1 сәуірден бастап бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталады. Алдағы 2022-2023 оқу жылында 19 568 оқушы қабылданады деп күтілуде. Мектепке құжаттар «электронды үкімет» веб порталы арқылы электронды түрде жіберіледі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Дәулетәлиев хабарлады.
– Мектепке 6 жасқа толған және биыл 6-ға толатын балалар қабылданады. Айта кету керек, баланың жасы 1 қыркүйекте толық 6 жаста болса ғана қабылданады. Ал баланың жасы жетпесе тек ата-анасы немесе заңды тұлғалары қалаған жағдайда мектепке бару мүмкіншілігі бар. Ережеге сәйкес 1-сыныпқа қабылдау кезінде алдымен қызмет көрсету аумағынан өтініш білдірген 3 үміткер, содан кейін басқа аумақтан 1 үміткер қабылданады. Білім беру ұйымдары міндетті көрсетілген тізбеден тыс құжаттарды тапсыруды өтініш берушіден талап етуге құқығы жоқ. Сонымен қатар мектепке қабылдану үшін ешқандай емтихан тапсырылмайды, – деді Нұрлан Дәулетәлиев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<