Біздің облысымыздың аты басқа да толымды істерімен қатар тұрғын үй құрылысының ерекше қарқын алуымен ерекшеленіп отыр. Мына мәліметтерге көз сала кетудің артықшылығы жоқ. Облыс бойынша өткен жылы 612,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, бұл 2013 жылмен салыстырғанда екі есеге артық. Осы бес жылда Қызылорда қаласында 14 шағын аудан бой көтерді. 2017 жылдың өзінде 42 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1859 тұрғын жаңа пәтердің кілтін алды. Өткен жылы Елбасы Сыр еліне арнайы іссапармен келді. өңірімізде атқарылып жатқан соны істерге назар аударып, облыс басшылығының қолдауымен атқарылып жатқан тың жобаларға, жаңашыл бастамаларға оң бағасын берді.
Сол бастамалардың бірі Сырдарияның сол жағалауынан көтеріліп жатқан жаңа қалаға әлеуетті құрылыс компанияларының өз қаржысы есебінен үлес қосуы болатын.
Сыр елінің еңсесін биікке көтеріп, көктеп-көгеруіне күш-жігерін аямай жұмсап жүрген жеке компаниялар аймақ басшысының сол жағалауға қатысты ұсынысын ықыласпен қабыл алды. Осы бүгінгі күні сол жағалаудағы қарқынды қала құрылысы алаңында 18 жеке құрылыс компаниясы тынбай жұмыс атқарып жатыр.
Солардың бірегейі – құрылыс саласының майталман маманы Манарбек Еспенбетов басқарып отырған «Промстройсервис-Е» серіктестігінің ұжымы.
Көз алдымызда күн сайын еңсе тіктеп келе жатқан жаңа қалаға жан кірді. Сол жағалаудағы құрылысшылардан қара үзіп озған «Промстройсервис-Е» алғашқы ғимаратты дайын қылып, қол жұмыстарын аяқтады. Енді оның айналасына асфальт төсеп, көгалдандырылуы ғана қалды.
Қызылорданың астана болып тұрған сонау бір дәуірінен көшіп келіп, керік мойын крандар мен топырақ қопсытқан тракторлардың арасына қона қалғандай мына әсем ғимаратты көргенде, бір сәт таңғалысымызды жасыра алмағанымыз да шын.
Енді осы әсем ғимараттың әфсанасына келейік.
1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АКСР Кеңестерінің V съезі ашылды. Бес күнге созылған съезд «Бұдан былайғы жерде «киргиз» деген атау «қазақ» болып ауыстырылсын, «Киргиз республикасын» «Қазақ республикасы», ал оның астанасы Ақмешіт Қызылорда болып аталсын» деген қаулы қабылдады.
Қазақ ұлты тарихының жарқын беттері болып саналатын бұл шешімдерді Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті қабылдаған болатын.
Осы «КазЦИК» орналасқан ғимарат кешегі кеңестік кезеңге дейін сақталып келіп, қоғам ауысқан тұста нарықтың қатал заңына шыдас бермеді. Сырдарияның сол жағалауын игеру басталған тұста облыс әкімі Қ.Көшербаев осы тарихи ғимаратты өзіндік бейнесімен қайта көтеріп, оны музейге айналдыру жөніндегі ойларын білдіргенде: «Сол жағалауда салынатын Қазақ Орталық Атқару комитетінің (КазЦИК) тарихи ғимаратында музеймен бірге Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын аймақтық Рухани жаңғыру орталығы қатар орналасады.
Қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі бір ғасырлық уақыт осылайша бір-бірімен сабақтасып, рухани жалғасын таппақ», – деген болатын.
Осы міндетті мойнына алған «Промстройсервис-Е» басшысы Манарбек Еспенбетов ең алдымен ескі Қызылорда кезінде жүйке аурулары ауруханасы болып тұрған КазЦИК-тің тарихи ғимаратының келбетін еске түсірді. Әсіресе, «Николай кірпіші» деп аталатын қызыл кірпіштің сапасына тең келер кірпішті қайдан алу керек екеніне келгенде көбірек ойланды. Мұндай сапалы кірпіш Везелка өзенінің жағасындағы Белгород қаласынан табылды. Музейдің қас келбеті көрнекі болу үшін оның бас есігі де қайыңнан мықты, қарағайдан жеңіл болуы керек-ті. Мұндай есік жасату үшін серіктестік басшысы түркістандық ұсталарды тапты. Қалай болғанда да бұл жай бір ғимарат емес, тарихи ғимараттың көшірмесі болмақ. Ал, оның рух болмысын бүгінге алып келу өткен күндерге құрмет көрсетіп, бастаған жұмысқа аса сүйіспеншілікпен кірісуді керек етті.
