Егінді әртараптандыру – ерекше маңызға ие

855

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалық етуімен өткен селекторлық мәжіліс «Су тапшылығы жағдайында егін шаруашылығын әртараптандыру» мәселесіне арналды.

Уақыт өткен сайын аграрлық саланың ел экономикасындағы маңызы артып келеді. Аймақ басшысы өңірдің ерекшелігіне байланысты суармалы жер мәселесі қашанда өзекті екеніне назар аударды.

– Аймақтың инженерлік жүйеге келтірілген егін алқаптары алтын қор саналады. Жалпы облыста 236 мың гектар суармалы жердің 178 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген. Жыл сайын 180 мың гектардың үстінде ауыл шаруашылық дақылдары егіледі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында салада оң нәтижелер қалыптасып отыр. Биылғы жылдың 10 айында ауыл­шаруашылығының жалпы өнім өндірісі 128,5 млрд теңгеге жетті. Салаға тартылған инвестиция 10,6 млрд теңгені құрап, 1,9 есеге, тамақ өнімдерін өндіру саласына тартылған инвестиция 1,2 млрд теңгеге жетіп, 1,6%-ке өсті, – деді облыс әкімі. Алайда, аймақ басшысы атап өткендей, кейінгі жылдары су тапшылығы айқын сезіліп отыр. Ендігі жерде егінді әртараптандырудың маңызы зор. Бұл ретте күріштің көлемін тұрақтандырып, оның өнімділігін арттыруға және суды үнемдеуге мүмкіндік беретін басқа дақылдар көлемін ұлғайту міндеті тұр.

Егінді жаңбырлатып, тамшылатып суару және аквагельді пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге ерекше  назар аудару қажет. Мәселен, Жаңақорған ауданында «Orbis Aqro» компаниясы 3 мың гектар жерде тамшылатып суару арқылы қызанақ, Шиелі ауданында «Тың Өріс» компаниясы 10 мың гектар алқапқа  жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа, Қазалы ауданында «Рза-Агро» серіктестігі 87 гектарға жаңбырлатып суарумен жүгері егуді қолға алды.

Селекторлық байланысқа  шыққан «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айдын Төреханов Сыр өңіріндегі агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми қолдау бола беретініне сендірді. Ал мәжілісте хабарлама жасаған О.Оспанов атындағы Қазақ топырақ тану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты басшысының міндетін атқарушы Бейбіт Сүлейменов облыстың суармалы жерлерінің деградациясы және оларды төмендету жайлы айтып берді. Ол топырақ құрамында фосфор қорының мол болуы бағытында жұмыстар жүргізу керектігіне назар аударды.

Көкөніс және бақша дақылдарының өнімділігін арттыруда жоғары сорттарын өндіріске енгізу туралы Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өкілі Сымбат Сағындықова баяндады. Ғалым пайдаланып жүрген тұқымның 80%-і көршілес мемлекеттерден келетінін, оңтүстік облыстардың өзінде тұқым шаруашылықтары жоқ екенін айтты.  Институт бұл бағытта жұмыс жүр­гізіп келеді.

Микробиология жəне вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Аманкелді Саданов құнары төмен тұзды топырақты биологиялық жолмен құнарлығын арттыру және мал шаруашылығын жоғары сапалы жем-шөп қорымен қамтамасыз ету жөнінде ойын ортаға салды.

Ғалым атап өткеніндей, қазіргі уақытта күрделі мәселелердің бірі – Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы суармалы жерлердің екінші рет тұздануы мен қарашірік мөлшерінің едәуір азаюы.  Осыған орай, соңғы уақытта топырақтың экологиялық жағдайын жақсартудың және екінші рет тұзданған топырақты қалпына келтірудің бірден-бір тәсілі ретінде – кешенді түрде жергілікті тұзға төзімді өсімдіктерді пайдалану іске асырылуда. Мұнда түйежоңышқаның болашағы зор.

Күріш алқаптарын ғарыштан бақылау – ең тиімді тәсіл. Бұл туралы Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен және технологиялар орталығының зертхана меңгерушісі Нұрлан Бекмұхамедов айтып берді. Ол облыстағы күріш алқаптары және оның жағдайына мониторинг жүргізу фермерлер үшін тиімділігі мол болатынын жеткізді.

Мәжілісте облыстық ауыл шаруа­шылық басқармасының басшысы Шахмар­дан Қойшыбаев хабарлама жаса­ды. Келер жылға егін орналастыру сызбасы су шаруашылығы мекемелерімен келісіп жасалып, ауыспалы егіс тәртібін сақтау негізгі басымдыққа ие болып отыр. Сызбаға сай барлық егін көлемін 187,3 мың гектардан асырмау межеленсе, күріш алқабының көлемі 85,7 мың гектар болмақ. Ал майлы дақылдар биылғы көрсеткішпен салыстырғанда 888 гектарға, мал азығындық дақылдар 4,6 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақшалық дақылдары 476 гектарға артып отыр. Ұлттық ғарыштық зерттеулер орталығы арқылы егінге мониторинг жүргізіліп, бекітілген су пайдалану лимитіне сәйкес келесі жыл егініне 4,2 млрд текше метр су қарастырылған.

Мәжілісте Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков егінді  әртараптандыруда күріштің көлемі келер жылы 2,8%-ке қысқарып, оның орнына басқа дақылдар егілетінін хабарлады. Облыс әкімі бұл жұмыстарды әлі де пысықтау жөнінде  тапсырма берді.

Сондай-ақ кейінгі тәсілмен көпжылдық жеміс ағаштарын отырғызу туралы «Жан Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Мақашов, қарқынды алма бақтары үшін көшет дайындау туралы «Сыр табиғаты» ЖШС директоры  Амантай Сарбасов, қауынның жаңа сорттарын қалпына келтіру туралы «Жас Агро» ЖК басшысы Самалбек Қосанов, алма бағын өсіру туралы «Ер-Әлі» ЖҚ директоры Әліби Бекжанов әңгімелеп берді.

Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы су тапшылығы жағдайында әртараптандыруды жүргізу үшін егіншілік мәдениетіне ғылымның озық жетістіктерін енгізуді тапсырды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<