Допинг дауынан кейін спортқа оралған Илья Ильин жоспарларымен бөлісті

342

0

Допинг дауынан кейін спортқа оралған Илья Ильин жоспарларымен бөлісті Қазақстандық ауыр атлет, әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин өзінің алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
«Болашақ жоспарларым туралы айтып өткім келеді. Қазіргі дене қалпымның күйі жаман емес. Салмағым – 101-103 келі аралығында. Біз салмақ категорияларын күтіп отырмыз. Яғни, бір айдан кейін әлемдік ауыр атлетикада қандай салмақта өнер көрсететінім белгілі болады», – дейді спортшы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Спортшы қазіргі уақытта салмақты не өсіріп, не кемітіп алмауды бақылап жүрген көрінеді.
«Жұмада жұлқи көтеруде 172 келіні, серпе көтеруде 212 келілік көрсеткішті көрсеттім. Қазіргі кезеңде жағдай жақсы. Бапкерімнің маған көңілі толып отыр. Әлбетте, 22 жылдық спорттық мансабым болғандықтан, аяққа салмақ түсіп, жарақат алып қалатын кездерім бар. Бұл әлбетте қалыпты нәрсе. Бірақ, жалпы менің ойымша, жағдайым 90 пайызға жақсы. Ары қарай жақсара береді деген ойдамын», – дейді ол. Ильиннің айтуына қарағанда, қыркүйек айында Қазақстан чемпионаты болады.
«Мен сонда өнер көрсетуге бел буып отырмын. Бәріне де шарт бірдей: барлығымыз Қазақстан чемпионатынан өтіп, Әлем чемпионатына баруымыз керек. Сол сындарды бағындырсақ, Токио Олимпиадасына лицензияны аламыз. Әзірге мақсатым – Қазақстан чемпионатын ұту. Толық дайынмын. Жеңісті қалаймын. Маған тек жеңіс керек», – деді Илья Ильин.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<