Биыл халық жеңілдетілген ипотекаға ие болуы мүмкін

409

0

Биыл халық жеңілдетілген ипотекаға ие болуы мүмкін 2018 жылдан бастап, азаматтарға 25 жылға жеңілдетілген 7% ипотекалық несие беріле бастауы ықтимал. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 әлеуметтік бастамасына орай пікір білдірген Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Алдымен депутат Мемлекет басшысының бастамасын жүзеге асыру үшін сапалы заңдар қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Президенттің бүгінгі бастамасында халыққа жеңілдетілген несие беру мәселесі толық шешімін тапты. Өз кезегінде біз Елбасының бастамаларын жаңа нормативтік-құқықтық актілер қабылдау арқылы сапалы түрде жүзеге асыруымыз қажет», – деді ол Парламент палаталарының біріккен отырысы аяқталған соң.

Осы орайда Нұртай Сабильянов Президент ұсынған «7-20-25» бағдарламасы арқылы халық тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік алатынын жеткізді.

«Ипотекалық несиені екінші деңгейлі банктер арқылы да алуға мүмкіндік туындайды. Қазіргі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы ғана несие беріліп жатыр. Ал аталған банктің барлық өңірде бөлімшелері жоқ. Сондықтан халыққа қай банк ыңғайлы болса, содан жеңілдетілген несие беру қолға алынады. Яғни, Қазақстанның барлық банкі осы бағдарлама аясында жеңілдетілген ипотекалық несие беру мүмкіндігіне ие болады», – деді ол.

Сонымен қатар, депутат қазақстандықтар жеңілдетілген ипотекалық несиені биылдан бастап алуы мүмкін екенін айтып қалды.

«Елбасының осы бастамаларын заңмен қамтамасыз етіп, бюджет нақтыланғаннан кейін жеңілдетілген несие беру басталады деп ойлаймын. Менің пікірімше, осы жылдан бастап халық жеңілдетілген несие алып қалуы ықтимал. Себебі, республикалық бюджет нақтыланған кезде осы бастамаларын жүзеге асыруға арналған қаражаттар қарастырылады», – деп түйіндеді сөзін Нұртай Сабильянов.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының біріккен отырысында қазақстандықтардың пәтерге қолжетімділігін арттыратын «7-20-25» бағдарламасы іске қосылатынын мәлімдеген.

Президенттің айтуынша, аталған бағдарлама бойынша әрбір жұмыс істейтін азамат 25 жылға 7 пайызбен ипотекалық несие алуға мүмкіндік беріледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<