ЫНТЫМАҚТЫҢ ЫРЫСЫ

896

0

ЫНТЫМАҚТЫҢ ЫРЫСЫ Сыр өңірі – алмағайып заманда сан ұлтты бауырына  басқан, сол арқылы бүгінде берекеге кенелген бірлік пен ынтымақтың мекені. Жергілікті халықтың дархан пейілінің арқасында ұлы өзеннің жағалауында қаншама ұлт пен ұлыс бір-бірімен жарасып, тату-тәтті күй кешуде. Қазіргі таңда оларға тарихын тануға, мәдениетін өркендетуге қолайлы жағдай жасалған.
Өңірімізде 11 ұлттық этно­мәдени бірлестік бар. Олар елдің дамуына өз үлестерін қосып, бірлік пен татулықтың негізін қалауда.
«Lev ami» Қызылорда облыстық еврей этномәдени бірлестігі: 2006 жылдың наурыз айында құрылған. Оның төрайымы Ли Людмила Ивановна. Бірлестіктің негізгі мақсаты – еврей халқының тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтау, дамыту.
Этномәдени орталық барлық іс-шара­ларға белсене араласады. Облыстағы басқа да этностармен бірігіп Наурыз, Қазақстан халқы бірлігі күні мерекелерін тойлайды. Со­нымен қатар ұлттық мерекелер Рош-а-ша­на, Ханука, Песах мере­келерін атап өтеді. Бүгінде олар тарихи Отанымен тығыз байланысып тұрады.
1989 жылы Алматы және басқа да облыс­­тық қалаларда корейлердің мәдени орта­­лықтарын ашу жұмыстары қолға алынды. 1990 жылы 17 наурызда Алматы қаласында Қазақстан корейлерінің құрыл­тай конференциясы өткізіліп, онда Қазақстан корейлерінің мәдени орта­лықтарының рес­пуб­ли­калық ассоциациясы құрылды. Осы­лайша «Қызылорда облы­сының корейлер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі жұмыс істей бас­тады. 1995 жылдан бері ол Қазақстан корейлерінің қауымдастығы деп аталады. Бұл қауымдастықтың жұмыстарының басым бағыттары: корей тілі мен салт-дәстүрлерін қайта жаңғырту, тарихын зерттеу, өзіндік қайталанбас мәде­ниетін, өнерін, әдебиетін дамыту, Қазақ­стандағы демократиялық, құқықтық мемлекет құру үдерісіне корей этносының белсенді араласуын қамтамасыз ету, халықтар арасындағы достықты нығайту, халықаралық мәдени-экономикалық байла­ныстарды дамыту. Қазір құрылым мақсатына сай жұмыс істеп, Сыр бойында ұлтаралық келісімнің  салтанат құруына үлес қосып келеді.
Татар этномәдени бірлестігі 1991 жылдың 27 қаңтарында құрылды. Тәуел­сіздікпен бірге шаңырақ көтерген орталық аталған жылдар ішінде еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Бірлестіктің алғашқы төрайымы Нағима Ахмадеева. Бірлестікті 20 жыл көлемінде Галия Гизатуллина басқаруда. Бүгінгі күні Қазақстанда 300 мыңға жуық татар ұлтының өкілі өмір сүріп келеді. Ал, Сыр елінде 1500 татар этносы бар.
«Славяне» қоғамдық мәдени орталығы 1997 жылдың 16 шілдесінде құрылған. Осыдан 20 жыл бұрын шаңырақ көтерген бірлестік аталған жылдар ішінде еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосуда. Бірлестіктің алғашқы төрайымы Литвинова Нелли Трофимовна болатын. 1998 жылдан бастап Щербакова Галина Сергеевна басқарып, орталықтың жұмысын жүйелеп, негізін қалады. Бүгінгі күні Сыр елінде 15571 славян этносы бар. «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы жанында «Халықтық қолөнерге үйрету» клубы, «Сударушки» вокалды тобы, «Надежда» жастар клубы, «Веселушки» вокалды тобы және «Жемчужинка» би тобы жұмыс жасайды. 2004 жылдан бері «Қазақстан мен Ресей мәңгілік бірге» атты дәстүрлі фестиваль өткізіліп тұрады. Бұл фестиваль 2014 жылдан бастап «Достықта шекара жоқ» деп аталады. Он жылдан астам уақыт бойы қалалық деңгейде «Масленица» мерекесі аталып келеді.
