Біздің ауыл

2171

0

Ауыл балаларының қуаты бойына сыймай жүреді ғой. Ағам жазғы демалыс бойы екі інімді ілестіріп, азаннан кешке дейін ойын қуатын. Ұлдар мені қосқылары келмейтін. Олардың соңдарынан қалмай ілесіп, үндемей жүріп аңдуды әдетке айналдырдым.

Бір күні үшеуі тоз-тозы шыққан көкдәрі сақтайтын қойманың жартылай шашылып қалған шатырларын аяқтарымен теуіп-теуіп, төбесінен ішіне секіріп түсті. Мен арсасы шыққан есіктің тесігінен сағалап тұрдым.

Ағам қойма ішіндегі пыыыыр етіп үркіп ұшқан көгершіндерді ұстап алды да, екі ұлға саусағымен тыныш дегендей белгі беріп, қанаттылардың тұмсығына белгісіз бір сұйықтық құйды, әлгілер әп-сәтте сылқ етіп, қылжия-қылжия қалды…

Араға апта салмай манағы екі құттай, бір үлкен, қоймаға қайта келді. Аға бырыққан бірнеше сымды бір-біріне жалғап, мысықтың аяғын әлгілермен буды да, бас жағын токқа қыстыра салды. Мяяяу деуге үлгірмеген мысық төрт аяғын керіп, қатты да қалды. Жылап жібердім. Есіктің тесігіне тура қараған ағам: «Сен қыз, таяқ жейсің» деді.

Көргендерім көзіме сыймай, көмейіме тығылған өксік тұла бойымды өртей, үйге қарай жүгірдім. Жүгіре жылап әрең жеттім. Өзіме өзгенікін қондырып қойғандай – көзім, мұрным, ерінім әбден ісіп, бет-аузым домбығып кеткен.

Анам су шашып, есік алдын сыпырып жүр екен. Өңімді көріп зәресі ұшты. Анасынан қызының жасырар сыры бар ма?

Кешкі астың соңы сот залына айналды. Көздері жасқа көмілген ағаның «таяқ» туралы айтуға шамасы да келмей қалды. Анам ұлдарға қатаң сөгіс жариялады.

– Бұдан былай аулада ғана ойнайсыңдар!

– Көшеге қарай жарты қадам да баспайсыңдар!

– Көршілерге көлеңкелерің де түспейтін болсын! деген шешіммен жиналыс тәмәм болды.

Қайдағы, екі күн өтті ме жоқ па, үшеуі енді ауыл балаларына ілесіп, сымдағы тізілген қарлығаштарды ату ойынына кірісіп кетті.

Лақтырылған тастар тура тиген құстар бірінен соң бірі топ етіп жоғарыдан төменге құлайды. Мен жылдам-жылдам жүргіріп, жансыз қарлығаштарды жинаймын да, тез-тез құмға көмемін. Жатқан жерлерің жарық болсын дегенді айтуды да ұмытпаймын. Ойынның бұл түрі күнде қайталанды. Оқиға елді шулатты. Ауыл жиналысында да айтылған. «Ұлдарыңды қамап, сыртынан құлыптап жүріңдер» дегенді де естірттіңдер -ау деп анам қатты кейіді.

Мал баласын қорада, ауыл баласын аулада ұстау мүмкін бе? Бір күні үйде жатып әбден іші пысқан аға екі қолын желке тұсына айқастырып, қос көзімен төбе тесіп жатып:
– Бауырлар, алыс емес күндердің бірінде Сарышығанаққа барамыз. Қайық табуымыз керек. Сосын қамыстарды жапырып жүземіз. Масалардың өзін маңайымыздан бездіреміз. Балық, бақа-шаян дегендердің парша-паршасын шығарамыз, – деп үдетті.

Сиқырлы сурет көз алдыма тұра қалды. Іштей, ілестірмейтін шығар деп ойладым да, су сепкендей басылдым. Аға менің ойымды оқып қойғандай: «Бауырлар» деп тағы да қыздырды сөзін. –Кімде кім көшеден темекінің тұқылын тапса, ағасына әкелсін!. Дауысы өктем шықты…

Сол күні кеште нағашыларға бара жатып мәдениет үйінің жанынан тартылмаған темекінің бүп-бүтін біреуін тауып алдым. – Рас па деймін көздеріме. – Рас- дейді саусақтарым. Кейін шегіндім де, үй жаққа жүгірдім. Аға кең кереуетте керіліп ұйықтап жатыр екен.

