Бейсенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы 9 айлық қорытындысы, облыс бюджетінің 9 айдағы игерілу барысы және болжамы, жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасының орындалуы, жылу беру маусымының басталу барысы айтылды.
Бүгінде экономикалық дамуды сипаттайтын макрокөрсеткіштердің бірқатары бойынша өсім байқалады. Өнеркәсіптің өңдеуші секторы 3,5%, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,1% және тұрғын үйлерді пайдалануға беру 0,4% артты.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы 9 айлық қорытындысын баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай өнеркәсіп өндірісінің 60 процентке жуық үлесін алып отырған мұнай өндіру көлемі жыл сайын кемуде екенін атап өтті.
– Тоғыз ай ішінде мұнай операторлары 3484 мың тонна шикі мұнай өндірсе, бұл өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 750,8 мың тоннаға кем. Жалпы жыл қорытындысы бойынша 4291 мың тонна шикі мұнай өндіру күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 млн тоннаға төмен. Мұнайға тәуелділіктен арылу, шикізаттық емес секторды дамыту, осылайша өңір экономикасын әртараптандыру бойынша жоспарланған шаралар атқарылуда. Жыл аяғына дейін Арал ауданында 200-ден астам адамды жұмыспен қамтитын үш өндіріс көзі ашылмақшы. Олар – кварц құмын байыту бойынша тау-кен байыту комбинаты және екі балық өңдеу цехы, – деді ол.
Өңір экономикасына әсер еткен жағдайларды сараптаған басқарма басшысы «Ауыл – ел бесігі», «Қызылорда облысының экономикалық даму жоспары», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және тағы бірқатар мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар құрылыс салу көлемі, негізгі капиталға инвестициялар тарту көрсеткіштері бойынша межені орындап қана қоймай, оған қоса өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салаларына да оң ықпал ететінін атап өтті.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл облысқа 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 5,1 млрд теңге бөлінген. Бүгінде 35 жоба толығымен іске асырылды.
Басқарма басшысы әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтитын макрокөрсеткіштердің аудандар мен Қызылорда қаласы бойынша орындалуына тоқталып, Жалағаш және Қармақшы аудандары барлық алты макрокөрсеткіш бойынша жоғары нәтиже көрсеткенін жеткізді.
Аймақ басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, аудандар және Қызылорда қаласының әкімдері аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының макрокөрсеткіштері бойынша 2020 жылдың жоспарлы параметрлеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді және статистика департаментімен бірлесіп, ай сайын экономикалық көрсеткіштердің орындалуына алдын ала талдау жасап, оң тенденцияны қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, бірқатар мәселелер бойынша да тиісті органдарға тапсырмалар жүктелді.
Биыл 1 қазандағы көрсеткіш бойынша облыс бюджетінің түсімдері 103,3 процентке орындалды.
– Шығындар жоспары 99,7 пайызға игерілген. Ал, бюджет қаражатының жылдық жоспарының 67% ғана игеріліп отыр. Жалпы, жыл соңына дейін 123 млрд теңге қаржы игерілуі тиіс, – деді облыс әкімі.
Жиында облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова биылғы 9 айда облыс бюджеті шығыстар бойынша 99,7% орындалғанын атап өтті. Атап айтқанда, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының бюджеттері бойынша қаражат 99,9% игерілді. Тоғыз айдың қорытындысына сәйкес қаражаттың ең төмен игерілуі Сырдария ауданына тиесілі – 98,8 %.
Аймақ басшысы 2020 жылдың қорытындысымен игерілмеген қаржылар бойынша тікелей бірінші басшыға тәртіптік шара қолданылатындығын айтып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берді.
Жиында жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасының орындалуы бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова баяндама жасады.
– Биыл «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында облыста 275 жоба жүзеге асып, 10 қазандағы көрсеткіш бойынша 9182 адам жұмысқа орналастырылды. Орташа еңбекақы 88242 теңгені құрайды. 9 айдың қорытындысы бойынша қаржының игерілуі – 98,6 процент. Бүгінде іске асырылып жатқан жобалардың 41,5 проценті орындалды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аяқталғаннан кейін, 452 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – деді ол.
Басқарма басшысы жол картасы аясында жұмысынан босатылған тұлғаларды әрі қарай жұмыспен қамту мәселелеріне де тоқталды.
Осы мәселеге орай облыс әкімі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, жоба аяқталғаннан кейінгі тұрақты жұмыс орындарының ашылуын, жоба аясында жұмыспен қамтылған азаматтардың кемінде 50%-нің тартылуын қамтамасыз етуді жүктеді.
Биыл өңір басшысының тапсырмасына сәйкес пандемияның алдын алу мақсатында облыс бойынша жылу беру маусымы 10 қазаннан басталды.
Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов баяндады.
Облыс көлеміндегі барлық 1185 әлеуметтік нысанның бүгінде 1183-і жылумен қамтылды. Сонымен қатар, облыс орталығындағы 713 және Қазалы ауданынының Әйтеке би кентіндегі 67 көпқабатты тұрғын үй жылуға толығымен қосылды.
– Қазір «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-мен пәтер иелері кооперативтері қызметкерлері тұрғын үйлердің өжірелері мен пәтерішілік жылу құбырларына қосымша тексеру жұмыстарын жалғастыруда. Мұнан бөлек биылға жоспарланған «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК теңгеріміндегі 8 шақырымға жуық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталып, жылу беріліп, тротуар төсеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатыр. Жоспар бойынша осы айдың аяғына дейін аяқтап, нысандарды қабылдай бастаймыз, – деді ол.
«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-нің № 6 бу қазандығы және 14 автономды блокты модульді қазандықтар жұмыс істеп тұр. «Оңтүстік қазандық» филиалында 2 қазандық, «Қазалы-Теміржолжылу» филиалында 2 қазандық жұмыс істеуде.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ келісімшарт негізінде газ отыны үздіксіз берілуде. Бұдан бөлек 10 күндік авариялық қоры 4,6 мың тонна мазут жасақталған.
Облыс әкімі жылу берілуіне байланысты тұрғындардың шағымы бар екенін, мәселе шешілуі керегін баса айтты.
– Әлеуметтік желілер арқылы Қызылорда қаласындағы шағын аудандар тұрғындары тарапынан әлі күнге дейін жылудың дұрыс берілмеуі, қысымның аз болуы жөнінде арыз-шағымдар көп түсуде. Осыған қарамастан жылу үшін коммуналдық төлемді 10 қазаннан бастап есептейтіндіктерін айтып, наразылықтарын білдіруде. Осы бағытта нақты шаралар қабылдаңыздар, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері, бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен коммуналдық кәсіпорын басшыларына 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымының тұрақты өтуін, отын қоймаларына қажетті көмір көлемінің тұрақты жеткізілуін қатаң тапсырды.
Айдана Жұмадинова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<