«Беркат» Қызылорда облыстық шешен этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі. Қазақстандағы алғашқы шешен-ингуш хал­қының қоғамдық бірлестігі 1989 жылы Алматы қаласында құрылды. 1995 жылы ҚР Әділет министрлігінен «Беркат» шешен және ингуш халықтарының мәдениетін дамыту ассоциациясы болып қайта тіркеуден өтті. Өңіріміздегі бірлестік 2003 жылы құрылған. Тағдырдың жазуымен қазақ жеріне қоныс аударып, Қазақстан өз Отандарына айналған шешен диаспорасы еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.
Аймағымызда тұратын этникалық грек­тердің саны көп емес. «Понтийцы» этномәдени орталығы грек халқының ұлттық киімдерін тігіп, ұлттық би билеумен айналысады. Өздерінің ұлттық аспаптарында ойнайды. Қара теңіз жағалауында тұратын барлық халықтарға (түрік, болгар) ортақ музыкалық аспап – кеменджеде ойнауды үйрету – олардың басты мақсаты. 2014 жылдан бастап, «Понтийцы» этномәдени орталығын Федор Филиппович Алхазов басқарады.
Қырғыз этномәдени орталығы қоғам­дық бірлестігі. Қазақстанда ресми тіркелген он мыңға жуық қырғыз өмір сүреді. Бүгінгі күні Қазақстан қырғыздарының ассоциациясын құру жұмыстары жүргізілуде. 2010 жылы маусымда Қызылордада облыстық қырғыз ұлттық-мәдени орталығы құрылды. Орталық жетекшісі болып Жұбатқанов Сақтапберген Әнесұлы сайланды.
«Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғам­дық бірлестігінің Қызылорда филиалы. Қазақстандағы орыс қауымы қоғамдық бірлестік ретінде 1992 жылы қыркүйекте тіркелген. Ұлтаралық тұрақтылық пен тату­лықты сақтауға белсене араласуды мақсат еткен ұйым құрылған уақыттан бері орыс қауымы әлеуметтік-мәдени мәселелермен тұрақты айналысып, оның шешілуіне үлкен мән беріп келеді. «Русская община Казахстана» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы осы мақсатты негізге ала отырып, өз жұмысын облысымыздағы өзге де этномәдени бірлестіктермен тығыз байланыста жүргізеді. Құрылған кезінен бастап орыс қауымдастығы жергілікті билік пен қала, облыс тұрғындары арасында таныла бастады. «Русская община Казахстана» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Владимир Толоконников.
Өзбек этномәдени бірлестігі де – облыстағы белсенді ұйымдардың бірі. Құрылған уақытынан бастап қазіргі күнге дейін оның төрағасы Ашур Хамидов болды. 2016 жылдан бірлестікті Қахар Дадашев басқарып келеді. Жергілікті халықпен біте қайнасып кеткен өзбек этносы ел бірлігін бекіте түсетін шаралардың белортасынан табылып келеді.
«Қызылорда облыстық түрік этно­мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі.  2004 жылы 22 желтоқсанда құрылған. Орталықтың мақ­саты – түрік ұлтының салт-дәстүрлері мен мәдениеті, түрік тілін насихаттау. 2005 жылғы мәлімет бойынша облыс аумағында 2500 түрік диаспорасы тұрады. Олар негізінен Қармақшы, Жаңақорған, Шиелі аудандарында қоныс­танған. Бірлестік жетекшісі Гүлчин Гейдарова.
Неміс ұлттық-мәдени орталығы 1998 жылы 7 қазанда тіркелген. Орталық неміс ұлтының мәдениеті мен тілін қайта өркендету, әлеуметтік қорғау мәселелерімен айналысады.
Бұл орталықтардың басты мақсаты аймақтағы халықтар арасындағы ынты­мақты нығайтып,  өз ұлттарының мәдени мұраларын сақтау. Сондай-ақ, еліміздегі ұлтаралық келісім мен өзара түсіністікті қалыптастыру. Мұндағы орталық өкілдері ел өміріндегі әрбір мәселеге бейжай қарамай өз үлестерін қосып келеді. Сонымен қатар, өз тараптарынан  түрлі шараларды ұйымдастыруды жолға қойған.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<