Дінаралық татулық – басты бағыт

593

0

Дінаралық татулық - басты бағыт Облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Достық үйінде «Ұлтаралық және дінаралық келісім – бейбітшілік кепілі» тақыбырында дөңгелек үстел өтті. Шараға «Қоғамдық келісім» КММ-сі директорының орынбасары Рахима Ахметова, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Ерсұлтан Есов, «Нұр» мешітінің бас имамы Марат Үркінбаев, «Шымкент епархиясы Қызылорда қаласы Қазан Құдай Ана Иконасы» храмының иподьяконы Виктор Перехватов және аймақтағы этно-мәдени және діни бірлестіктер жетекшілері қатысып, еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардың тиімді тұстарын сөз етті.

«Достықтың арнасы кең, тамыры терең» дейді халқымыз. Біздің облысымызда тамырын тереңнен тартқан достық қазіргі таңда одан әрі нығая түсуде. Оны 30-дан аса ұлт өкілдері мекен ететін аймағымыздың бүгінгі бейбіт өмірінен-ақ байқауға болады» – деді жиында «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Р.Ахметова.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Е.Есов жиналғандарға ұлттар мен ұлыстардың бірлігі маңызды екенін айта келе, осы келісімді одан әрі нығайта түсуге шақырды. «Қазір елімізде 18 конфессия тіркелсе, облыста 6 конфессияға жататын 180-нен астам діни ғибадатхана бар. Олардың басым бөлігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер, 15-і христиандық бағыттағы діни бірлестіктер мен олардың филиалдары. Сіздерді тәуелсіз еліміздің ұлтаралық келісімін одан әрі дамытуға, жерімізде тыныштық пен достықтың туын мәңгі желбіретуге үлес қосуға шақырамын» деді бөлім басшысы өз сөзінде.

Шара этно-мәдени және діни бірлестік жетекшілерінің пікір сөзімен қорытындыланды. Жиналғандар бірауыздан берекелі елдің мамыражай бейбітшілігін баянды етуге күш салатындықтарын білдірді.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙ,

Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының

Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<