ДАМУДЫҢ НАҚТЫ БАҒДАРЫ

664

0

ДАМУДЫҢ НАҚТЫ БАҒДАРЫ «Достық үйінде» Елбасының  «Президенттің  әлеуметтік бес бастамасы» үндеуін насихаттауға арналған облыстық Ассамблея активінің отырысы өтті. Оған облыстық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың проректоры Абайбек Жүнісов, «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің  басқарма басшысы Темірлан Қожаназаров, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерлан Молдырайымов және  бірқатар қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

– Қазір еліміздің ЖОО-да 530 мыңнан астам жастар білім алып жатса, олардың 30 проценті мемлекеттік білім грантының иегер­лері. Осыған орай, Президент білім беру жүйесіндегі сұранысқа ие мамандықтарға грант көлемі ұлғайтылып, оларға басымдылық берілетінін айтып өтті. Біздің білім ордасы 2013 жылдан бастап облыс әкімінің бастамасымен аймақтың дамуына қажетті мамандықтардың білім алуына қолайлы жағдай жасап, білім гранттарын бөліп келе жатыр. Бүгінгі күні 428 студент облыс әкімі грантымен қамтылған. Биылғы жыл­дың жазында олардың 145-і оқуды тәмамдамақ. Бұлардың дені тех­ни­калық сала мамандары, – деді кездесуде Қорқыт ата атындағы ҚМУ проректоры Абайбек Талғатұлы.

Ал «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаевтың айтуынша,   соңғы он жылда жан басына шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші 30 процентке өскен. Облыс бойынша бүгінгі күні 173 отбасы банк арқылы үй жағдайын жақсартып отыр. Өткен жыл қорытындысы бойынша ипотекалық несиенің 76 проценті «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүргізілді. Елбасының бірінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында бірнеше ұсыныстар әзірлеу үстінде.

Жиын барысында  жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүк­темесін азайту бастамасы бойынша Темірлан Қожаназаров, шағын несие беруді көбейту бастамасы төңірегінде Ерлан Молдырайымов мәлімдеді.

Актив отырысына қатысушылар үндеуден туындайтын ауқымды тап­сырмаларды жүзеге асыру жолдары мен оның басымдықтарына тоқталып, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келі­сім, сананы жаңғырту, жаңа заманға сай болу жолындағы маңызы жоғары мәселелерді талқылады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<