Серіктестік басшысы Манарбек сондықтан да жұмысшылардың әр істі бісмилламен бастайтын таза, ниетті болғандығын қалады. Міне, осылайша, сол жағалаудың салтанатын асырған жаңа музей үш ай ішінде аяққа тұрды. Бұл сол жағалаудағы жаңа Қызылорданың құрылысы бойынша бірінші болып аяқталған нысан. Сондықтан бұл ғимараттың да, оны салған құрылысшылардың аты жаңа қала тарихының төрінде сақталмақ.
Ал, енді осы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің облыс игілігі үшін атқарған бірқатар жұмыстарына тоқталайық.
2000 жылы құрылған «Промстройсервис-Е» ЖШС сонан бері 50-ге жуық әлеуметтік нысанның іргесін қалаған 1-ші санатты ірі құрылыс мекемесіне айналды.
Атап айтсақ, мекеменің ең алғашқы жұмысы «ҚуатАмлонМұнайдың» Белкөлдегі мұнай қабылдап, жөнелтетін терминалы болды. Мекеме осы қиын жұмысты әлі құрал-сайманы сай емес кезінде-ақ тоғыз айда бітіріп шықты. Бұл олардың қолға жұмыс алғандағы жауапкершілігінен бөлек жанкештілігін көрсетті және сенім қалыптастырды. Қазір серіктестік қарамағында басқасын айтпағанда, 25 инженер, 30 механизатор тұрақты жұмыс істейді. Жалпы, 350 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Мұнан соң қаладағы орталық алаңды қайта жаңғыртудан өткізді, теміржол вокзалының субұрқақ алаңын, мұнай айдау зауытын, Евразия спорт-сауықтыру кешенінің құрылысын салды.
Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылында 900 орындық, Сүттіқұдықта 600 орындық, Шиелі ауданының өзінде және Тартоғай ауылында 464 орындық мектеп тұрғызылды. Байқоңырда 1200 орындық мектеп ғимаратын бітіріп, қолданысқа берді.
Осы бүгін Түркістанда сөйлеуінде кемістігі бар балаларға арналған 280 орынды мектеп-интернат кешенін, Қармақшыда қысы-жазы пайдалануға болатын балалар лагерін салып жатыр. Серіктестік бұл жұмыстардың жергілікті жерлерге көбірек пайдасы тиюін ойлайды, сондықтан жұмысшылардың көбін сол жерден алады.
Серіктестіктің, дәлірек айтқанда серіктестік басшысының берік ұстанған бір қалауы бар. Ол – жұмыс істеймін деген адамның жеріне, ағайындығына қарамайтын қамқорлығы. Оның қолға алған жұмыс алаңдарынан ешқашан еңбек ырғағының үзілмейтіні де сол. Мысалы, 2004 жылы мекеме Шиелі ауданының Тартоғай ауылынан мектеп салды. Құрылыстың қара жұмысына жергілікті тұрғындар тартылды. Жақсы жалақы алып, басшының жайлы жұмыс тәсілін ұнатқан адамдар өз ауылдарындағы мектепті салып болған соң, «осы компания қайда барса, біз сонда барамыз» деп түгелдей мекемеге еріп кете берді. Содан бері олар қаншама жерді аралады, қаншама құрылыс салды, әлі ажыраған жоқ. Қазір бұл серіктестік жұмысшыларының тең жартысы сол тартоғайлықтар.
Жұмысшысының жағдайы мен талабын басты мәселеміз деп есептегенінен де шығар, қазіргі серіктестіктің мамандары мен жұмысшыларының дені өзі құрылғалы бері, яғни 19 жылдан бері қойын-қолтық келе жатыр.
Қызметімен бірге қайырымдылық жасауды да бір міндеті санайтын «Промстройсервис-Е» басшысы алдына келген мұқтажды құрғақ уәдемен қайтармаған азамат. Қайыр бердім деп біреудің атын атап жатуды да жаратпайды. Білуімізше, осы кезге дейін табысы ішінен 10 миллион теңге қолқайырлыққа жұмсалыпты.
Біз серіктестіктің бас директоры Манарбек Еспенбетовпен жолықтық. Сондағы қойған сұрағымыздың бірі былай болды:
– Қызылорда облысының өзінде қанша ғимараттың өмірге келуіне қаржы жұмсағаныңыз бір бөлек, қолыңызбен кірпішін қойып, сол нысандар бой көтергенше бой-бойыңыз шығып, жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей жүресіз. Солардың бәрін төл туындым деп есептесеңіз болады. Осылардың ішінен жаныңызға қай нысан ерекше жақын?
Манарбек Нағимұлы мұны «қызық сұрақ екен» деп тосылған жоқ. «Орысша оқығанмын» десе де, ойын нық жеткізді және біздің емеурінімізді дөп басты.
– Нысан пайдалануға берілді болды деп кете беруге болмайды. Мысалы, 10 жыл бұрын салған ғимараттар туралы мен әр күні ойланамын. Олардың сапасы, жайлылығы жөнінде біреу келіп базына айтпаса екен деймін.
