Дән даласының дидары

347

0

Дән даласының дидары Сыр елі соңғы бес жылда күріштен рекордтық өнім алып келеді. Дала еңбегінің ерен үлгісін танытқан диқандар биыл да берекелі өнім жинауға, мезгілдік қам-қарекетті барынша тиімді ұйымдастыруға жұмылып отыр. 

Биылғы күрiштің көлемі 87,3 мың гектар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне жүгінсек, осы уақытқа дейін 67 мың гектары арам шөптерге қарсы гербицидтермен өңделіп, 60,8 мың гектары тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілген.

Күріш алқабының 63,6% жақсы, 31,1% орта, 5,3% қанағаттанарлық деп бағалануда. Аталған дақылдың 23 мың гектары түптеу, 45,5 мың гектары түтікке шығып жатыр. Ал 12,8 мың гектары масақтанып жатса, қалған 6 мың гектары гүлдеу фазасында.

Арпа-бидай дақылдарын жинау кесте бойынша жүруде. 3636 гектар күздік бидайдың бүгінде 2929 гектары жиналып, 5726 тонна өнім алынды. Орта өнім гектарына 19,5 центнерді құраса, 2296 гектар жаздық бидайдың 994 гектары жиналып, орташа 13,2 центнерден айналуда. Сондай-ақ, 267 гектар жаздық арпа дақылы жиналып, одан 265,5 тонна өнім алынған. Дәнді дақылдарды жинау жұмыстары әлі жалғасуда.

Мал азығын дайындау мақсатында ескі жоңышқа дақылының бірінші орымынан 65,8 мың тонна өнім жиналды. Қазіргі таңда екінші орым басталды. Сонымен қатар, 16,6 мың тонна табиғи шөп дайындалған.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 4,2 млрд текше метр су лимиті бөлінген. Шілде айындағы жағдай бойынша «Шардарадан» секундына 700 текше метр су түсіп келсе, оның 376,4 текше метрі шаруашылықтардың егістік каналдарына жіберілуде.

Биыл судың аз болатыны ескертілді. Десе де, алдын ала пысықталған шаралардың арқасында облыс шаруашылықтары судан тапшылық көрген жоқ. Жаппай бас ала бастаған дақылдың шығымына көңіл тоғайтқан диқандар биыл да меже биігінен көрінуге үмітті.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<