаған сапарында облыс үшін үлкен бір мәселенің шешімін тапқанын айтып өтті. ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен Аралда өткен арнайы мәжілісте «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші фазасының іске асыру барысы кеңінен талқыланған болатын. Нәтижесінде жобаның екінші фазасының 4 компонентін республикалық бюджет есе­бінен жүзеге асыру жөнінде шешім қабыл­данды. Соған сәйкес бүгінде «Қызылорда» су торабын ке­шенді жөндеу, Жалағаш, Қармақшы аудандарында өзен­нің қорғаныс бөгеттерін нығайту және арнасын түзету, Қазалы ауданында Бірлік елді мекені тұсында көпір салу бойынша жұмыстар басталды. «Көкарал» бөгетін нығайту және «Қарашалаң» мен «Тұщы» көлдерінің тұ­сында өзеннің атырауын қалпына келтіру жөнінде де тиісті шешімдер қабылданған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<