Білім сынағы – болашаққа қадам

785

0

Білім сынағы – болашаққа қадам Өткен жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы енгізілгені белгілі. Осыған сәйкес жалпы мектеп бітірушілер үшін қорытынды мемлекеттік аттестаттау мектеп базасында, ал жоғары оқу орнына түсуге  талапкерлер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пунктерінде өтетін болады.

«Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында 23 сәуір – 3 мамыр аралығында облыстағы «Алтын белгі», «Үздік аттестат» үміткерлерінің қатысуымен аттестаттау және ҰБТ-ға дайындық жұмыстары жүргізілді. Айталық, мұнда бітіруші түлектердің негізгі пәндерден білімдерін шыңдап, сонымен қатар, таңдау пәндері бойынша қосымша білім алуға мүмкіндігі бар. Бұл үшін орталықта барлық қажетті жағдайлар жасалған. Көл жаға­сындағы керемет табиғат көрінісінің өзі жанға жайлылық сыйлайды. Бос уақытында балалардың таза ауада серуендеп, спорттық ойындармен, шығармашылықпен айналысуына да қолайлы. Бірақ басты мақсат – білім жетілдіру. Мұнда қазір 130 бітіруші түлек қосымша білім алуда. Оларды негізгі пәндер бойынша облыстағы білікті педагогтар, жоғары оқу орындарының оқытушылары  дайындап жатыр.

Жуырда облыстық білім бас­қармасы басшысының міндетін ат­қарушы А.Қасымова қосымша бі­лім беру орталығындағы ҰБТ-ға дайындық шараларының барысы­мен танысты. Сонымен қатар, орта­лықтағы түлектер жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі, Ұлттық тестілеу орталығының сараптамашылар тобының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Қанымкүл Ахметовамен және облыстың білім саласындағы білікті педагогтармен кездесіп, көкейлеріндегі сауал­да­рын қойды. Дөңгелек үстел ба­сын­да жиналған ұстаздар мен бі­тіруші түлектер еркін пікір алысып, биылғы білім сынағының өзгешелігі мен ерек­шелігі, сондай-ақ, білім грант­тары­ның бөлінісі жайлы пікір алыс­ты.

Жиында Ақзира Қасымова жылдан жылға облыс түлектерінің жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, Ресей мемлекетіндегі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 452 баланың 79-ы биыл бітірсе, 36 түлек сонда магистратурада оқуларын жалғастыруды көздеп отыр, ал 43 баланы жұмысқа орналастыру бағытында қажетті шаралар қолға алынды.

Айта кетейік, бүгінгі күні арнайы облыс әкімінің гранты бойынша  оқып жатқан түлектер саны 678-ге жетті. Грант иегерлері еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында өңірге қажетті мамандықтар бойынша білім алуда. Нақты кезеңде олардың 116-сы қолына диплом алып, өз мамандығының иесі атанды. Биылғы жылы облыс әкімі тағайындайтын білім грантының басым бөлігі ІТ мамандарын даярлауға бағытталып отыр. Сондай-ақ, А.Қасымова дөңгелек үстел басына жиналған түлектердің сауалдарына жауап берді.

Түлектермен кездесуде Алматы қаласындағы «Ж.Әубәкірованың авторлық мектебінің» жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі Қанымкүл Ахметоваға оқушылар тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Тест сұрақтарындағы ерекшеліктер жөнінде оқушыларға жан-жақты түсіндірген Қанымкүл Пірмағанбетқызы жалпы жыл сайын тест сұрақтарының 40 проценті өзгеретінін айтып өтті.

– Мысалы, бір есепті шығарудың бірнеше әдістері бар. Сол сияқты тест сұрақтары өзгергенмен, тапсырманың түпкі мазмұны өзгермейді. Яғни, сұрақтардың барлығы мектептің оқу бағдарламасынан алынған. Қай пәннен болсын, ережені білсеңдер, еш қиындық тудырмайды,–дейді ол.

Осы орталықта оқушыларға қосымша білім беріп жүрген тәжірибелі маман, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың математика және қолданбалы механика кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Бақытжан Жанмолдаев мұндағы оқушылардың талабы өте жоғары екенін айтты. Білек күші емес, білім деңгейі бәсекеге түскен бүгінгі заманда жастардың жан-жақты білім алуы маңызды екенін айта келіп, ол үшін осы орталықта барлық жағдай жасалып отырғанына тоқталды.

– Бүгінде ақпараттық технология дәуірі. Елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Демек, таяу жылдарда заманауи технологияны еркін меңгеру қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан ІТ мамандарына сұраныс өте жоғары болмақ. Егер осы бағыттағы мамандықтарға таңдау жасасаңдар, еш қателеспейсіңдер,–деді Б.Жанмолдаев.

Кездесу аясында түлектер білім гранттарының бөлінісі, ауылдық елді мекендердегі түлектерге арналған квота, «Серпін» бағдарламасының талаптары туралы жан-жақты мәліметтер алды.

       

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<