Даңқты ерге еңселі мүсін

884

0

Қызылордада Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың ескерткіш-бюсі ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Еңселі мүсін батыр есі­мін иеленген №9 мектеп-ли­цей ауласына орнатылды. Оны Қазақстан Суретшілер ода­ғының мүшесі Жәркен Исма­ғұлов даңқты тұлғаның туға­нына 100 жыл толу құрметіне арнады.

Аймақ басшысы отан үшін от кешіп, елеулі еңбегімен ел ал­ғысына бөленген нар тұл­ғалы азаматтың ерен ерлігі мен игі ісін ұрпақ жадында жаңғырту – парыз екенін айтты.

– Нағи Ілиясов 1920 жылы Сыр топырағында дүниеге келген. Оның балалық шағы ел өміріндегі аласапыран уақытпен тұспа-тұс келді. 1933-1936 жылдары балалар үйінде тәрбиеленді. 1936-1939 жылдары Орталық Азия уни­верситетін, Ташкент пе­да­го­гикалық училищесін бі­тіріп, мектепте неміс тілі, тарих пәндерінен сабақ берді. 1942 жылы қаңтарда қолына  қару алып, майданға аттанды. Жауынгер жолындағы аса ауыр шайқас­тардың бірі – Будапешт опера­циясы. қаланы азат етудегі ерлігі үшін ол Кеңес Одағының Батыры атанды. Будапеште Нағи Ілиясовтың есімімен аталатын көше бар, – деді облыс әкімі.

Қаһарман ұл 1945 жылы Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысып, елге есен-сау орал­ғасын бірқатар жауапты қызметте болды. Өзі ерлікпен жүріп өткен жорық жолдары туралы «Жауынгер жолы» кітабын жазып, кейінгі ұрпақты бейбіт өмірді бағалауға үндеді.

Бүгінде өзі басқарған бұ­рынғы «Қазақстанның 50 жыл­дығы» ауылы батыр атында. Ол облыстағы ғана емес, респуб­ликадағы үздік әрі үлгілі елді мекендердің бірі саналады.

Майдангердің ұлы Ринат Ілиясов әке ерлігі, өнегелі өмірі мен еңбек жолы жас буын үшін тағылымды тәрбие көзі екенін айта келе, қаһарман ұл есімін ұлықтаудағы іргелі істер үшін сырбойылықтарға алғыс білдірді.

Сонымен бірге осы күні Н.Ілиясов тұрған үйге мемо­риал­дық тақта, ал қалаға қарас­ты Қараөзек ауылында арнайы белгі орнатылып, «Батырдың үш өмірі – үш бақыты» атты кітап жарыққа шықты.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<