Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адхан Гебрейесус барлық елдерде вакцина бөлудегі теңсіздік жойылғанда 2022 жылы пандемияны жеңуге болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Өзінің жаңа мәлімдемесінде Гебрейесус омикронның пайда болу себебін «ұлтшылдық пен кей мемлекеттер үшін шамадан тыс вакцина қорын жасаумен» байланыстырды. ДДСҰ бұған дейін кей бай елдерде тұрғындарға вакцинаның бустерлі дозасын салуды ұсынып жатқанын сынаған еді. Олардың сөзінше, кей мемлекет тұрғындары екпенің бірінші дозасын да алмаған. ДДСҰ басшысы мұны омикронның пайда болуына әсер етті деді.
«Әділдік принципі әрі қарай да бұзыла берсе, біз алдын ала алмайтын өзгерістер орын алуы мүмкін», – деп түсіндірді Гебрейесус.
Мамандар вирустың жаңа мутациясы түрлі елдерде жұқтыру дерегі көбейгенде пайда болатынын мәлімдеген. Омикрон штамынан кейін әлемде вирус жұқтырғандар саны бірден өскен. Бірақ алдын ала деректер бойынша бұл штамм вирус жұқтырғандарда жеңіл өтеді және ауруханаға түскендер саны әлдеқайда аз.
Бұған қарамастан көптеген елдердің басшылары ауырғандар санының артуы мен жұмысшыларды карантинге жіберуі мемлекеттік қызмет пен жеке кәсіптерде жұмыс барысының бұзылуына әкеп соққанын айтты. Соңғы күндері омикрон салдарынан әлем бойынша мыңға жуық әуе рейстері кейінге қалдырылды.
Гебрейесус айтып өткендей, 3 жыл пандемия кезінде ковидтен қорғанудың түрлі жолдары пайда болды. Соның ішінде 8,5 млрд екпе жасалып, миллиондаған адамның өмірі құтқарылған.
«Қазір, пандемия басталған уақыттан үш жыл өткен соң, 2022 жылы вирусты жеңіп, барлығы аяқталатынын айтқым келеді, бірақ мұны барлығымыз бірге жасауымыз керек. Егер әділетсіздікті жойсақ, пандемияны тоқтата аламыз», – деп мәлімдеді ДДСҰ басшысы.
Джон Хопкинс университетінің мәліметінше, әлем бойынша вирус жұқтырудың 288,3 млн дерегі тіркелген. Өкінішке орай 5,4 миллион адам көз жұмды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<