ДДСҰ басшысы: Қазақстанда 2 млн жуық адамға вакцина салынғаны – өте жақсы көрсеткіш

876

0

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуске Қазақстанда коронавируспен күресу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Әңгіме барысында COVID-19 індетіне қарсы екпе егу үдерісіне баса мән берілді.


Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысына қазақстандық QazVac вакцинасының клиникалық сынамаларының алдын ала нәтижелері туралы айтты.


Отандық вакцинаның тиімділік деңгейі – 96 пайыз. Қазіргі уақытта салалық органдар отандық вакцинаға келісім алу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жұмыс жүргізіп жатыр.


«Бүгінге дейін 2 миллион адамға вакцина салынған екен. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Көптеген ел мұндай деңгейге жеткен жоқ. Халықтың 55 пайызына екпе саламыз деген мақсаттарыңыз қолдауға тұрарлық», – деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус.


Сонымен қатар ол QazVac екпесінің әзірлемесін қолдайтынын және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдай кезінде пайдалануға болатын дәрі-дәрмектердің тізіміне қосу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін айтты.


Еске сала кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<