Соңғы бес жыл ішінде Қызылорда қаласының даму деңгейі жақсарып, құрылыс саласы қарқын алғанын кез келген қала тұрғыны байқай алады. Облыс орталығында жаңа шағын аудандар, сонымен қоса, «Қызылорда-Жезқазған» бағытында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа аймақ ашылып, Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары жүргізілуде. 2009 жылы бекітілген Қызылорда қаласының Бас жоспарының бірінші кезеңінде қала аумағы 11 гектар болса, қазіргі күні 19690 гектарға жеткен. Расымен де, қала қақпасынан енген әрбір тұрғын мен мейман шаһардан ерекше шығармашылық еңбек пен дамуды байқайды. Көлік инфрақұрылымының дамуы, кең жолдар мен қаланың әр тұсында, негізгі көшелер де өзгеше өң сыйлаған ландшафты аумақтар қала мәдениетін, шаһардың өсіп-өркендегенін білдіреді. Тіпті, гүл текшелерінің ұлттық нақышта бейнеленіп, Сырдария жағалауының қазақы ою-өрнекпен әдіптелуі қала сұлулығын, шаһар эстетикасын танытқандай. Қала көшелері бұдан да көріктене түсері сөзсіз.
Облыс әкімдігінде Қызылорда қаласының инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша жиын өткен екен. Оны облыстық басылымнан білдік. Мәжілісте облыс әкімі «Сабалақ» саяжай кешенін қала аумағына кіргізу жөнінде жауапты тұлғаларға тапсырма берді. Бұл саяжайдың дамуына, инфрақұрылымының жақсаруына мүмкіндік беретіні сөзсіз. Инфрақұрылымды дамытуда қала тұрғындарының орналасу жиілігі де маңызды. Егер орналасу жиілігі бір аумақта жоғары, келесі бір аумақта төмен болса қызмет көрсету сапасының құлдырайтыны белгілі жағдай. Сондықтан, көпқабатты және азқабатты құрылыстардың үйлесімді жүргізілуі аса маңызды. Мәжіліс барысында жол мәселесінің де назарға алынғаны қалалықтардың, әсіресе, балалар мен қарт, мүгедек жандардың көшеде еркін серуендеуіне мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Қызылордада тұрғын үй құрылысының қарқын алуы, білім беру нысандарының жиі бой көтеріп, қала көшелерінде көпірлердің салынуы, шағын аудандардың ашылуы қала кеңістігінде ерекше аура қалыптастырды. Әрине, әдемілік пен үйлесімділік қашанда адамдарға рухани демалыс сыйлайды. Аймақ басшысы Қазақстанға келген көптеген шетелдік қонақтар үйлердің салынуындағы бірегейлілікке назар аударатынын, сыртқы әртүрлілік қажет екенін ескертіп, табысты қаланың болашақ жұмыс орындары, мәдени орындары мен баруға болатын басқа да алаңдары алдын ала жоспарланатынын айтты. Шынында да, еңселі ғимараттар, қала тазалығы, жұмыс орындарының мол ашылуы халықтың әл-ауқатын жақсартып, жастардың ертеңге сенімін қалыптастыратыны анық.
Сыр елі жайлы сөз қозғағанда сол жағалаудағы жаңа қала құрылысы міндетті түрде ойға оралады. Сырдарияның сол қапталында «Болашақ» университеті корпусы, тұрғын үйлердің бой көтеруі, балабақшалардың салынуы, Жастар орталығының негізінде ІТ-орталық ашылатыны Қызылорданың сәулетін ғана емес, сенімді болашағын да байқатады. Бәрінен бұрын қаланың даму деңгейі көңіл қуантады.
Бағжан БАҚЫТЖАНОВА,
И.Панфилов атындағы
№5 мектеп-лицей мұғалімі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<