ДЕПУТАТТАР: ОЗЫҚ ОЙЛЫ ЖАСТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ҚУАНТАДЫ

441

0

ДЕПУТАТТАР: ОЗЫҚ ОЙЛЫ ЖАСТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ҚУАНТАДЫ «Нұр Отан»  партиясының  облыстық филиалында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының Сыр өңіріндегі сапар барысы туралы БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихаты өтті. Депутаттардың ел жағдайымен етене танысудағы мақсаты – Елбасы Жолдауы мен бес әлеуметтік бастаманы іске асыру бойынша елді мекен тұрғындары, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп, аймақта жоғары деңгейде шешілетін күрмеуі қиын мәселелерді анықтау. Осыған орай депутаттар Дархан Мыңбай, ­Балайым Кесебаева, Наталья Жұмаділдаева, Фахриддин Қаратаев, Амангелді Дәуренбаев осы кезге дейін Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандарының елді мекендерін аралады.
Бүгінде аймақ тұрғындары Елбасы ұсы­нысында міндеттелген халықты баспанамен қам­тамасыз ету, жалақысы төмен қызметкерлерге салықтық жеңілдіктер жасау, жастардың білім алуы және жатақханамен қамтылуы, шағын және орта  кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстармен жақсы таныс. Депутаттар халыққа ақпаратты жеткізуде ауқымды жұмыс атқарған БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді.
– Арал, Қазалы аудандарына сапар барысында тұрғындар ҮЕҰ жұмысына байланысты ойларын айтып, қоғамдық қор жұмыстарын жетілдіру мәселесін қозғады. Ауыл мектептеріндегі маңызды мәселенің бірі – ұстаздардың айлық жалақысы. Нақтыланған республикалық бюджет комиссиясында 62 млрд қаражат ұстаздардың еңбекақысын көтеруге арналып отыр. Бұл мәселе республика көлемінде шешімін тауып, жаңа оқу жылынан бастап мұғалімдер еңбекақысының көлемі артатын болады. Бес бастаманың алғашқысы – еліміздің әр отбасына баспана алуға мүмкіндік береді. Құрылыс нарығына үлкен серпіліс әкелетін «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын бастау үшін жол картасы әзірленген. Ұлттық Банкке жүктелген бұл бастама бойынша ипотекалық несие беру тамыз айынан басталады. Студент жастар Елбасының бес әлеуметтік бастамасында оқу сапасын арттыру, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын саналы түрде қабылдаған. Жастардың белсенділігіне, жаңашыл көзқарасына риза болдық. Жаңа мамандықтар игеру бойынша сауалдарға жауап беріп, ІТ мәселесі бойынша оларды қызықтыратын сұрақтардың көп екеніне көзіміз жетті, − деді Дархан Қамзабекұлы.
Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың грант қосылып отыр. Оның жартысынан астамы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім алуға бағытталады. Депутат Н.Жұмаділдаева бұл гранттардың 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі екенін атып өтті. Бастама Қазақстанның Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын инженерлер, ақпараттық технология, робототехника, нанотехнология, ІТ саласының кәсіби мамандарын дайындауға мүмкіндік береді. Ал жатақхана құрылысы бойынша Білім және ғылым министрлігі қажеттілік картасын жасаған.
Сыр өңірінің халқымен екінші рет жүздескен Фахриддин Қаратаев аймақ дамуындағы елеулі өзгерістерді байқағанын айтты.
– Әсіресе, өңірде тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі ел дамуының айқын көрінісі. Елбасы Жолдауында міндеттелген жұмыстар иде­ологиялық тұрғыда нақты жүзеге асқан. Өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жолға қойылған. Айталық, Аққұм ауылындағы мал бордақылау алаңына бардық. Ауылда жел соғып, құм суырып тұрса да, жұмыс қайнап жатыр, – дейді ол.
Жиын барысында депутаттар аймақ халқын алаңдатқан сағаттық белдеуге қатысты өз пікірлерін ортаға салды. Бұл туралы Парламент отырысында да айтылған болатын.
– Адамдардың денсаулығы, рухани тұрғыда кемелденіп, жайлы өмір сүруі – ең басты дүние. Сондықтан бұл мәселені Үкімет қарап жатыр, − деді Дархан Мыңбай.
* * *
Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Балайым Кесебаева, ­Дархан Мыңбай кәсіподақтар үйінде болып кәсіподақ мүшелерімен кездесті. Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру бағыты түсіндірілді.
Халық қалаулысы Д.Мыңбай білім саласына ерекше тоқталса, Б. Кесебаева әр бағытқа жеке-жеке талдау жасады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеу­меттік бастамасы еліміз үшін маңызды. Өйткені, қай бастаманы алсақ та, ел игілігі жолына негізделген. Мәселен, алдағы уақытта жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту мақсатында олардың салық жүктемесі азаяды. Сондай-ақ, “7-20-25” бағдарламасы бойынша халықты тұрғын үймен қамту мәселесі өз шешімін таппақ. Яғни, несие өсімінің мөлшері қазіргі күні 16 процент болса, бұл бағдарлама арқылы 7 проценттен аспайтын болады. Оған қоса несие алушының төлемін азайту үшін оның мерзімі 25 жылға дейін ұзартылады. Бұл халық үшін жақсы мүмкіндік деп білемін. Ал, Сыр елі үшін баспана алу мәселесі мейлінше оңтайлы жолға қойылған. Себебі, халықты тұрғын үймен қамтуда облыс көп өңірге қарағанда көш ілгеріде тұр, – деді Балайым Туғанбайқызы.
Жиын соңында қатысушылар өз ойларын білдіріп, пікір алмасты, әрі депутаттарға сауалдарын жолдады.
***
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Н.Жұмаділдаева, Ф.Қаратаев, Б.Кесебаева, Д.Мыңбай, А.Дәуренбаев Қорқыт ата атындағы ҚМУ Студенттер сарайында болып, облыстың белсенді жастарымен кездесті. Халық қалаулылары бес әлеуметтік бастамада білім саласының ерекше орын алатынын атап өтті. Сонымен бірге, биыл мемлекеттік білім грантының саны 20 мыңға көбейетіндігін, студенттер үйіндегі жатын орынның 75 мыңға артатынын жеткізді.
Елбасы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесін жолға қойып отыр. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені, білімді, білікті болу – заман талабы. Бүгінгі жастарымыз – ертеңгі болашағымыз. Сондықтан жастар үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп отыру керек. Биыл 20 мың грант қосымша бөлінуде. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға берілмек. Елімізде ІТ мамандарын даярлайтын оқу орнын ашу да көзделуде. Мұның барлығы жастарға жасалған зор мүмкіндік. Осындай мүмкіндіктерді әрбір жас пайдалана білу керек. Ал, оқу сапасын арттыру, жатақханамен қамту жағынан Қызылордада жастарға жақсы жағдай жасалған, – деді Дархан Мыңбай.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<