– Аға, аға деймін ентігіп. Жамбасын жалқаулана көтеріп кері бұрылған ол,

– Кетші әрі дейді.

Темекі. Тартылмаған. Тездетіп айтамын. Аға көздерін әрең-әрең ашып, жеңіл жаз көйлегінің сол жақ кеуде тұсын оң қолымен қағады. Менің де тағатсыздана күтіп тұрғаным, оңай олжаның тез орын тапқаны, ілезде сүңгітіп жібердім.

Жалғыз түйір темекіні жалғыз ағама жеткізіп, көйлегімдегі гүлдерге жан біткендей көңілденіп келемін. Манағы мәдениет үйіне жақындай бергенде, алдында үйіріліп тұрған ұлдарды көріп, ыңғайсызданғаннан ыңылдап әндетуге көштім.

Кенет «Өрт», «Өрт» деген дауыстың қайдан шыққанын түсінбей, қай жаққа қарарымды білмей, қаттым да қалдым. Артыма бұрылсам, біздің тезек қораны аямай от орап жатыр екен.

Бар екпініммен жүгіремін дегенде, тепе-теңдігім кеміп, омақаса құладым. Екі тіземді тырнап алған уақ тастар таусылар емес. Жүгіріп келемін. Жүгіріп келемін… Жеттім…

Көзім көріп, көңілім сенгені: аға тезек қораға кіріп, темекіні тұтатқан да, сіріңкені керосин бакқа лақтыра салған. Сіріңкеге де керегі сол, сырты сыланбаған қораның қамысының үлпілдегіне тиген тілсіз жау, жалма-жан жан-жағын жалап, айналасын бірден жайратуға көшкен.

Өрт сөндіруші біздің ауылда қайдан болсын. Жәшік-жәшік құм, шелек-шелек су, өршігенді өшірді. Бір тұқыл бүкіл тезектің түбіне жетерін білгенде, тып-тыныш жүруші едім ғой. Сол күні әкем ағамды қатты сабады.

Қора өртенгеннің екінші күні анам ауырып, ауруханаға түсті. Әкемнің айтуы: тәртібі төмен балаларға ана бола алмайды екен. Анамның өзі дәл солай айтқан. Мен еңіреп қоя бердім. Інілерім маған қосылды. Аға да көздерін тез-тез уқалап жіберді…

Анамсыз үйдің іші үрейлі. Азынаған жел саңылауынан сығалап, бар екпінімен терезені итеріп-итеріп жібереді. Бөлмелердің бәріне анамның исі сіңген. Үй көйлегін айтсаңызшы, иіссу секілді. Оны танауыма тақап, ұзаққа ұйықтамай, әрең-әрең көз ілемін. Екінші ініме тіпті қиын. Ол омыраусыз ұйықтамайды. Жасы дейсіз бе?. Екіні үшке қосыңызшы. Бірінші інімдікі, тоғыздан екіні шегерсеңіз, тура болады. Мен бе?. Он сегізді екіге бөліңіз. Ағаныкі алтыға екіні көбейтіп, бірді алсаңыз, шығады.

Інілеріме ерінбей ертегі оқып отырған күндердің бірінде босағадан кіре сүрінген аға «Шығыңдар» деп айғайлады. Түк түсінбесем де, сыртқа қарай тұра жүгірдім.

Анам арты ашық жүк көлігінің алдыңғы жағынан түсіп жатыр екен. Қолындағы құндағын бірден маған ұстатты. Бөпе деймін бауырыма қысып. – Қыз, – дейді әкем.

– Атын айта ғой, – дейді анам. Қатты қуанғанымды көрсеңіз. Аспанға қарадым. Сымда тізіліп тәртіппен отырған құстарды көрдім. Қарлығаш деймін. Сіңлімнің атын алғаш айтқан адам өзім болдым.

Ағаның күрт өзгергенін көрсеңіз ғой. Ол көгершін көздеп, қарлығаш атып жүрген «ақымақтарды» көрсе қуып жетіп, қолын қайыратын болды. Ауылдың үлкендері ағаны «құстардың күзетшісі» атады.

Расымен де, біздің көгімізде көгершіндер көбейді. Қарлығаштың ұясын әр түкпірден табасыз. Құстардың әсем әніне көмілген бұл қай мекен деп ойларсыз. Иә, бұл біздің ауыл. Адамдардікі тәрізді, ауылдардың да аты болады. Біздің ауыл ешқашан қартаймайды.

Себебі бізден бұрынғылар оны «Жас» деп атаған.

Жібек Болтанова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<