Құдіретті өнердегі Қожықовтар қолтаңбасы

647

0

Құдіретті өнердегі Қожықовтар қолтаңбасы Қызылордада  Қазақстанның алғашқы театр суретшісі, халық шебері Ләтипа Қожықованың 125 жылдығына арналған шаралар  көркемсурет галереясында «Қожықовтар қолтаңбасы» көрмесінен бастау алды. 

Көрменің ашылуына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласынан Ләтипа Қожықованың немересі Сәуле Құлахметқызы және өнер иесінің әріптестері мен шығармашылығын зерттеуші ғалымдар қатысты.

Аймақ басшысы киелі Сыр топырағынан түлеген Қожықовтар династиясының қазақ өнеріне сіңірген еңбегі мен қалдырған қолтаң­басы  туралы айтты.  Ләтипа Қожықованың жары, әулеттің басшысы, Қоңырқожа Қожықов­тың  «қырғыз» аталып келген ұлттың «қазақ» деген тарихи әрі нақты атауын қалпына кел­тірудегі, Ақмешітке Қызылорда деген атау берудегі еңбегіне, айтулы съезд өткен Қазақ атқару комитеті үйінің үлгісімен сол жағалауда жаңа ғимарат салынып жатқанына тоқталды. Астананың 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығы аясында атқарылатын шаралардың бірқатарын атап өтті.

– Қазақты әлемге қазақ ретінде танытқан екі дүние бар. Оның бірі – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы болса, екіншісі, қазақ кино өнерінің тарихында алтын әріппен жазылған, әлемнің 80-ге жуық елінде көрсетіліп, бағасын алған «Қыз Жібек» фильмі. Оның режиссері, тектінің тұяғы Сұлтанахмет Қожықов екені бәрімізге аян. Әулеттің анасы, сән және қолданбалы өнер шебері Ләтипа Қожықованың қазақ  қолөнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары мемлекеттік тапсырыспен Ләтипа Мұңайтпасқызы тіккен қазақтың ұлттық киімдері Ф.Рузвельтке сыйға тартылып, қазір АҚШ-тағы Рузвельт музейінде сақтаулы. Сондай-ақ, ежелгі қазақ қолөнері дәстүрінде тоқылған сәндік бұйымдары мен ұлттық киім үлгілерін Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінен көруге болады, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі жиналғандарға тағы бір қызықты деректі – 1926 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы Қызылордада тұң­ғыш Бүкілқазақстандық республикалық көрме өткенін, Қазақстан суретшілерінің тұң­ғыш көшпелі көрмесі де 1928 жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылғанын  айтты.  Көр­меге қойылған суреттерді республи­камыздың бір қаласынан екіншісіне түйемен тасыған. Бұл – рухани жетістікке, өнерге деген талпыныстың көрінісі.

Салтанатты рәсімде Сәуле Құлахметқызы әулет жайлы естеліктерімен бөлісіп, туған жерде ұйымдастырылған шара үшін алғысын білдірді. Одан кейін қонақтар галереядағы Ләтипа Қожықованың үлгісімен тігілген театр костюмдерімен, ою-өрнектермен танысты. Деректерге қарағанда, оның қолынан 1000-ға жуық киім, 100-ден аса өрнек үлгілері  шыққан. Мәскеуде 1936 жылы өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан артистердің костюмдерін Ләтипа Қожықова тіккен. Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне арналып жасалған киіз үй де орындаушылық шеберлігімен көз тартқан.

Көрмеге қазақ бейнелеу өнеріндегі графика жанрын қалыптастырушысы Қожахмет Қожықовтың «Алқызыл моншақты келіншек», «Кешқұрым», «Жайлауда» сияқты картиналары, «Аяз би» иллюстрациясы, «По плану маршала» карикатурасы, тағы басқа туындылары қойылған. Ал қазақтың тұңғыш театр және кино суретшісі Құлахмет Қожықовтың «Гаухартас» фильмінің кейіпкерлеріне, «Еңлік-Кебектегі» Кебекке жасаған костюмдерінің эскизі, «Біз Жетісуданбыз», «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдеріне жасаған декорациялары, Ұлы Абай бейнеленген картиналары көпшілік қызығушылығын тудырды.

Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейімен бірлесіп ұйымдастырылған көрме 15 мамырға дейін жұмыс істейді.

* * *

Түс ауа А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Ләтипа Қожықова және қазақтың ұлттық сурет өнері» атты  ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жүргізді.

Ләтипа Қожықованың әкесі атақты Мұңайтпас болыс пен оның балаларының қазақ тарихындағы орны туралы соңғы кезде жиі айтылып жүр. Жиында сөз алған Сәуле Қожықова осы Лапиндер әулеті және атасы Қоңырқожа туралы толымды мәліметтер, тарихи суреттер ұсынды. Екі әулет тағдырының тоғысуы, төңкеріске дейінгі жылдардағы жаңа үлгідегі мектептің ашылуы, оған Мұңайтпас болыстың қосқан үлесі туралы айтты.

Сол кездегі қазақ ұлтының интеллегенциясы түрлі қызметтер атқара жүріп, Ташкентте ашылған КирИнПрос, яғни Қырғыз халық ағарту институтында сабақ берді. Мәселен, Қожырқожа гуманитарлық пәндерді, Мұхамеджан Тынышбаев математика мен нақты ғылымдарды үйретті. Бос уақытта олардың әйелдері мен институт тыңдаушылары көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, «Біржан-Сараны» сахналады.

