«Дебат және Біз» тақырыбында облыстық семинар өткізілді

3045

0

Бүгін Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылындағы №195 мектеп-гимназиясында «Дебат және Біз» тақырыбында облыстық семинар өткізілді. Семинар аясында «Ұшқыр ой алаңы» дебат сыныбының ашылу салтанаты өткізіліп, аудандық «Алтын ғасыр» оқушылар дебат клубы құрылды.

Облыстық семинарға аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Мақсұтұлы, “Дарын” облыстық қосымша білім беру орталығының бөлім басшысы Гүлбану Имамзадаева және аудандық мектептің директорлары мен республикалық, облыстық БАҚ өкілдері қатысты.

Семинар қатысушыларына ең алдымен мектептің домбыра үйірмесі өнерін көрсетіп, оқушылар президенті қонақтарға Балалар жылына орай жасалынған оқушылар көрмесінен таныстырылым жасады. Мұнан соң, “Дарын” қосымша білім беру орталығының бөлім басшысы Гүлбану Имамзадаева және аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Мақсұтұлы «Ұшқыр ой алаңы» дебат сыныбы мен аудандық «Алтын ғасыр» оқушылар дебат клубын салтанатты түрде ашып, лентасын қиды.

💬Ауданымызда осы кезге дейін түрлі деңгейде оқушылар арасында дебат сайыстары ұйымдастырылып, шәкірттеріміз облыстық, республикалық деңгейлердегі бәсекелерде үздік атануда. Осы тұрғыда бұл жұмыстарды одан әрі жаңғырту үшін “Алтын ғасыр” дебат клубын құрдық. Мұнда әр білім ошақтарында үздік деп танылған оқушылар дебат сайысына дәл осы жаңадан ашылып жатқан кабинетте машықтанып, түрлі сайыстарда аудан абыройын қорғайтын болады, – деді Болат Мақсұтұлы.

«Дебат және Біз» тақырыбында облыстық семинар өткізілді

Ғылымға негізделген білім ордасының цифрлық әлеуетін таныстыру мақсатында семинарға қатысушыларға робототехника үйірмесінің жұмыстары көрсетілді. Үйірмеде тәлім алатын оқушылар бағдарламалау негізінде жасаған роботтардың жұмыс процесін таныстырды.

Жайылма ауылдық округындағы білімнің қара шаңырағы атанған мектеп бүгінде министрлік бекіткен төрт жобаны тиімді жүзеге асыруда. Соның ішінде шарада оқушылар «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында бук-трейлерден TEDx форматында оқыған кітаптарын талдап, таныстырылым жасады. Мұнан соң, «Мектеп театры» жобасы бойынша 3 сыныптың оқушыларынан құралған «Қуыршақ» театры орыс халқының «Үйшік» қойылымын қойып, қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<