«Болашақ» стипендиясының иегерлері анықталды

319

0

«Болашақ» стипендиясының иегерлері анықталды Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңізде білетіндей, жақында ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХІ Астана экономикалық форумында: «Біз мемлекет қалыптастыру ісінің бастауында «Болашақ»  бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік.  Сол арқылы 13 мың қазақстандық мемлекет есебінен әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік алды», деп атап өткен болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаһандық еңбек нарығының трасформациясы мәселесіне тоқталып, жаңаша ойлау қабілетін қалыптастыруға қажетті ақпаратты тауып, оны дұрыс қолдану қабілетін жетілдіруге бағытталған білім беру саласын құру туралы айтып өтті», – деді отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы.

Гүлшара Әбдіқалықованың атап өтуінше, бұл бағытта өткен жылы жақсы жұмыс жүргізіліп, 2018-2025 жылдарға  арналған «Болашақ» халықаралық стипендиясын дамыту жоспары қабылданған.

Жиын барысында 2017 жылдың 23 тамызы мен 7 желтоқсанында өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы, сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасының іске асырылуына байланысты бірқатар мәселелер қарастырылмақ.

Сонымен қатар комиссия шешімімен «Болашақ» стипендиясы магистратура мен докторантурада оқуға, сонымен қатар әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарына тағлымдамадан өтуге жіберілетін 67 үміткерге тағайындалды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<