Дәурен Абаев Байқоңыр жайлы: Қазақстан ғарышының даңқты парақтары әлі алда

350

0

 Дәурен Абаев Байқоңыр жайлы: Қазақстан ғарышының даңқты парақтары әлі алдаҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Союз ФГ» зымырантасығышының апатқа ұшырауы мен жалпы Байқоңыр ғарыш айлағының Қазақстанға пайдасы туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, Төтенше жағдайлар комитеті мен ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қоғамға жедел түрде осы оқиға туралы ақпарат бергенін айта кету керек. Жағармайдың негізгі салмағы менің білуімше,  47-48 шақырым биіктікте жанып кеткен. Жерге тек сұйықтықтың қалдығы түскен. Бұл жерде негізінен керосин туралы айтылып отыр. Анықталғанындай, заттектің рұқсат етілген концентрациясының артып кету жағдайы жоқ. Радиациялық ахуал да қалыпты. Менің білуімше, топыраққа лабораториялық зерттеу жүргізілуде. Мұның бәрі де халыққа жарияланатын болады», – деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Бағдарламаны жүргізіп отырған тілші Байқоңырдың пайдасы республикамыздың мүддесіне қаншалықты жұмыс істеп жатқаны туралы ел ішіндегі күдікке толы әңгімеге қатысты министрдің пікірін сұрады.

«Білесіз бе, Байқоңырдан бас тарту – Қазақстан үшін үлкен стратегиялық қателік болар еді. Бұл жерде бірнеше себеп бар. Мен ресейлік тарап жыл сайын жалға алғаны үшін төлейтін төлемді есепке алып, оның бас пайда ретінде айтып отырған жоқпын. Бұл – 40 млрд теңге шамасындағы сома. Ол – ең маңызды фактор емес. Байқоңырдың арқасында жаһандық ғарыш индустриясында жетекші технологияларға ие болып отырмыз. Бүгінгі таңда Қазақстан спутнигі бар жер жаһандағы 37 мемлекеттің бірі болып отыр. Спутниктік мәліметтер негізінде көп саланың цифрландырылуы жүзеге асырылады», – деді Дәурен Абаев.

Министр өз сөзінде атап айтқанда, геодезия, ауыл шаруашылығы цифрландырылып, осы жұмыстың бәрі Байқоңырда атқарылып  жатқанын айта кетті.

«Біз Байқоңыр өзіміздің ұлттық игілігі екенін ұмытпауымыз керек. Тоқсаныншы жылдары шынында да Байқоңырды жауып тастау керек пе деген мәселе де көтерілген. Алайда Мемлекет басшысы Байқоңырды сақтай отырып, барынша табысты түрде қолдануға барын салды.

 Сөз соңында айтарым, Байқоңыр – бүкіл әлемге белгілі бренд. Байқоңырдың арқасында Қазақстан ғарышының даңқты парақтары әлі де алда деген үміттемін», – деді Дәурен Абаев.

Естеріңізге сала кетейік, 11 қазанда 14 сағат 40 минут 15 секундта Байқоңыр ғарыш айлағының Гагарин старт алаңынан орбитаға басқарылатын көліктік «Союз МС-10» кемесін алып шығуы тиіс «Союз ФГ» зымырантасығышы ұшырылды. Бірақ старт берілген соң бірнеше минуттан кейін Роскосмос сайтындағы тікелей көрсетілім үзіліп, диктор «зымырантасығыштың апатқа ұшырағанын» хабарлаған еді.

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<