Ең бастысы, сол ғимараттарды ертең көрген немере, шөберелеріміз «мұнда менің атамның қолтаңбасы бар» деген сөзді мақтаныш сезіммен айта алса, онда біздің еңбегіміздің еш кетпегені.
Маған Байқоңырда салынған 280 орындық балабақша ерекше ұнайды. Бөбектер үшін барлық жағдайы қарастырылған мұндай балабақша Қазақстанда жоқ деп айта аламын. Мұнан кейін Сырдарияның сол жағалауынан орын тепкен музей мен үшін ыстық әрі қымбат. Бұл құрылысқа біз мемлекеттің бір тиын ақшасын жаратқан жоқпыз. Бұл тарихи орынға күн сайын жүздеген адамдар келіп, рухани түлеп қайтатын кезең туады. Сонда «қандай адамдардың қолынан шықса да, мынадай әсем сарайды салғандардың атасына рахмет» деп жататын ұрпағымыз болса, сол сауаптың ішінде мен де бармын.
… Осындай ойлы, астарлы сөз айтып отырған Манарбек Еспенбетовтің жеке өзі туралы айтудың өнегесі бір бөлек.
Ол 1985 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтынан инженер-механик мамандығын алып шығып, «Трест Кызылордастройдың» СУ «Промстрой» деп аталатын бөлімшесіне бас механик болып орналасты. 2007 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен инженер-құрылысшы кәсіби біліктілік дәрежесін алды.
Еңбек жолының алғашқы қадамдарында кездескен Құралбек Базарбаев есімді азамат оның үлкен өмірдегі ұстазы бола білді. Сол кісінің арқасында өндірістің қыр-сырларына қанықты. Жоғары мектеп үйретпеген нәрселер көп-ақ екен, жұмысты аяғына дейін жеткізіп, нәтижелі еңбек етуге бейімделді. «Промстройда» бас энергетик, жабдықтау бөлімінің бастығы болып, кеңес үкіметі тарағанға дейінгі тәжірибесімен сол жерде бас инженер-механик дәрежесіне дейін көтерілді.
Нарық заманы келгенде мекемелерге дербес жұмыс істеуге тура келді. Мәселенің бәрі ақшаға байланды, ақша саудагердің құралына айналды. Бұл бір жүйеге бағынған қоғамнан шыққан адамдарға жат еді. Бірақ, көндікті. Ақыры нарықтың бейтаныс талаптарынан нардан құлағандай жығылып, жасаған жұмыстарының зиянын тартып, қолдағы бар мүлкінен айырылған кездерді де көрді. Бойында күрескерлігі жоқ адамның екі қолын көтеріп, баз кешіп кететін күні туды. Бірақ, Манарбек қайсарлықпен қайта бой көтерді. Тәй-тәй басқан бала неше рет сүрініп құлайды, бірақ, «болды, енді жүре алмаймын» демей, қайта тұрып, алға ұмсынып, ақырында жүгіріп кетпей ме? Манарбек дәл осы күйді басынан кешті.
2000 жылы Хусейн Дамбаев екеуі «Промстройсервис-Е» серіктестігін ашты. Атауын бұрынғы жабылып қалған «Промстрой» мекемесіне ұқсатып қойды. Оған кезінде жұмыс істеген инженер-механиктерді, басқа да жұмыссыз қалған қызметкерлерді тартып, жаңа ұжым топтастырды.
Осылайша, «Промстройсервис-Е» көпке құрметті бүгінгі дәрежесіне жетті. Манарбек Нағимұлының маңдай тері далаға кетпеді. «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» атанды. Көптеген мерекелік медальдармен, министрліктің мақтауларымен марапатталды.
2010 жылдан Қызылорда облысы бойынша Құрылысшылар Ассоциациясының президенті, 2014 жылдан «Орта Азия және Қазақстан Республикасының Құрылысшылар одағы» біріккен ұйымының Қызылорда облысы бойынша вице-президенті.
Соңғы екі аталым атақтан гөрі сенімге негізделген мәртебе. Төбе би секілді төрден орын алуы оның еңбек қатынасына деген адал көзқарасы мен ақиқатшыл болмысына қатысты екенін айтпай түсінуге болады.
Қазақтың «еңбек ет те, міндет ет» дейтін сөзі бар. Бұл ойдың тәкаппарлыққа тартпауы тиіс.
Біз жүздеген адамды жұмыспен қамтып, әр жұмысшының артында бала-шағасының мұқтаждығы тұр деп есептейтін мейірбан көңіл, білікті басшы Манарбек Нағимұлының бойынан қазақылыққа тән қарапайымдылық, азаматтыққа жарасар зияттық көрдік.
Осы көргенімізді оның қыруар еңбегінің тасасынан аз сөзбен болса да алып шығып, әдептен асырмай айтып өтуді өз парызымыз деп білдік.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ, «Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<