Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақзира Қасымова 2018 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен мемлекеттік білім грантын иеленгендер туралы қысқаша баяндады.
Айта кетейік, аймақ бойынша биыл мектеп бітіруші 7113 түлектің 4742-сі, яғни 66,7%-і ҰБТ сынағына қатысып, орташа 85,82 балл жинаған еді. ҰБТ-ның нәтижесі бойынша бүгінгі таңда 2732 түлек мемлекеттік грант иегері атанды. Жалпы мамандықтар бойынша саралайтын болсақ: педагогикалық мамандықтарға – 696, денсаулық саласына – 207, техникалық ғылымдар және технологиялар – 1236, ауыл шаруашылығы саласы – 283, қызмет көрсету саласы – 155, әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес – 113, өнер саласы – 42, ал «Серпін» бағдарламасымен 751 түлек мемлекеттік грантты иеленді. Сонымен қатар, биыл бөлінген облыс әкімінің гранты – 205. Оның ішінде меморандум бойынша Ресей Федерациясының алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының гранты – 70 (Конкурстың қорытындысы 5-10 тамыз аралығында белгілі болады). Оқу орындары ректорларының гранты – 43, әскери грант – 39, шетелдерге оқуға түскені (сол елдің бюджетімен) – 29.
– Бұл 2732 түлек тек мемлекеттік грант иеленгендер ғана, алдағы уақытта бұл көрсеткіш әлі де көбейетін болады. Алдынала болжам бойынша биыл 3000-нан аса түлектеріміз жоғары оқу орнымен қамтылып, нәтиже 42%-ті құрайды деп отырмыз. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 35% болған. Сондай-ақ, 100 және одан жоғары балл жинаған түлектердің 102-сі мемлекеттік грантты иелене алмады. Бүгінде оларды өз таңдаулары бойынша ақылы жоғары оқу орындарына, сондай-ақ, ақылы негіздегі және тегін арнаулы оқу орындарына оқытуға мүмкіндіктер қарастырылып жатыр, – дейді А.Қасымова.
Айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен шекті деңгейден өтпеген және тестілеуге қатыспаған балаларға осы жылдың 14-18 тамыз аралығында және 2019 жылдың қаңтар айында ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ-ны қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Бұған қатысты қазіргі таңда 1500 талапкер өтініш білдірген, оның ішінде 952-сі колледжден кейін тапсыратындар.
Ал Астана қаласындағы ЕврАзЭС Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы Санкт-Петербург университетімен облыс әкімдігі арасындағы жасалған меморандумға сәйкес 10 түлектің құжаттары тапсырылған.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<