Ләтипаның әкесі Мұңайтпас  болыстың 19 баласы болған. Болыс балаларының, қыздарының жаңа үлгідегі білім алуына ерекше мән берген. Бір деректерде 13 баласын оқытқан дейді. Олардың ішінде Серәлі Лапиннің есімі жұртшылыққа етене таныс. Ол Санкт-Петербург университетін бітірген заңгер. Сөздіктер шығарып, Шердор медресесін Жалаңтөс баһадүр салдырғанын анықтап, ондағы ескі жазуларды оқыған. С.Қожықова Мұңайтпастан тараған балалары – Әбдірахман, Сейдалы, Жағыпардың, Серәлінің қызы Рабиғаның әрісі Германияда, берісі Ресей қалаларында білім алғанын, жауапты қызметтер атқарғанын айтты. 

Конференцияда Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің аға ғылыми қызметкері Гүлнар Жұбаниязова Ләтипа Қожықованың  қолынан шыққан ою-өрнектердің сақталуы мен зерттелуі туралы баяндады. Бұл ою-өрнектердің тек киіз үй жабдықтарына арналмағаны анықталды. Олар сахналық киімдер мен декорацияларға да пайдаланылған.

Өнертанушы ғалым Жамбыл Нәтбаев Қожықовтар әулетінің қазақ бейнелеу, театр өнеріне, қолөнер саласының дамуына қосқан үлесін айтты. Оған қоса қолөнер музейін ашу туралы ұсынысын жеткізді. Өйткені ел ішінде әлі де сақталып қалған қолөнер туындыларын бір орталыққа жинап, олардың жасалу әдісін үйрету арқылы тарихты жаңғыртуға болады.

Қазір Қызылордада Қазақ дәстүрлі өнер академиясын ашу туралы ұсыныс қаралуда. Ол жерде көркемөнердің әр саласы бойынша мамандар даярланбақ. Бұл дәстүрлі өнерімізді ұлықтайтын, насихаттайтын оқу орны болады.

Конференцияда Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ докторанты Хакан Ас қожықовтануда қолға алынған бастамаларды жария етті. Ал алаштанушы ғалым Хазретәлі Тұрсын ХХ ғасыр басындағы ұлттық элитаның арасындағы Қоңырқожа Қожықовтың орны туралы баяндама жасады. Алашорданың оңтүстік қанаты туралы зерттеу еңбек жазған профессор  өз баяндамасына қазақ жерін біріктіру идеясын қозғаған тұлғалардың ұстанымдарын, тағылымын арқау етті.

Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің оқытушысы, доцент Алдажар Әбілов бүгінгі Сыр өңірі мәдениеті мен руханиятын дамытуда қолға алынған бастамалар мен атқарылған істерді айта келіп, конференцияның маңызына  тоқталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы іске асырылып, қасиетті орындар анықталды. Жалпыұлттық және өңірлік маңызы бар ескерткіштер белгіленді. Ежелгі қалаларда археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі фестивальдер ұйымдастырылды.

Сыр өңірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасына дайындықпен келді. Мәселен 2014 жылы көркемсурет галереясы ашылды. Бүгінгі жиынның өзі – осы бағдарламаны іске асырудың бір тармағы. Баяндамашы Сырдағы сурет өнерінің шежіресін жасауда әлі де атқарылар жұмыстардың ауқымы зор екенін айтты.

Қожықовтар әулетіне қатысты әртүрлі деректер айтылып жүр. Бірақ тарихқа қиянат жасауға болмайды. Архив құжаттарында 1903 жылы Перовск уезінің Кеңтүп болысына қарасты «Хан ағашы» деген жерде ең бірінші орысша мектеп ашылғаны жазылған. Лапиндер әулетінің Ресейдің қалаларында білім алуына осы мектептің пайдасы тиді. Қоңырқожа Қожықов 1905 жылы осы мектепке мұғалім болып келген. Кейін бұл мектеп төрт ауылдың ортасына көшіріліп, қасынан интернат ашылды. Осыған қарап қазақ даласындағы мектептер жанынан интернат ашу, қазақ әліпбиімен оқыту тарихы Сыр өңірінен бастау алды деп тұжырым жасауға болады.

Конференциядан соң белгілі режиссер Болатхан Нүсіпбековтің Қожықовтар әулетінің өмірі мен шығармашылығына арналған «Тарлан» деректі фильмінің тұсауы кесілді.

* * *

Күнілгері осы ауқымды жиынға қатысушылар мен Сәуле Қожықова  бабаларының атақонысы – Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылында болған еді. Қонақтар алдымен Ләтипаның әкесі Мұңайтпас пен оның балалары жерленген орынға қойылған белгінің басына барып, зиярат етті. Құлпытастың жоғары жағы төте жазумен, төменгі тұсы кириллицамен жазылған. Онда: «Руы Қалқаман Сумұрын. Мұңайтпас Лапы баласы. Қасында інісі Сейітқан да бар және балалары Әлиакбар, Жағыпар бар. Әйелі де осы жайда. 1966 жыл. Балдарынан және келіні Хадишадан ескерткіш» делінген.   

Одан кейін ауыл клубында өткен жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс, өлкетанушы Жұмабай Әубәкір, профессор Хазретәлі Тұрсын, өнертанушы Ерлан Төлеутай, тағы басқа азаматтар ел мен жер тарихы, Қожықовтар мен Лапиндер әулетінің тағдыры, қазақ өнеріне сіңірген еңбегі туралы тағылымды әңгіме айтты. Мектеп оқушылары да осы тақырыптарды арқау еткен ізденістерін көпшілікпен бөлісті.

Екі күнге созылған қазақ өнеріндегі Қожықовтар қолтаңбасына арналған шаралар тарихтың тағылымын ұқтырып, тұлғатанудағы кейбір мәселелердің әлі де қолға алыну керектігін айқындап берді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

Бағдат Есжанов (сурет).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<