Бір ауылға бір миллиард теңге

1524

0

Бекарыстан би – Қазалыдағы ең үлкен елді мекен. 500 түтіні бар ауылдың басты кәсібі – мал мен егін. Одан бөлек, бақша егіп, бау ұстайтындар да жетерлік. Жақын жердегі көлдерден балығын аулап, беймарал тірлік кешкен жақсы жұрт.

Жыл басталысымен жа­ғымды жаңалық ес­тілді. Құжатта Майдакөл ауылдық округі деп жа­зылғанымен, байырғы тұрғындарға бұл ел Карл Маркс атымен жақсы таныс. Ал тәуелсіздікпен бірге туған кейінгі толқын «Бекарыстан би ауылынанбыз» деп сөйлейді. Міне, осы ауылға 1 миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Мұндай сома қайдан келді десеңіз, Үкімет қабылдаған «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағ­дар­ламасы» көпшілікке таныс.  Осы бағдарлама ішіндегі «Ауыл – ел бесігі» жобасы күйі қашқан көп ауылдың еңсесін тіктеп келеді. Қаржы көзі осылай келген еді.

Қарап отырсақ, әдеп­кіде осынша қыруар ақша ауылға келе ме деген күдік болды. «Әй, қайдам» десіпті ағайын. Көп шаруаны атқарамыз деп айтқан атқамінерлердің ауылдағы мәселеге келгенде, тұралап қалатыны өтірік емес еді. Мұндағы жұрт соны уайымдаған. Әйтпесе, сенімге селкеу түсіретіндей өзге оқшау ой қарапайым халықта қайдан болсын?

Қош, қаржы бөлініп, қандай шаруа атқарылды десеңіз, біз тізбектеп айтып көрейік. Жоғарыда айтқандай, Бекарыстан би ауылының әлеуметтік және инженерлік инфра­құры­лымын дамытуға бюд­жет­тен 930,4 млн теңге бөлінгені белгілі.

Әуелі мектеп жөнделді. Бұрын ішінара жөндеу жұмыстарына қаржы қарал­ғанымен, шатыры көнерген мектепке 50 млн теңгеден астам ақша бөлінді. Екі қабатты үйдің  төбесі тү­гел жаңарды. Жаңбырлы күні «сыздықтаған су қай маңнан тесіп өтіп, төбемізге тамар екен» деген уайым енді бұл білім мекемесінде болмаса керек-ті.

Бұл ауыл көптен күткен жаңалықтың бірі – ауызсу. 170 млн теңгеге жуық қаржы берілді. Жоба бо­йынша 464 тұрғын үйге және 5 мекемеге ауыз су сервистік желісі  тартылыпты. 154 құдық  орнатылған. Қазір ішкі монтаждау  жұмыстары  жүргізілуде.  

Енді Бекарыстан бидің қараңғы көшелерінде қор­қыныш болмайды. 8 кө­шеге жарықтандыру жүр­гізіліп жатыр. Ел болған соң тентегі болары белгілі. Қолындағы азын-аулақ малын ұрыға алдырып қояр момын жұрт әр елде де бар емес пе?! Көшеден жарық түсіп, шақырайып тұрса, сұғанақтыққа өзі кедергі. Қазір С.Сейфуллин, Қ.Са­риев, М.Ізмағанбетова, Ү.Түктібаев, Ә.Тілеубаев көшелерінің шамы іске қосылған. Қ.Мәкенов көшесіне 85 дана металл, тірек шамымен орнатылыпты. Ал А.Нұрпейісов, З.Қалиева, Ғ.Мұратбаев көшелеріне бетон тірегі қойылып, кабелі тартылған. Екі дана КТПН трансформаторына соңғы көшелерді қосу  жұмыстары басталды. 130 миллион теңгеге жуық қаржы осы шаруаның бүге-шігесіне дейін бөлінген.

Бұл ауылда өмірі жөндеу түгілі жол түспеген, ала шаңы шығып жатқан көшелер бар болатын. Жері саз аралас қара топырақ. Сәл күн бұзылып, жаңбыр сіркіреп өтсе, мектепке баратын оқушы біткен лай кешуге мәжбүр. Ауылда 9 көшеге асфальт төселіп, ірі үш көшеге тротуар салынып жатыр.

– Көше жолдарын жа­ңар­туға 582 млн теңгеден астам қаржы берілді. 9 елді мекен ішіндегі жолға орташа жөндеу жүргізілуде. Мердігер мекемелер «Нұрас и К» және «Сыр Маржаны» ЖШС жұмыстарын толығымен уақытылы атқарып келеді. Қазір 5, яғни С.Сейфуллин, Қ.Сариев, Ә.Нұрпейісов, З.Қалиева, Ү.Түктібаев кө­ше­лерін жөндеп бітір­дік. М.Ізмағамбетова, Қ.Ма­­кенов көшелеріне асфальт төселіп жатыр. Ал Ғ.Мұратбаев, Ә.Тілеубаев көшелерін тегістеу жұ­мыстары басталды. Мер­дігер мекеме өкілдеріне кейбір кеткен кемшіліктер тұрғындар тарапынан айтылып жатады. Оны өзіміз де бақылап, жұмыс барысында түзеттіріп отырамыз, – дейді ауыл әкімі Қонысбек Құрманбаев.

Айтпақшы, жоғарыда айтқандай, ­Бекарыс­тан биде «Жұмыспен қам­тудың жол картасы» бағ­дарламасы бо­йынша үш көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Барлығы үш шақырымды құрайтын тротуарға 45,5 млн теңге қаржы берілген. Қазір Түктібаев, Е.Тілеубаев кө­шелерінің жұмысы біт­кен. Енді 1,8 шақырым М.Күзембаев көшесіне жаяу  жүргіншілер жолы тегістеліпті. Ауыл жігіт­терінен құрылған 2 бригада жұмыс істеп жатыр. Бүгінде 1 шақырымнан астам бордюр қойылып, артынша  брусчатка  төсеу  жұмыстары  басталып кеткен.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<