«ДУМАН-ШИЕЛІ» – ӘРІПТЕСТІКТІҢ АЙҚЫН ДӘЛЕЛІ

1261

0

«ДУМАН-ШИЕЛІ» - ӘРІПТЕСТІКТІҢ АЙҚЫН ДӘЛЕЛІ  «Қатарың болмаса, тойға барма» дейтін халқымыз, қарттық шақта жалғыз, елеусіз қалуды әсте жөн көрмейді. Әсіресе, зейнет жасына келіп, қызметтен босаған уақытта «үй күзетшісіне» айналып, таңертеңнен кешке дейін бірі оқуға, бірі жұмысқа кеткен балалардың жолына қарап отыру олар үшін ауыр болары белгілі.

Осындайда көңілін бөлетін ісі не болмаса пікірлесетін адамның болғанына не жет­сін?! Алайда, шиелілік ардагерлер үшін бұл мәселенің шешімі табылған.  Аудан ор­та­­лығында осы жылдың ба­сын­да ашылған  «Думан-Шиелі» арнаулы әлеуметтік қыз­меттер көрсету орталығы бұл күнде зейнеткерлердің  демалумен қатар ем алатын, әр күні қызықты өтетін ыстық мекенге айналған. Екі қабаттан тұратын ғимараттың ауласына бас сұққаннан тазалықты, ұқыптылықты байқау қиын емес. Ішке кіргенде тіпті тамаша. Қызмет алушылардың бір тобы демалыс бөлмелеріне бара жатса, енді бір тобы емдік дене шынықтыру залына қарай кетіп бет түзеп келетіні. Не керек, қара-құра адам, абыр-сабыр тіршілік. Бәрі жарасымды.

Бізді орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстырып жүр­ген директордың орын­ба­сары Света Жолдасова бұл орталық мемлекеттік-жекемен­шік әріптестік аясында  пилоттық жоба ретінде республика бойынша Шиелі ауданында алғаш болып жүзе­ге асырылғанын жеткізді. Мақсат – зейнеткерлердің жал­ғыз­дықты сезінбей, ортамен, қоғаммен араласуын қамтамасыз ету, оларға әлеуметік-психологиялық қыз­мет көрсету. Бұл жерде сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға да, оның ішінде, туа бітті сал ауруына шалдыққандарға қызмет көрсетіледі.

– Зейнет жасына келіп, дем­алысқа шыққан кезде көп жағдайда адам өзін тысқары қалғандай сезінетіні рас. Оның үстіне үйде жалғыз қалатын болса, тіпті қиын. Міне, біздің орталықтың басты мақсаты – зейнеткерлерге жалғыздықты сезінбеуге жағдай жасау, олардың ортамен, қоғаммен байланысын үзбеуге ықпал ету әрі әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету және туа бітті сал ауруына шалдыққан балаларды да қамту, – дейді Света Ілиясқызы.
Мұнда келушілерге үш мезгіл тамақ беріледі. Сондай-ақ, үлкен кісілерге таңертеңгі 9-дан кешкі 17-ге дейін жеті түрлі, ал балаларға сегіз түрлі қызмет көрсетіледі екен. Мәселен, келушілер арнайы психолог маманынан көмек ала алады және емдік дене шынықтыру залында түрлі жаттығулар жасап, саламатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алса, арнайы массаж бөлмесі де қариялар үшін жасақталған. Ем алып жүргендері болса дәрі-дәрмегін әкеліп, сол жерден қабылдай алады. Қызмет алушылар арнайы жолдама арқылы келеді және бір айдан алты айға дейін бола алады. Мамандардың айтуынша, алғашқыда келушілер аз болса, қазір кезек күтеді. Жыл басынан бері 303 келуші қызмет алған.
«ДУМАН-ШИЕЛІ» - ӘРІПТЕСТІКТІҢ АЙҚЫН ДӘЛЕЛІ Балаларға арналған қа­батта үш топ жұмыс жасайды. Әр топта ойын, жатын бөлмесі бар. Сонымен бірге емдік денешынықтыру, музыка бөлмелері бар. Бассейн де салынған. Педиатр дәрігерлер Гүлғаныш Аманжолова, Мәдина Қоянбаева күнделікті балалардың дене қызуын, жалпы жағдайын тексеріп отырса, логопед маманы Диана Мейрамханқызы жаттығулар, бет бұлшық еттеріне, тілге, ерінге массаж жасайды. Сондай-ақ, психолог маманы күнделікті психикалық жай-күйін зерттеп отырады. Ал, емдік дене шынықтыру маманы тірек-қимыл қозғалысыы бұзылған балаларға дене, аяқ жаттығуларын арнайы құралдармен жасайды.
Ардагерлерге арналған екін­ші қабатында да қызмет алушылар үшін барлық жағдай бар. Дәрігерлер бөлмесі, емдік денешынықтыру залы, мәдени іс-шаралар залы, массаж, психолог кабинеттері, жатын бөлмелер бәрі-бәрі қариялар үшін барынша жақсы үлгіде жасақталған.
Біз сөзге тартқан қызмет алушылардың барлығы орталық қызметіне дән риза екендерін айтып жатты.
– 2009 жылдан бері зейнет­кермін. Медицина саласында еңбек еттім. Биылдан бастап кентте осы  орталық ашылып, мен секілді ардагерлерге жақсы болып қалды. Біз бұл жерді санаторий деп айтамыз. Шынында санаторийден еш кем емес. Өте жайлы, қызметтері де көңіл қуантады. Өзіміз секілді зейнеткерлердің басы қосылып, уақытты тиімді өткізіп жатырмыз. Іскер азаматтарға алғысымыз шексіз,– деген Мария Шаяхметованың сөзін  іліп ала жөнелген Шәмшия Ахметова да ризашылығын білдіріп, аналық ақ тілегін арнап жатты.
Келушілер демалумен қатар, түрлі мәдени шаралар өткізуге де атсалысады екен. Сонымен бірге қолөнермен де айналысуға мүмкіндік бар. Неше түрлі бұйымдардан арнайы бұрыш жасап та қойыпты.
– Алдағы уақытта Жаңа­қор­ған­ның шипалы балшығынан әкеліп, осында ем жасауға мүм­кіндік алсақ деп отырмыз.  Ал балаларға арнап иппотерапия, яғни, атпен емдеуді қолға алу жос­парда тұр,– дейді Света Ілиясқызы.
Арада жыл айналмай зейнет­керлердің думанды ортасына айналып үлгерген «Думан-Шиелі» қызметіне біз де табыс тілеп, көтеріңкі көңілде шықтық.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
 Қызылорда- Шиелі-Қызылорда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<