Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Серік Мұстафаевтың қатысуымен брифинг өтті. Онда Елбасы Жолдауынан туындайтын мемлекеттік кірістер органдарының алдындағы міндеттер мен осы жылдың бірінші жарты жылдығында жүзеге асырылған жұмыс сөз болды.
Еліміздің 2050 жылға дейінгі стратегиясына негізделген басым бағыттардың бірі – электронды форматқа көшу арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін жеңілдету, оны алушыға қолайлы жағдай жасау. Осы ретте мемлекеттік кірістер органдары нақты жұмыстар атқарып, бірқатар міндеттерді жүйелі орындауда. Мәселен, Жолдау аясындағы ілкімді жобалардың бірі “Салықтың жиналуын көтеру” бойынша облыс көлемінде мемлекеттік кірістер департаменті осы жылдың бірінші жарты жылдығында шоғырландырылған бюджетке 151,1 млрд теңге түсім түсуін қамтамасыз еткен. Өткен жылмен салыстырғанда 45,8 млрд теңгеге артық. Оның ішінде мемлекеттік бюджетке түсірілгені 61,3 млрд теңге, яғни тапсырма 108,6 процентке орындалған. Ал, республикалық бюджетке түсірілген салық көлемі 33,5 млрд теңге, өткен жылмен салыстырғанда 6,6 млрд теңгеге артық.
– Өсімге қол жеткізудің негізгі себептері облыстың макроэкономикалық көрсеткіштерінің жақсаруы. Яғни, өңдеу өнеркәсіп өнімдері 100,5%-ке, құрылыс көлемі 115,9%-ке, ауыл шаруашылығы өнімдері 102,7%-ке өсті. Кіші кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ке артып отыр. Салықтық және кедендік әкімшілендірудің күшейтілуі арқасында 14,2 млрд теңгенің қосымша кіріс көздері қамтамасыз етілді. Бизнеске қолайлы жағдай жасау аясында салықтық тексерулер саны өткен жылмен салыстырғанда 46%-ке азайды. Тексерулер нәтижесінде 8 млрд теңгенің қосымша салықтары есептеліп, алдыңғы жылдардағы сомаларды қосқанда 10,4 млрд теңге өндірілді, – дейді облыс департаменті басшысы Серік Мұстафаев.
Брифинг барысында ол ІV деңгейлі бюджеттің енгізілуі жайында сөз етті.
Оның айтуынша, биылдан бастап Бюджеттік кодекстің 8-тарауы, 52-1 бабымен толықтырылып, түсімдердің аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округ бюджеттері арасында бөлінуі белгіленген. Нәтижесінде аймақтағы 2000-нан астам тұрғыны бар 65 ауылдық округ бойынша бірінші жартыжылдыққа 484 млн теңге бюджет қалыптасып отыр. Болжамды түсімнің орындалуы 137,6%-ті құрайды. Сонымен қатар, қызмет көрсетудің электронды форматқа көшуі де бюджетті нығайтуға өз септігін тигізуде. Мысалы, электронды шот-фактура жүйесін қолданушылар қатары көбейген. Қазіргі кезде бұл жүйені 3770 заңды тұлға, 3391 дара кәсіпкер және 8409 жеке тұлға қолданады. Оған қоса кеденді декларациялаудың “Астана-1” ақпараттық жүйесі де толықтай қолданыста. Бұл ретте аталған жүйе де өз тиімділігін көрсетуде.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы» .
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<