БОТАБАЙ ЖАҢА АТАУ АЛДЫ

1781

0

БОТАБАЙ ЖАҢА АТАУ АЛДЫ Шиелі ауданындағы Тартоғай елді мекенінің кеңестік шаруашылық болып тұрған кезеңіндегі  №3 фермасы еліміз тәуелсіздік алған тұста Қоғалы ауылдық округі болып құрылып, орталығы «Ботабай» аулы деп аталған еді.
Ерте кезеңде арнасын дариядан алып, арық қаздырған Ботабай деген бабамыздың осыдан өзге дерегі жоқ, суы сарқылмаған сол арықпен бірге аты ғана жеткен.
Осы мәселені көтерген ел іші қазір мыңға тарта тұрғыны бар елді мекенді 19 ғасырдың орта тұсында өмір сүрген халқының мұңын мұңдап, жоғын іздеген ержүрек азамат, елінің қорғаны болған Тұрсынбай датқа есімімен атауды ұйғарған еді. Бұл ұйғарым аудандық ономастикалық комиссия тарапынан қолдау тауып, облыстық мәслихат шешімімен, облыс әкімінің қаулысымен бекітілді.
Биыл туғанына 220 жыл толған Тұрсынбай Бүркітбайұлы – тарихи тұлға. Орыс патшасы Александр 2-нің оны Петерборға арнайы шақырып, әскери шен беріп, кеудесіне алтын медаль тағуы датқаның халық алдындағы беделі мен ықпалын мойындауы болатын. Датқа елі мен жері Қоқан ханы қоластында тұрса да, оның әділетсіз әрекеттерін әшкерелеп, «алсаң менің жанымды ал, халқыма қол көтерме» деп басын құрбандыққа берген ел перзенті. Ақыры би атамыз 1863 жылы Қоқан ханының жансыздарының қолынан қаза болған.
Осындай тұғырлы тұлғаның өмірі мен халқын сүйген азаматтық тұлғасы кейінгі ұрпақтың рухын көтерері анық.
Өткен сенбі күні бұрынғы Ботабай аулының атын Тұрсынбай датқа атына беру салтанаты өтті. Салтанатты шараны Шиелі ауданының әкімі Ә.Оразбекұлы ашып, батырдың өмір жолына тоқтап, баба атының ортамызға оралуымен құттықтады. Мұнан соң саяси ғылымдар докторы Ә.Бәкір, қоғам қайраткерлері А.Жағанова, Қ.Баймаханов, Жалағаш ауданының әкімі Қ.Сәрсенбаев, басқа азаматтар сөз сөйлеп, ауылдың кіреберісіне орнатылған Тұрсынбай датқа есімі жазылған мрамор тақтаның ақжелегін ашты.
Аудандық мәдениет бөлімі салтанатты жиынды ән-термелермен әдіптеді.
Ауыл халқы мен датқа ұрпақтары жиылған жұртқа ас беріп, баба аруағына дұға бағыштады.  
Р.ДҮЙСЕНҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<