72 жыл бұрын (1946) Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Әубәкіров Тоқтар Оңғарбайұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірген. 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындаған. 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крейсердің алаңқайшысына «МиГ-29г» реактивті ұшағын шеберлікпен дәл қондырған. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылы сәуірдің 2-сінде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы қазанның 2-сінде Байқоңырдан «СоюзТМ-13» кемесімен ұшқан. Ғарышта ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынған. Сонымен қатар Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды, аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өткен. Ол Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери партриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. 1992-1993 жылдары – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары. 1993-1994 жылдары – Қазақстан Республикасы Ұлттық Аэроғарыш агенттігінің бас директоры, Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары. 1994-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 1996-2000 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, кеңесшісі. 2000-2001 жылдары – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары. 2002-2003 жылдары – «Испат-Қармет» ААҚ-ының корпоративтік істер жөніндегі орынбасары. 2004-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық іс, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.
««Парасат» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен «Құрмет белгісі», Ленин, Қазан революциясы, «Алтын крест» ордендерімен марапатталған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<